Қайыңды көлі | Көлсай көлдері

30 Қараша 2020, 14:47 8657

Бүгінде Алатау тауының беделді інжу-маржандарының бірі болып Қайыңды көлі саналады. Бұл көл тек жақында ғана пайда болды. 1911 жылы Кемин жерінде үлкен жер сілкінісі болып, оны Үндістаннан Ресейдің Еуропалық бөлігіне дейінгі обсерваториялар тауып, тіркеген. Алайда табиғаттың жойқын күші жер бедерін жойып қана қоймай, жер сілкінісімен бірге Қайыңды шатқалына ғажайып көрініс сыйлады. Шатқалдың құлауына байланысты Қайыңды өзенінде әдемі орманды су басқан көл пайда болды.

Көлге бару еш қиындық туғызбайды. Алматыдан бастап жалпы жолдың ұзындығы 285 километрді құрайды. Алдымен Құлжа трассасымен шығып, Шелек ауылынан асқан соң, Кегенге қарай бұрылу қажет. Содан соң «Көлсай Көлдері» деп аталатын ұлттық саябақтың кеңсесі орналасқан Саты ауылына қарай өту қажет.

Сатыға дейін бір шақырым жолға жетпей тұрып, сіз Қайыңдыға апаратын шатқалға бұрыла аласыз. Қазіргі таңда бұл жерде қара жол төселіп жатыр. Бірақ, жақын арада асфальт төсеу жоспарда бар. Осыған шейін бұл аймақтың тағы бір інжу-маржанына айналған Көлсай-1 демалыс орынына жаңадан жол жасаған болатын.

Көлсай-1 көлінің жанындағы ұлттық саябақтағы қонақ үйде де тұрақтауға болады. Бір орынның бағасы 10 мың теңгеден басталады. Жақын маңдағы ауылдарда қонақ үйдің саны өте көп. Ол жерлерде 7000 теңгеге үш мезгіл тамақтанып, тұрақтай беруге болады.

Атауы «Қайыңды» деп аталғанымен, Қайыңды көліндегі ағаштар қайыңдардан емес, көпшілігі қарағайдан тұрады. Ал, Қайыңды атауы көлден 5 шақырым жерде орналасқан шағын қайыңды тоғайына орай берілген.         

       

       

       

        

       

EL.KZ
Бөлісу: