26.03.2026
11:12
852

Айыппұл адамдар үшін жаза емес, «проездной абонементке» айналып кеткен - сенатор

Алматы қаласында соңғы күндері болған жол-көлік оқиғалары қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Әсіресе Әл-Фараби даңғылында орын алған екі бірдей қайғылы жағдай – жол қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты өзекті әрі күрделі екенін айқын көрсетті.

25 наурыз күні кешкі уақытта Mitsubishi Delica көлігі жолды кесіп өтпек болған әйелді қағып кеткен. Оқиға орнында көз жұмған жәбірленуші – тағы бір статистика ғана емес, бұл – бір отбасының қайғысы, қоғамның ортақ қасіреті. Ал бұдан бірнеше күн бұрын, 21 наурызға қараған түні, Zeekr электромобилі жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан үш адам – жүргізуші мен екі жас жолаушы қаза тапты. Бұл апаттың басты себептерінің бірі – шамадан тыс жылдамдық пен жауапсыздық.

Сарапшылардың пікірінше, Алматыдағы жол-көлік оқиғаларының көбеюі кездейсоқ емес. Көлік қауіпсіздігі бойынша мамандардың айтуынша, қалада жол қозғалысын бақылау жүйесі жеткілікті болғанымен, оның тиімділігі төмен. Камералар мен айыппұлдар бар, бірақ олар барлық жүргізушілерге бірдей әсер етпейді. Кейбір адамдар үшін айыппұл – жаза емес, жай ғана қаржылық шығын. Әсіресе қалтасы көтеретін жүргізушілер үшін бұл жүйе тосқауыл бола алмай отыр.

Урбанистика саласының сарапшылары да мәселенің бір қырына назар аударады. Олардың айтуынша, Алматыдағы ірі даңғылдар, соның ішінде ӘЛ-Фараби, көлік қозғалысына ыңғайланып жасалған. Яғни жол инфрақұрылымы жүргізушілердің жылдам жүруіне мүмкіндік береді, бірақ жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмеген. Қала ішінде орналасқан мұндай даңғылдарда жылдамдықты шектеу тек белгілермен ғана емес, жолдың құрылымымен де жүзеге асуы тиіс.

Психологтар болса, мәселенің түп-тамыры адам мінез-құлқында екенін айтады. Олардың пікірінше, кейбір жүргізушілер жолда өзін ерекше мәртебеге ие адам ретінде сезінеді. Жоғары жылдамдықпен жүру, ережені елемеу – кей жағдайда «бедел» немесе «еркіндік» ретінде қабылданады. Бұл – қауіпті әрі қалыптасқан қате түсінік. Мұндай көзқарас тек жүргізушінің өзіне емес, айналасындағы барлық адамдарға қауіп төндіреді.

Заңнамалық тұрғыдан алғанда, Қазақстанда жол-көлік оқиғаларына қатысты жаза жеткілікті қатаң. Адам өліміне әкелген апаттар үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда бұл шаралар көбіне оқиға болғаннан кейін ғана қолданылады. Ал алдын алу, яғни құқық бұзушылықтың алдын кесу мәселесі әлі де әлсіз.

Сенатор Жанна Асанова көтерген мәселе де осыны дәлелдейді. Оның айтуынша, Алматыда кейбір жүргізушілер жылына ондаған, тіпті жүздеген рет жол ережесін бұзады. Мұндай жағдайда айыппұл өзінің тәрбиелік мәнін жоғалтады. Яғни жүйе тек жазалап қана қоймай, жүйелі түрде тәртіп бұзатын адамдарды анықтап, оларға қатысты қатаң шара қолдануы тиіс.

Айыппұл адамдар үшін жаза емес, «проездной абонементке» айналып кеткен. Егер адамда оны төлеуге мүмкіндік болса, ол оны жай ғана шығын ретінде қабылдайды. Бірақ жол ортақ, ол ешкім үшін «ақылы түрде бұзуға болатын» кеңістік болмауы керек,- дейді депутат.

Сенатор сондай-ақ жүйелі түрде ереже бұзатын жүргізушілерге қатысты қатаң шаралар қажет екенін атап өтті:

Егер адам күн сайын дерлік жол ережесін бұзса, онда сұрақ туындайды: оның көлік жүргізуге құқығы бар ма? Мұндай жағдайда мемлекет тек айыппұлмен шектелмей, құқықтан айыру, қайта емтихан тапсыру сияқты нақты шараларға көшуі тиіс, - дейді Жанна Асанова.

Сонымен қатар, ол мас күйінде көлік жүргізуге қатысты өте қатаң позиция ұстанатынын жеткізді:

Мас күйінде рөлге отыру – бұл кездейсоқтық емес, бұл саналы шешім. Демек, бұл – алдын ала жасалған қауіп. Мұндай әрекетке ешқандай жеңілдік болмауы керек, - дейді ол.

Заңнамалық тұрғыдан алғанда, Қазақстанда жол-көлік оқиғаларына қатысты жаза жеткілікті қатаң. Адам өліміне әкелген апаттар үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда бұл шаралар көбіне оқиға болғаннан кейін ғана қолданылады.

Осы тұрғыдан алғанда, сарапшылар бірнеше нақты ұсыныс айтады. Біріншіден, жиі құқық бұзатын жүргізушілерге қатысты жеке бақылау енгізу қажет. Мұндай адамдарға айыппұл салумен шектелмей, жүргізуші куәлігін уақытша тоқтату немесе қайта емтихан тапсыру сияқты шаралар қолданылуы тиіс. Екіншіден, жол инфрақұрылымын қайта қарау керек. Қала ішіндегі ірі даңғылдарда жылдамдықты физикалық тұрғыда шектеу – қауіпсіздікті арттырудың тиімді жолы. Үшіншіден, қоғамда жол мәдениетін қалыптастыру маңызды. Бұл тек заңмен емес, тәрбие мен қоғамдық көзқарас арқылы жүзеге асады.

Осы ретте Алматыда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, қауіпті жүргізу және түнгі жарыстардың көбеюіне байланысты полиция жолдардағы бақылауды күшейтті. Соңғы үш күнде қалада 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталғанын

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, профилактикалық шаралар жергілікті және нүктелік түрде жүргізілуде. Негізгі мақсат – мегаполис жолдарындағы ең қауіпті құқықбұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесу.

Полиция деректеріне сәйкес, үш күн ішінде мас күйінде немесе есірткі әсерімен көлік басқарған 43 жүргізуші ұсталған. Олардың барлығы көлік жүргізу құқығынан шеттетілді.

Сонымен қатар, тағы 369 адам қажетті құжаттарсыз көлік тізгіндеген. 94 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Құқық қорғау органдары жылдамдықты арттыруға да ерекше назар аударуда. Соңғы күндері Алматыда осындай 2 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген.