«Айтыста мәңгілік жеңімпаз жоқ»

30 Сәуір 2020, 18:51 6670

Айтыскер Мұхтар Ниязовпен сұхбат

Өнерсүйер қауымды қуанту мақсатында белгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыра» жүлдесін екі рет еншілеген, халықаралық, республикалық сөз додасында талай рет топ жарған Мұхтар Ниязовпен сұхбат құрдық. Талантты азаматтың шығармашылық жолына, айтыстың бүгінгі ахуалына тоқтала кетіп, мына сын сағаттағы ақындар қауымының халықты қалай сабырға шақырып жатқанын сұрап-білген едік.


(Суретте: айтыскер ақын Мұхтар Ниязов)

Жетістікке талант пен еңбек қатар ұштасқанда жетеміз

Қадыр Мырза Әлі атамыздың керемет бір өлеңі бар: «Шын жүйрікке қалғаннан озған оңай» деген. Сондықтан көптің бірі болып бәйгеге қосылғанмен, мәреге көптің бірі болып келсең сенің тұлпарлығың да, жүйріктігің де, жалпы ол сындағы өзіңнің орның айқындалмай қалады деп ойлаймын. Бәйгеде сенің бағың шабады, ал бабың деген алдын ала шабатын нәрсе ғой. Бақ сол кезде шапқанмен, бап әрдайым бабында, кез келген бәйгеге қосылып кетіп, орын алып кету деген сөз жоқ. Жұрт сол жердегі сенің жарыста шыққан теріңді ғана көреді де, жарысқа дейінгі ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер, маңдайыңнан аққан тер, көзіңнің майын тауысып оқыған кітаптар, араласқан адамдар, пікірлескен-сырласқан өзіміздің осы жетістікке жету жолындағы қыруар еңбегіміз көп адамға көрінбегендіктен, біз бәйгені тосыннан алып жатқандай көрінеміз. Меніңше, оның аса бір құпия сыры жоқ, енді әлбетте бірінші Алланың берген таланты, екіншіден соның жолында талмай еңбектенсең әр адам өзінің саласында осындай алғы шепке, көшбасшылық деңгейге жетеді деп ойлаймын. Ал айтыста мәңгілік жеңімпаз жоқ. Әркім өз деңгейіндегі, өз тұсындағы эстафетаны аманатпен дұрыстап алып өтсе, ол оның сол кездегі жетістігі деп ойлаймын. Кез келген әлемдегі, әр саладағы жолы болған тұлғаларды алып қарасаңыз таланты мен еңбегі қатар шапқан кезде жаңағы қос атты жеккен пәуескедей қандай биікке болса да шығады. Мысалы, мықты талантты жігіттер бар, еңбек етуге мойны жар бермей жатады. Тек қана талантты адамды көп жерге жетпей шаршап қалуы мүмкін немесе таланты сорға айналуы мүмкін. Тек қана еңбекпен жүрген жігіттер бар, оларға шыны керек жеме-жемге келгенде табиғи Алла берген таланттың орны жетіспей жатады.

 Қазіргі айтыстың ахуалы жата қалып жер бауырлап жылайтын деңгейде емес

Әр айтыс заманында өзіне қатысты жақсы жақтары, мәселе болған тұстары болған. Біздің қазіргі кездегі айтыстың бір жақсы жері – халыққа таралу жағынан ешқандай мәселе жоқ. Айтыс өткен сарайда үш жүз адам отырса соның бәрінде телефон бар ғой. Сол үш жүз адам кез келген әлеуметтік желі арқылы үш жүзге тарататындай мүмкіндігі бар. Сосын кейбір кісілердің бойында айтыс көбейіп кетті деген секілді бір жеріну бар. Онымен де белгілі деңгейде келісуге болады. Бірақ кез келген нәрсе рухани жаңғыру сияқты өзінің негізіне оралған кезде ол одан сайын жарқырай түсіп, саф қалпына қарай жақындай береді. Біз осы айтысты тәуелсіздік жылдары бір деңгейге көтердік, одан кейін поэзия деңгейіне көтерген тұстары болды. Кереметтей Дәулеткерей ағаларымыз, Мұхамеджан, Оразалы ағаларымыздың тосын-тосын теңеулері, жарқ-жарқ еткен тіркестері кейбір жазба поэзиясында кездеспейтін деңгейге көтеріліп кетті. Біз оған да қанағат тұтпай, одан сайын дамытсақ деп ақыр аяғында, өкінішке қарай кейбір жерлерінде жасандылыққа ұшыратып алдық. Кей ақындардың арнайы дайындалатын, бір бөлмеде жатып алып апталап дайындалатын тұстары да болмады емес. Соны дер уақытында ескерген Жүрсін аға былтыр «Алтын домбыра» өткен Орал қаласындағы брифингте ортақ келісімге келіп, биылғы екі-үш айтыстың барлығын сахнада, елдің көзінше жұптауға тырысып жатыр. Қазіргі айтыстың ахуалына келсек, артымыздан еріп келе жатқан жастардың қарасы өте қалың және олар өте сауатты. Тек қана көшпенді елдің осы сөзімен, мәдениетімен ғана емес, отырықшы елдердің, тіпті мына төртінші өндірістік революцияның қарыштап дамып бара жатқан ақпараттық заманның, қоғамның бүкіл жаңалығын игере отырып, соны осы айтыстың көне қанымыздағы тегімізді, кодымызды қорғайтын айтыспен байланыстырып, жоғары бір деңгейге көтеріп келе жатыр. Сондықтан қазіргі айтыс жата қалып жер бауырлап жылайтын деңгейде емес, мүмкіндігінше қазір бір толқын бір толқынды оза қуып, өте жақсы деңгейде келе жатыр деп есептеймін. Өз замандастарымнан қаншама ақындар осы айтыстың өрлеуіне, дамуына үлес қосты. Қазылар алқасы бар, ұйымдастырушылар, бүкіл облыс, жеке-жеке аудандар, тіпті кейбір кезде ауыл-аймақтарға дейін өзара осы айтыстың дамуына үлкен үлесін қосты.


Айтыста қанша жүлде алғаның емес, қандай сөз қалдырғаның маңызды

Енді осы уақытқа дейін қатысқан бәйгемді есептеп көрмеппін. Баланың қай жылағаны есте қалады дегендей, қазір айтыстармен емес, жылдармен санайтын болдық. Мысалы, 2003-2004 жылдардан бастап айтысқа шыға бастасам, қазір 20 жылға жуықтап қалыпты. 2005-те енді үлкен сахнаға шықтым десем, менің тұрақты айтыс сахнасында жүргеніме 15-16 жылдай болыпты. Әр жылда кем дегенде отыз-қырықтан айтыс болады, оның барлығында төбе көрсетпесем де, осы уақытқа дейін сол 200-300 айтысқа қатысқан шығармын. Тұңғыш баланың туған күні есте болады дегендей, ең алғаш 2005 жылы елордадағы республикалық айтыста бірінші орын алдым. Кейін Орал қаласында өткен Сырым батырдың айтысында Қадыр Мырза Әлиевтің қолынан бас жүлде, 2009 жылы Жалағаш ауданының 70 жылдығында бас жүлде алып, осылай жеңіс жолы жалғасты. Шабыт фестиваліне барып «Алтын домбыраның» екі дүркін, Қырғыстанда өткен халықаралық ақындар айтысының екі дүркін жеңімпазы атандым. Қытайда, Түркияда, сол сияқты алыс-жақын мемлекеттерде өнер көрсеткенімді бақыт санаймын. Сонымен қатар жазба поэзиясында да аз-маз жетістікке жеттім. Алдағы уақытта да оған бір айналып соғамын деп ойлаймын. Айтыста неше бәйге алғаннан гөрі, кімнің қандай айтысқа қатысып, артына қандай сөз қалдырғаны маңызды деп ойлаймын. Сол айтысқа маңыз беріп, жүлде тігіп отырған адамдардың мақсаты ақындарды байыту емес, халықтың сана-сезімін, сөздік қорын, ойын байыту. Ал оған үлесті біреулер адал жолмен, біреулер басқа жолмен қосуы мүмкін. Жер қазып жүрген археологтардың тапқан көне жәдігерлері біздің тарихымызды қалай байытады, сол секілді біз төл әдебиетімізді дамыту үшін ізденіп, әрбір кітаптың тереңіне сүңгіп, оны осы заманның жағдайларымен байланыстырамыз. Мен айтыскер ақындарды сондай үлкен қызмет атқарып жүрген, қазіргі мәдениетімізді, тарихымызды түгендеуде орасан үлесі бар белгілі бір деңгейдегі қайраткерлер деп есептер едім. Қазіргі ғылыми жұмыстардың көбі айтыскерлерге қатысты қорғалып жатқаны өте құптарлық іс. Осы жағына басымырақ мән берсек деп ойлаймын. Өйткені ақынның өмірде жинағаны – өзіне дейін де, өзінен кейін қалатын сөз.


«Алтын домбыраны» қазақтың қай баласы алса да лайық

Ең жақсы айтысатын екі қарсыласым – Бекарыс Шойбек пен Рүстем Қайыртайұлы. Жансая, Дидар бауырларымызбен де, Жандарбекпен да жақсы айтыстар шығады. Бірақ өнімді айтысқан ақындарым осы екеуі екен. Сарамен көп айтысыппын, бірақ Сара қазір көп айтыстардан шетте, өз жұмыстарымен жүр. Бекарыс ағамен көптеген тарихи тамаша айтыстар жасадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да, одан кейін де, соңы осы Петропавлдағы ретро-айтыс болды. Ал Рүстеммен де танысқалы тарихқа, құрдастық әзіл-қалжыңға толы айтыс жасадық. Рүстем екеуміз бір жылдары 10 ретке дейін айтыстық. Оларды қоссақ, бір кітап шығайын деп тұр. «Алтын домбырадағы» айтыстар ерекше есімде қалды. Алғашқы кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінен екі жерден іріктеу жасап, соңында республикалық айтысқа 6-ақ ақынға жолдама берілді. Оған Балғынбек Имашов, Әсем Ережеқызы, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов және мен қатыстым. Алланың қалауымен бірінші алтын домбыраны берді. Одан соң Алматыда өткен айтыста Болатбекке қатысты кейбір түсінбестіктер болғанымен, уақыт өте бәрі орнына қойылды. Биылғы «Алтын домбырада» 100 пайыз өзімнің алып тұрғанымды біліп тұрдым, бірақ бұл Рүстемді лайықсыз деген сөз емес. Рүстем де өте бір өрелі, биік айтыс жасады. Мен «көңілде ешқандай алалық жоқ, қазақтың қай баласы алса да лайық» деп, өз қолыммен Рүстемге алтын домбыраны тапсырдым. Биыл кішігірім жол апатына түсіп, денсаулығым сыр беріп тұрса да Абайдың 175 жылдығына арналған айтыс болғандықтан қалмай бардым. Астанамызда ұйымдастырылған үлкен аламан додада бас бәйге бұйырды. Бұл айтыс ерекше есімде қалды. Айтыскер ретінде әркімнің ішінде бір күмәнді ой жүруі мүмкін, соған осы жолы нүкте қойылды деп ойлаймын. Бұдан өзге, Қырғызстанда өткен айтыстар бар. Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын Қыршын жайлауында көшпенділер ойыны өтті. Сонда төрт бірдей қырғыздың ақынымен айтыстым. Қырғыз ағайындар да қатты риза болды. Ал Бекарыс ағаммен ең алғаш 2007 жылы Бақанаста өткен айтысым ерекше ыстық. Одан кейін де ағамызбен 10-15 рет айтыстық.

Халық ақындарымен сахнада бірге өнер көрсеткім келеді

Балғынбек Имашов ағаммен айтысу маған ерекше шабыт сыйлайды. Ринат Зайытов бауырымызбен айтысу да керемет, қолтығымыз сөгіліп, талай жерде тамашаға қарық қылған жеріміз көп болды. Сонымен қатар Жансая Мусина, Талғат Мықи деген ақындармен де айтыстым. Енді кездессем деген ақындар ішінен Аманжол Әлтаев ағамызды жиі айтып жүрмін. Ондағы ойым ол кісімен күш сынасу емес, бір сахнада өнер көрсетіп, ертең өзімізден кейінгі бауырларымызға, інілерімізге айтып жүрсем деймін. Осы уақытқа дейін Аманжол ағаммен сахнада жолым түйіспепті. Мэлс Қосымбай ағаммен де айтысқым келеді. Былтыр Ақтауда соның сәті түсіп тұрып, мүмкіндігіміз болмай қалды. Мұхамеджан ағамыз да ойда, бірақ қазір айтыстан сәл алыстап, рухани салаға қарай бет бұрды. Сонымен қатар Әсел Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Қуанышбай Әбілов сияқты халық ақындарымен сахнада бірге өнер көрсеткім келеді. Олармен бірге отырудың өзі тарихи сәт. Алла қаласа биыл екі халық ақынымыз 70-ке толып жатыр.Одан басқа Лена Әбдіқалықова сияқты айтыстың ардагеріне айналып кеткен апайларымыз 50-ге толып, айтыстың айналасында бірқатар мерейтойлар өтпек.


Ағартушылық – ақынның өлгенше атқарар ісі

Елдегі жағдайға байланысты енді бүкіл сала онлайн форматқа көшті. Соған орай алдағы уақытта онлайн айтыс ұйымдастыру қолға алынып, оны Қазақ радиосы мен Нұр Отан партиясы бірлескен түрде, жүйелі атқаруда. Қазіргі таңда Қазақ радиосынан онлайн айтыс халықтың дауыс беруі арқылы анықталатын айтыс жүріп жатыр. Бұдан бөлек онлайн арқылы ешқандай қаржысыз-ақ, арнайы жарнамасыз-ақ күнделікті бір ақынмен халықтың көңілін көтеру мақсатында айтыстар ұйымдастырып қоямыз. Сталинград майданында халыққа Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің» деген бір ауыз өлеңі қандай дем берсе, қазір әр адамға қолдағы смартфон арқылы қолдау көрсетіп, көңілдерін көтеруге тырысып, сын сағаттардың өтпелі екенін, тарихта талай осындай оқиғалардың болғанын және одан өзінің төзімімен аман-есен шыққанын түрлі мысалдар мен әңгімелер арқылы, рухани құнды жәдігерлерді жаңғыртып айтып жүрміз. Бұл жұмысты біз карантин біткеннен кейін де жалғастырамыз. Өйткені ақынның өлгенше атқаратын ісі ағартушылық деп ойлаймын.

Айтыста кейде әділетсіздіктер болып жатса, одан біз шыңдалып шықпасақ, сынып шыққан кезіміз жоқ

Қазақстанда 200-ге тарта аламанға шығып жүрген ақындар бар. Оның кемінде отыз-қырқы аламанда тұрақты жүргендер. 20 жылдан бері әрқайсысының өзінің дара соқпағы бар, артында сенім артқан елі бар. Осы ақындардың ішінде әлі бірде-бір рет Алтын домбыра иеленбей, бағы жанбай жүргендер бар. Олардың ортасынан екі рет Алтын домбыраны алуды нәсіп етсе, бұл да маған аз олжа емес. Өйкені бұл тарихта қалатын үлкен бір белес деп ойлаймын. Бұл біздің тұсымызда Дархан Мыңбай ағамыздың игі бастамасымен көтерілді. «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» дегендей, әрине, бастаған ісіңді аяқтағың келеді. Бірақ ол бүкіл ар-намыстан жұрдай болып, «қайтсем де, қандай жолмен болса да алтын домбыраны аламын» деген сөзім емес. Қарсыласпен сахнада айтысқа түсем дегенше қарсыласпыз, одан әрі қарай бағымен қарсылас емеспіз. Қазақта «жігіттің өзімен талассаң да, бағымен таласпа» деген сөз бар. Бағы мен бабы шауып тұрған адамға тек қана тілекшімін.

Әділетсіздік кез келген салада болуы мүмкін. Ешқашан қателеспеймін деген адамның бірінші сөзі сол қателігі болуы мүмкін. Әр адам өзінің ақыл санасының, білімі-пайымының жеткен жеріне дейін әділетті. Айтыста кей кезде әділетсіздіктер болып жатса, одан біз шыңдалып шықпасақ, сынып шыққан кезіміз жоқ. Кішкентай нәрсені жүрекке ауыр ала беретін болсаң, көпке бармайсың. Төлеген Айбергенов «жер бетіне түскен сызат бірінші ақынның жүрегін басып өтеді» депті. Сезімталдыққа сала берсең, ертең мүлде қиналып, тіпті айналымға жарамай қалуың мүмкін.Сондықтан кейбір нәрселерді елеусіз өткізіп жіберіп, тағдыр деп қараған дұрыс.


Жастарға қолдау көрсетуіміз керек

Қоғамдық жауапкершілік деген үлкен мәселе бар, тамырынан бүлінген бәйтеректі бұтағынан емдеме дейді. Біз бүкіл саланың салдарымен ғана күресіп үйренгенбіз. Қазіргі жағдайда үлкен күйіп тұрған мәселе – отбасы құндылығы. Бір қарағанда халық пандемиямен, түрлі қатерлі аурулармен күресіп жатыр. Ал елдегі отбасылық жағдайлар қазіргі статистикаға сүйенсек, осы пандемиядан жоғары болмаса кем емес. Дабыл қағатын мәселе. Әрбір ажырасқан отбасының артында талқыға түскен тағдыр барын, ертең ол жерден өмірге өкпелі балалардың өсіп шығатынын, әйелдер өз алдына, ер азаматтар өз алдына адасатынын, бір сөзбен айтқанда ажырасуда үлкен берекетсіздік барын ұмытпағанымыз жөн.

Бүгінгі жастардың жағдайына алаңдағандықтан шақырған отырысқа, кездесуге мүмкіндігінше баруға тырысамын. Қалған кезде әлеуметтік желілер арқылы олар қайда көбірек жиналады, сонда өздерінің тілінде айтқым келген ойымды жеткіземін. Өйткені баламен балаша, ұлмен-ұлша, ханмен-ханша сөйлес деген пайғамбарымыздың әдебі бар ғой. Әр адаммен өзінің деңгейінде, өзінің тілінде сөйлессең біріншіден сауап аласың, екіншіден одан лайықты жауап аласың деген. Осыған байланысты әдебиеттің қордалы ойларын қозғап жүрген замандастарым, неге бұл жеңіл сөйлеп, солардың деңгейіне түсіп кетіп жүр деуі мүмкін. Бірақ біздің ойымыз жастарды қызықтыра, еліктіре отырып, жаман жақтан жақсы жаққа алып келу. Сенің бойыңда олар қызығатын қасиет болмаса, олардың алдында өзіңнің құндылығыңды өткізе алмайсың. Сол себепті жастарды кінәламай, барынша қолдау көрсетуге тырысуымыз керек.

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: