13.08.2025
16:45
1015
Айына жарты миллион теңге табатын жас шеф-кондитер құпиясымен бөлісті

Айына жарты миллион теңге табатын жас шеф-кондитер құпиясымен бөлісті

Кондитерлік өнерді шебер меңгерген Кирилл Савельев – Астанадағы ең жас шеф-кондитерлердің бірі. Оның шебер қолынан шыққан тәттілер дәмімен ғана емес, әсем көрінісімен де баурайды. El.kz интернет порталының тілшісі елордадағы кофеханаға барып, Кириллдің жұмысымен танысып, сұхбаттасып қайтты.

«Кондитер болуыма әпкем себеп болды»

Астанадағы кәсіптік-техникалық колледждің биылғы түлегі Кирилл Савельев – небәрі он сегіз жасында шеф-кондитер атанған жас маман. Ақмола облысы, Степногорск қаласына қарасты Бестөбе ауылында дүниеге келген ол, үш жыл бұрын білім алу мақсатында елордаға қоныс аударған. Осы уақыт аралығында колледжде оқып қана қоймай, еңбек жолын да ерте бастаған.

Астанаға осыдан үш жыл бұрын оқуға түсуге келгенмін. Сол кезден бері осындамын. Биыл кондитер-безендіруші маманы атанып, қолыма диплом алдым, – дейді ол.

Кириллдің аспаздыққа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Бұл салаға келуіне әпкесі Анардың әсері мол болғанын айтады.

Менің Анар есімді әпкем бар. Ол үйде тәттінің әр түрін дайындайтын. 14-15 жасымда соған қызығып, өзім де әзірлей бастадым. Осылайша әпкемнің арқасында аспаздық жолды таңдадым, – дейді жас маман.

Анар әпкесі бұрын тапсырыспен түрлі торттар мен тәттілер дайындаған. Ал қазір отбасылы болып, балаларына қарап отыр. 

Айына жарты миллион теңге табыс табады

Кириллдің еңбек жолы жасөспірім кезінен-ақ басталды. Оқуға түскелі бері бірнеше жерде кондитер болып қызмет атқарды. Үшінші курс оқып жүрген кезінде елорданың танымал кофеханаларының біріне жұмысқа орналасып, шеф-кондитерге дейін көтерілді.

Суреттер: Арман Мухатов 

Кофеханаға алдымен кондитер болып келдім. Бірақ олар менің қабілетімді көріп, шеф-кондитерге ауыстырды. Шеф болудың жауапкершілігі жоғары, бірақ одан қорыққан жоқпын. Өйткені оған дейін аға кондитер болып жұмыс істеп көргенмін, – дейді ол.

Кириллдің қазіргі әріптестерінің бірі – оның колледждегі бұрынғы кураторы.

Осы жерге жұмысқа менің екі жыл кураторым болған Айгүл Темірханқызын шақырдым. Оған бірге жұмыс істеуді ұсындым. Қазір ұстазым кондитер болып істейді. Ол мені үздік студентім деп мақтан тұтады, – дейді жас маман.

Бүгінде Кирилл айына шамамен 500 мың теңге табыс табады. Дегенмен, бұл табыс артында ұзақ жұмыс уақыты мен үлкен жауапкершілік жатыр.

Суреттер: Арман Мухатов 

Жақсы айлық алатыным рас. Бірақ мен айына 23-30 күн жұмыс істеймін. Тек 1-2 күн ғана демаламын. Себебі шеф-кондитер болған соң бәрін қадағалау керек. Астанадағы мен жауапты тағы бес мекеме бар. Жұмысымды күндізгі 12:00-де бастаймын, түнгі 01:00-де аяқтаймын, – дейді ол.

Жақында авторлық десерті сатылымға шығады

Кирилл кондитерлік өнердің көптеген түрін меңгерген.

Суреттер: Арман Мухатов 

Менің қолымнан шыққан чизкейк өте дәмді болады. Сондай-ақ наполеон, медовик, түрлі мусс десерттерін жасаймын, – дейді шебер.

Жас маманның өз қолынан шыққан ерекше десерті де бар екен.

Суреттер: Арман Мухатов 

Әлі сатылымға шықпаған авторлық десертім бар. Бірақ бір-екі күнде шығады деп ойлаймын. Бұл – мусс десерт. Оның құрамында сливки, желатин, қазақтың кәдімгі ірімшігі, кептірілген өрік, бал қосылған бисквит бар. Десерттің атын әзірге қойған жоқпыз, – дейді Кирилл.

Кирилл қазақ отбасында тәрбиеленген

Кирилл Савельев үш ағасымен бірге бала күнінен қазақы тәрбие алған. Әкесі Амангелді мен анасы Аяжан оларға барынша ата-аналық мейірім беріп, қамқорлығын танытып келеді.

Сурет: Арман Мухатов 

Жаңа отбасыға келгенде жасым 3-4 шамасында еді. Ұлтым орыс болғандықтан, бастапқыда тек орысша сөйлейтінмін. Ата-анам маған әліппені үйретті. Кейін қазақ тілінде балабақшаға, мектепке бардым, – дейді ол.

Қазір қазақ және орыс тілін қатар меңгерген Кирилл колледжде орыс тілінде оқығанын айтады.

Колледжде қазақша білім алғым келді, бірақ қазақ тобына адам саны жетпей қалды, – дейді жас маман.

Осылайша Кирилл үлкен әрі тату отбасында өсіп келеді. Оның үш ағасы мен үш әпкесі бар.

Костя ағам – 26 жаста, Валера ағам – 24-те, Даниил ағам – 23-те. Анар әпкем – 32-де, Жанар әпкем – 31-де, Катя әпкем – 29-да. Мен – ең кенжесімін. Анар мен Жанар әпке – ата-анамның туған қыздары. Ал Костя, Валера, Даниил және мен төртеуіміз бір-бірімізге туған бауырмыз, бала кезімізден бірге тәрбиелендік. Катя әпкеміз де біздің отбасымыздың бір мүшесі, – дейді ол.

Ата-анасы үнемі қолдау көрсетеді

Қазір Кирилл Астанада шеф-кондитер болып еңбек етсе де, ата-анасы тұратын Бестөбе ауылына жиі барып тұрады.

Мені бағып-қаққаны үшін, Астанаға оқуға жібергені үшін ата-анама алғысым шексіз. Олар болмаса, мен шеф-кондитер болып, елордада жүрмес едім. Бос уақытымда ауылға барып келуге тырысамын, – дейді жас маман.

Кирилл таңдаған кәсібіне ата-анасы әрқашан қолдау білдіріп келеді.

Кондитер боламын деген шешімімді қуанышпен қабылдады, қарсы болған жоқ. Колледжде оқып жүрген кезімде Қазақстанда өткен түрлі конкурстарға қатысатынмын. Сайыстарға Ресей, Түркия секілді түрлі шетелдік кондитерлер келетін еді. Байқаулардан екінші, үшінші орындар алып жүрдім. Медальдарым, грамоталарым бар. Мұны көрген ата-анам маған одан сайын сенім білдіре түсті. Енді болашақта жүлделі орынды еншілесем деген де арманым бар, – дейді ол.

Жас маман енді Парижде оқуды армайды

Кирилл биыл оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр. Қазір ол Астанадағы Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетіне құжат тапсырып жүр.

Маған тағы бір диплом керек. Жоғары оқу орнын елордада оқимын деп отырмын. Сол жерде білім алып жүріп, практика кезінде Париждегі әлемге әйгілі «Le Cordon Bleu Paris» аспаздық академиясына барғым келеді, – дейді жас маман.

Халықаралық деңгейде білім алу үшін ағылшын тілін меңгеруді мақсат етіп отыр.

Шетелде білім алу үшін міндетті түрде ағылшын тілін үйренуім керек. Әзірге оған уақыт болмай жатыр. бірақ, жоспарда бар, – дейді Кирилл.

«Жеке кондитерлік дүкенімді ашқым келеді»

Кирилл бос уақытын тиімді өткізуге тырысады.

Суреттер: Арман Мухатов 

Демалыс кезінде қаланы жаяу аралағанды ұнатамын. Астананың кейбір орындарына барып, кофе ішемін. Сурет салғанды жақсы көремін. Бұрын кондитерлікке қызықпай тұрып, дизайнер болуды армандайтынмын. Енді архитектура бойынша да білім алсам ба деген ойым бар. Егер ол оқуды бітірсем, тәттілерді түрліше әрлеп, жұмысымды одан әрі жақсартып, тәжірибемді шыңдай алар едім, – дейді ол.

Жас шебердің болашақтағы басты арманы – өзінің жеке кондитерлік бизнесін ашу.

Сурет: Арман Мухатов

Болашақта өзімнің жеке кондитерлік дүкенімді ашсам деймін. Астанада үлкен бір кәсіпорын құрғым келеді. Тіпті оның қандай болатынына дейін елестете аламын. Елді таңқалдыратын, ерекше кондитерлік іс болғанын қалаймын, – дейді ол.

Қазақ қызымен шаңырақ көтергісі келеді

Кирилл қазақ отбасында өскендіктен, болашақта жарының да қазақ болуы мүмкін екенін айтады.

Қазақ қызына үйленетін шығармын. Өйткені отбасымның бәрі қазақы. Дегенмен ұлт маңызды емес. Шетелдік болса да қарсы емеспін, бастысы –адамның жақсы болуы, – дейді ол.

«Жетістікке жеткің келсе – өзіңді аямау қажет»

Кирилл кондитер болғысы келетін жастарға өз тәжірибесіне сүйеніп кеңес береді.

Сурет: Арман Мухатов 

Негізі еңбек етуді кішкентай кезіңнен бастау керек. Жетістікке жеткің келсе – өзіңді аяма. Өйткені ерте бастасаң, кейін жеңіл болады. Мен үш жыл бойы тоқтамай жұмыс істедім, күн сайын кондитерлік цехтарда жүрдім. Соның арқасында шеф-кондитерге дейін көтерді деп ойлаймын. Бірақ қашан бастасаң да – 20-да болсын, 30-да болсын – бәріне жетуге болады. Тек қасыңда үйрететін жақсы адам болса болды, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін «Сені ешкімге бермеймін» әні халыққа қалай танылғаны жайлы жазған едік.