Айтолқын Тұрғынбаева: Ұлттық дәстүрлер хореографияны оқытуда маңызды рөл атқарады

5 Қазан, 11:18 825

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Иә, ұстаз әр адамның тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады.

Ұстаздар күні – педагогтар ғана емес, оқушылар да асыға күтетін мерекелердің бірі де бірегейі. Қазақстанда бұл мерейлі дата 5 қазанға бекітілді. Бұл күні әлем елдерінің көбінде халықаралық ұстаздар күні тойланады. Осы мерекені пайдаланып, мұғалімдер қауымына қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі үлесі үшін алғыс айтамыз!

Осы орайда El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі - Қазақ ұлттық хореография академиясының хореография факультетінің деканы Айтолқын Тұрғанбаевамен тілдесіп, оқу орнының елдегі мәдениет пен өнерді дамытуда рөлі жайында біліп қайтты.

El.kz: Сәлеметсіз бе?! Кәсіби мерекеңізбен! Қазақ ұлттық хореография академиясының елдегі мәдениет пен өнерді дамытудағы рөлі жайлы айта кетсеңіз?

Айтолқын Тұрғынбаева: Қазақ ұлттық хореография академиясы – көп деңгейлі оқыту жүйесі бар хореографиялық білім беру саласындағы жалғыз оқу орны. Бастауыш мектеп, техникалық кәсіптік білім беру,  жоғары оқу орны,  магистратура мен докторантураны қамтитын білімді біріктіреді.  Академияның профессор-оқытушылар құрамы Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург балет мектептерінің түлектері, олардың арасында ғылым кандидаттары мен профессорлары, ҚР еңбек сіңірген әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлері бар. Олар мәдениет пен өнердің негізі болып табылатын жас ұрпаққа рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбие береді. Әр деңгейде біздің Академия ел игілігі үшін орындаушылық, педагогикалық, балетмейстерлік, ғылыми қызметте өзінің шығармашылық әлеуетін одан әрі іске асыратын жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығарады.

El.kz: Сіздің ойыңызша, хореографияны оқытуда ұлттық дәстүрлердің маңызы бар ма?

Айтолқын Тұрғынбаева: Ұлттық дәстүрлер хореографияны оқытуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Олар би шығармаларының стиліне, техникасына, эстетикасына және мазмұнына әсер етеді және бұл тек оқытуда ғана емес, сонымен қатар режиссурада, өнертануда, орындаушылық қызметте де айқын көрінеді. Мәселен, халық өмірінің тарихын, әдет-ғұрпын және әлеуметтік аспектілерін бейнелейтін халық билері оларды ұрпақтан-ұрпаққа сақтауға және беруге көмектесетін мәдени мұра болып табылады.

Немесе техника мен стильді алайық. Әртүрлі елдер мен аймақтарда өздерінің би стильдері мен әдістері дамуда. Францияның немесе Ресейдің классикалық балетінің өзіндік ерекше белгілері бар. Испаниядағы фламенко немесе Үндістандағы бхаратанатьям сияқты халық билері туралы айтпағанда.

Біз инновацияларды, стильдер мен әртүрлі дәстүрлердің араласуын жиі байқаймыз. Бұл өз кезегінде, жаңа стильдер мен формаларды жасайды. Кәсіби тәжірибелермен өзара іс-қимыл жасау, әлемдік жетекші балет мектептерінің тәжірибесін пайдалану оқытудағы ұлттық дәстүрлерге әсер ететінін, соның нәтижесінде оқытудың белсенді даму, жаңа тәсілдері мен құралдарын іздеу кезеңі жүріп жатқанын атап өткен жөн. Алайда, ұлттық дәстүрлерді білу және құрметтеу шығармашылық жағынан өзін көрсету үшін маңызды негіз болып қала береді.

El.kz: Сіз үшін мұғалім болу нені білдіреді және бұл кәсіптің қандай маңызды аспектілері бар деп ойлайсыз?

Айтолқын Тұрғынбаева: Мен мұғалімдер отбасында өстім. Анам – математика мұғалімі, әкем – орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі. Отбасымызда ата-анамыздың ізін әпкем екеуіміз жалғастырып келеміз. Мұғалім болу - мен үшін барлық жағынан үлгі. Біздің қызметіміз – тәрбие мен оқыту, біздің мамандығымыздың маңызды аспектілері – құзыреттілік, өзін-өзі тәрбиелеу, білім алушыларға білім, іскерліктер мен дағдыларды игеруге көмектесу, ұрпақтар сабақтастығы.

El.kz: Ұстаздық жолыңыздағы есте ұмытылмастай қалған сәттеріңізбен бөлісе кетсеңіз.

Айтолқын Тұрғынбаева: Мен үшін ұмытылмас сәттер – білім алушылардың жетістіктері. Мәселен, сахнада өнер көрсету, байқаулар мен фестивальдарда, олимпиадаларда жеңіске жету, ақпарат қабылдау сәтінде көз алдында өзара түсіністік ұшқыны немесе олардың өмірінде жаңа кезең ашатын шығарылым.

El.kz: Жас мамандарға, әсіресе хореография саласына қадам басқалы жатқан мұғалімдерге қандай кеңес берер едіңіз?

Айтолқын Тұрғынбаева: Өз ісінің кәсіби маманы болу, жан-жақты дамыған, үнемі іздену, оқытудың әртүрлі әдістемелерін меңгеру, жауапкершілік болу, білім алушыларға мейірімді талаптар мен сенім білдіру, өз кәсібін сүю дер едім.

El.kz: Хореографияны үйрету барысында ең үлкен қиындықтар қандай? Бұл кедергілерді қалай еңсеруге болады?

Айтолқын Тұрғынбаева: Оқытушылар мен білім алушылар үшін - әрқашан формада болу, өз кәсібилігін жетілдіру, білімді, жауапты болу. Кәсіпті игеру жолында көптеген кедергі болады. Жұмыс барсында кезіккен қиындықтарға төтеп беру, өзін-өзі жеңу, физикалық мүмкіндіктер мен эмоцияларды үнемі бақылау – басты мақсат осы.

El.kz: Жастардың өнерге деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?

Айтолқын Тұрғынбаева: Бұл - көп қырлы міндет. Жастар үшін динамикалық және тартымды орта жасауға болады. Бүгінгі күнде жастар интернетте көп уақыт өткізеді, яғни өнерді насихаттау үшін әлеуметтік медианы белсенді пайдалану қажет. Жастардың өз бірлестіктерін немесе ұжымдарын құру жөніндегі бастамаларын қолдау, онда олар идеялармен алмасып, бірлескен жобалармен жұмыс істей алады. Тегін көрмелер, мәдени іс-шаралар және семинарлар ұйымдастыру, сонымен қатар белгілі өнер қайраткерлерімен кездесу арқылы өнерге деген белсеңділікті арттыруға болады.

El.kz: Академиядағы оқыту бағдарламасы әлемдік тәжірибелермен қалай үйлеседі?

Айтолқын Тұрғынбаева: Академиядағы оқу бағдарламасы әлемдік жетекші балет мектептерімен және жоғары оқу орындарының ынтымақтастығымен тікелей байланысты. Халықаралық іс-шаралар, академиялық ұтқырлық шеңберінде басқа елдерде оқыту біздің білім алушыларға Болон процесінің бүкіл жүйесін іс жүзінде көруге, басқа ғылыми мектептермен, инновациялық әдістермен, дәстүрлермен танысуға, өзге кітапханалармен жұмыс істеуге, өзімізді көрсетуге, елімізбен таныстыруға мүмкіндік береді. Бұл әрине, хореографиялық білім беруді дамытуға ықпал етеді. Халықаралық мәдени байланыстарды нығайтады және тәжірибе алмасуға жағдай жасайды. Нәтижесінде кәсіби және жеке даму, жаңа білім мен дағдыларды, бәсекеге қабілеттілікті арттыруды, құнды халықаралық тәжірибеге ие болуға және Қазақстанның хореографиялық өнері мен білімін шет елдерде танымал етуге жағдай жасайды. Академиямызда Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Эстония, Жапония, Мексика, Қытай, АҚШ сияқты түрлі елдердің азаматтары білім алып, үлкен тәжірибеден өтеді.

Сонымен қатар, Академия әлемнің бірқатар жоғары оқу орнымен түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықта:

- Ұлттық би академиясы (Италия),

- Эстония жаратылыстану ғылымдары университеті (Эстония);

- Өнер университетінің театр академиясы (Финляндия),

- Иерусалим музыка және би академиясы (Израиль),

- Фредерик Шопен атындағы музыка университеті (Польша) т.б.

Франция, Ресей, Германия, Израиль, Қытайдан түрлі бағыттағы және балет мектептерінің мамандары шақырылады.

Қазан мемлекеттік мәдениет институтының серіктес ЖОО-мен екі дипломдық білім беру бағдарламасы алғаш рет енгізіліп, іске асырылуда.

El.kz: Мұғалімдер күні сіз үшін қандай маңызға ие? Бұл күнді қалай атап өтесіз?

Айтолқын Тұрғынбаева: Бұл - біздің кәсіби мерекеміз. Өте қуанышты әсер береді. Академияда бізді салтанатты іс-шараға және мерекелік концертке шақыру дәстүрге айналып отыр.

El.kz: Ұстаздық жолда өміріңізге немесе көзқарасыңызға әсер еткен ұстаздар бар ма? Егер болса, олар туралы айтып берсеңіз.

Айтолқын Тұрғынбаева: Өмірімде алғыс айтатын адамдар бар. Олар мені би әлеміне алып келген Жакипова Куаныш Майлиевна, Юсим Маргарита Наумовна, классикадан алғашқы педагог бола отырып, кәсіби негізімді қалады. Көшербаева Сара Ыдырысқызы – орындаушылық дағдыларын дамытып, мамандыққа енгізді. Болат Ғазизұлы Аюханов - басшылығымен бүкіл шығармашылық өмірімде жұмыс істедім. Менің бойымда тәртіп, әділеттілік сезім, принциптілік, кәсібилік қасиеттерін тәрбиеледі.

El.kz: Мұғалімдер күніне орай академияның мұғалімдері мен студенттеріне қандай тілектер айтқыңыз келеді?

Айтолқын Тұрғынбаева: Денсаулық, шыдамдылық пен күш, құрмет, шабыт, мақсатқа қоль жеткізу, жақсылық пен бейбітшілік!!!

El.kz: Хореография саласында болашақта қандай жаңалықтар мен өзгерістер күтесіз?

Айтолқын Тұрғынбаева: Хореография саласындағы жаңа есімдердің пайда болуы. Бірегей көпсалалы халықаралық бірлескен жобалар. Хореографтар, музыканттар, суретшілер, театр қайраткерлері және басқа өнер өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа түрлерінің пайда болуы. Мемлекет, меценаттар, демеушілер тарапынан қолдау. Өйткені өнер, мәдениет және білім мемлекеттің бет-бейнесі болып табылады.

El.kz: Академияның алдағы мақсат-жоспарлары қандай?

Айтолқын Тұрғынбаева: Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақ ұлттық хореография академиясы, бір жағынан, қазақ мәдениетін сақтай отырып, екінші жағынан, қазіргі Қазақстандағы кәсіби хореографиялық білім берудің даму тарихын халықаралық кеңістікке көрсете отырып, хореографиялық өнер саласындағы білім беру ұйымының орталығына айналу перспективаларына ие.

El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: