Қазір киім дүкендері түрлі маркетинг құралын пайдаланады. Соның бірі – мерчендайзер жалдау. Бұл салада сұраныс жоғары. Үш мегаполисте, өзге өңірлерде не көп, киім дүкені көп. Соған қарай онлайн курс оқыту көбейген.
Альбина Қасымханқызының киім саласында еңбек етіп жүргеніне 10 болған. Соның ішінде 6 жылдан бері мерчендайзер болып табыс табады. Оның айтуынша, ақша үшін емес, дүкеннің гүлденуі үшін еңбек етсең, тез нәтиже көрсетесің.
Мерчендайзер дүкендегі киімдерге анализ жасап, рет-ретімен жинап береді.Түс гаммасына қарай орналастырады. Тұтынушы есіктен кіргеннен-ақ назар аударатындай топтама құрастырады. Жұмысты құштарлықпен істесеңіз, түрлі идея келеді. Заттарды бір-бірімен үйлестіріп, тұтынушының көңілінен шығатындай дүние жасауға болады, – дейді ол.
Иә, мерчендайзинг алғаш Еуропа мен АҚШ-та дамыған. Маркетологтар мұны сатушылардың жұмысын жеңілдету үшін ойлап тапқан. Олар киімдерді тұтынушылардың көңіл күйіне қарай сөреге орналастырып көрген. Қанық түсті бірден көрінетін жерге қою, капсула құру сияқты лайфхакты пайдаланған.
Кейінірек осы тәжірибе әлемге таралып, 2000 жылдары ТМД елдеріне келген. Байқасаңыз, еліміздегі ірі сауда орталықтары бұрынан мерчендайзердің көмегіне жүгінеді. Кейіпкеріміз де бұл қызмет түрі қарапайым дүкендерде енді-енді жанданып келе жатқанын айтады.
2014-2015 жылдан бастап мерчендайзерлер сұранысқа ие бола бастады. Әсіресе, сауда орталықтары осындай мамандарды шақырып, немесе өздері үйретіп, бейімдеді. Кейінірек нарықтағы киім дүкендері, интернет дүкендер де мерчендайзер іздей бастады. Өзім 2020 жылдан бері киім дүкендеріне анализ жасап, топтама құрастырамын. Қазір тұрақты түрде оннан астам дүкенмен серіктеспін. Осы уақытқа дейін Астана қаласындағы 50-ге тарта киім дүкенімен жұмыс істедім, – мерчендайзер Альбина.
Оның айтуынша, мерчендайзер үнемі ізденісте жүретін маман. Бір орында отырмай, бірнеше дүкенді аралап, бәсекелестердің де не істеп жүргенін бақылайды. Киімдерді трендке сай реттеп, орналастырады. Теория мен практиканы өатар алып жүреді. Маркетинг психологиясын жетік меңгергені жөн. Соның ішінде тұтынушымен тұрақты байланыс орнатып, сатылым нәтижесін бақылайды. Көбінесе, осы салада шетел мамандарынан білім алғандар елімізде қысқамерзімді курс өткізеді. Оған қоса, ірі киім дүкендері қызметкерлерін арнайы оқытады.
Мерчендайзинг саласында тәжірибе жинаған сайын, табыс еселене түседі. Қызығушылықпен, бар идеяңызды салып, жұмыс істесеңіз айына 700-800 мың теңге табыс табуға болады. Жұмыс уақыты дүкен аумағының үлкен-кішілігіне байланысты. Киімнің орналасуы өзіңізге, дүкен иесіне, содан кейін тұтынушыға ұнаса болғаны. Кіргеннен-ақ реттілік көрініп, дүкеннің артықшылығы білініп тұрса – еңбегіңіздің зая кетпеген, – дейді ол.