Қайта жаңғырған замананың заңғар үні

23 Тамыз 2020, 16:44 3242

«Алтын қор» – қазақ халқының асыл қазынасы

«Алтын қор» – елдің, халықтың өшпес, құнды мұрасын, мәдени, рухани байлығын сақтайтын мол мұрағат. Ол өткен күнге қайта оралтып, кешегі тарих беттерін біртіндеп ашып беретін, қазіргі күннің, заманның адастырмас бағдаршамы болып саналады. Біз бүгін ғасырға жуық тарихы бар Қазақ радиосының «Алтын қорына» саяхат жасамақпыз.


Қазақ радиосы өзге әуе толқындардан басты ерекшелігі, оның «Алтын қорында» құнды дүниелердің сақталуында. 1948 жылы құрылған қазыналы қор 1986 жылдан бастап сұрыпталып, жинақталып, «Алтын қор» деп аталды. Бүгінге дейін Қазақ радиосында жүз он бір мыңнан астам құнды шығармалар мен арнайы хабарлар сақталған. Заман талабына сай 2003 жылдан бастап сандық жүйеге ауыстыру мақсатында CD-форматқа көшіріліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін бүгінгі күнге дейін 35%-дан астамы жүзеге асырылды.

Алтын қордың қоржынында Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова сынды батыр бабаларымыздың теңдессіз батырлығы болашақ ұрпаққа баға жетпес мұра деуге толық негіз бар. Қазақтың мәдениетінің дамуы мен өркендеуіне үлкен үлес қосқан, халыққа еңбегі сіңген Шәкен Айманов, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Құрманбек Жандарбеков, Гүлжиһан Ғалиева, Ғарифолла Құрманғалиев, Шәмші Қалдаяқов, Асқар Тоқпанов сияқты көптеген сахна майталмандарының дауыстары күні бүгінге дейін сақталған. Қазақ оқырмандарын әдебиетке баулыған ақын-жазушылар Қазақ радиосы арқылы жазған шығармаларымен әуе толқынында сыр шерткен. Олар: Тайыр Жароков, Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбділдә Тәжібаев және т.б. Олардан алынған сұхбаттар мен жеке хабарлар қай тыңдаушының болса да жанын байытады. Ал Қазақ радиосының эфирінен берілген қойылымдардың орны ерекше. Өткен ғасырдағы театр өнерінің дамуына үлес қосқан: Сәбира Майқанова, Әмина Өмірзақова, Серке Қожамқұлов, Атайбек Жолымбетов, Бекен Римова, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев сияқты театрдың майталман әртістерінің өнері де сақталған.

Қазақтың өнерін зерттеген, қазаққа еңбегі сіңген қайраткер, танымал күйші Жарқын Шәкәрімнің Мәскеудегі мұрағаттан тапқан Әміре Қашаубаевтың орындауындағы алты ән Қазақ радиосында әлі күнге дейін сақталып тұр. Бұл жазба 1925 жылы әншінің Франция қаласына барған сапарында үнтаспаға түсірілген екен. Ал радиоға алғашқылырдың бірі болып өздерінің орындауындағы әуезді әндерді үнтаспаға жаздырып, ұрпаққа мұра етіп қалдырған Күләш Байсейітова, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов сияқты талантты тұлғалар екен.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, он жылға жуық «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі қызметін атқарған Алтын Иманбаева: «Кезінде мен 1990 жылы Қазақ радиосының музыка редакциясына қызметке орналасқанымда музыкалық концерттер сан-салаға бөлінетін. Тіпті алтын қордағы барлық үнтаспа әуе толқынынан беріліп отыратын. Қазір елімізді әлем таныған уақытта алтын қордағы бар байлықты әуе толқынынан беру өте маңызды. Қазақ радиосының өзге радиолардан ерекшелігі – «Алтын қорында» сақталған құнды дауыстар, әндер мен баға жетпес шығармалар өте көп», дейді. Шынында қазақ радиосы тарихымен, «Алтын қорында» сақталған қымбат қазынасымен құнды. Осы артықшылықтарды еркере отырып, бүгінде Қазақ радиосының редакторлығымен аптасына екі рет, дүйсенбі, бейсенбі күндері «Дәуір үні» мен жұма күні дәл сол уақытта «Асыл мұра» хабарлары әуе толқыннан тұрақты түрде шығып отырады. Хабарлардың мазмұнына тоқталар болсақ, «Дәуір үні» «Алтын қордағы» сақталған танымал тұлғалардың өз дауысымен айтқан пікірлері берілсе, «Асыл мұра» хабарында «Алтын қордағы» өміршең хабарлар шығып отырады. Мұны тыңдаған тыңдаушы аудитория өзіне керегін алады деуге толық негіз бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін атап айтсақ, «Дәуір үні» бағдарламасының бір хабарында жазушы-журналист Әзілхан Нұршайықовтың қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова туралы естеліктері айтылады. 1975 жылы таспаға жазылып алынған хабарда Мәншүктің Отанға деген сүйіспеншілігі, жауды жеңуге деген ұмтылыс тыңдаушыға ерекше әсер етеді. Әзілхан Нұршайықова Мәншүкті соғыс жылдары бірнеше рет жолықтырғанын еске алады. Оны қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген, артық сөзі жоқ, шымыр, ширақ қыз деп суреттейді.

Қазақтың батыр қызы алғашқы соғысқа барған жылдары штабтың хатшысы болып қызмет атқарған екен. Кейіннен жау әскерінің құдық түбіне он алты баланы құдық түбіне аяусыз өлтіріп тастағанын көргеннен кейін, енді штабта емес, ұрыс алаңына шығып, «пулеметші боламын» деп шешім қабылдап, «жауды жеңбей, елге қайтпаймын» деп, өзіне уәде берген екен. Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өз аузынан мұндай естеліктерді есту тыңдаушының ұлттық рухын асқақтатады. Жас буынға үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Жоғарыда айтып өткендей, Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған құнды таспалар «Асыл мұра» хабарында апта сайын эфирден беріледі. Мысалы, радионың қорында сақталған «Өмір дастан» деп аталатын хабарға халық ақыны Нұрпейіс Байғанин арқау болған. Ақынның бойындағы түрлі өнерді көзкөрген тұлғалардың пікірімен тыңдаушыға әсерлі жеткізген. Ұмыт бола бастаған жырларды халық жадына қайта ұялатқан бұл хабар ой түйіп тыңдағандардың жадында біраз сақталатыны сөзсіз.

Былтырғы жылы Қазақтың ғылымы мен біліміне, әдебиеті мен мәдениетіне, тарихы мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан танымал тұлғалардың ой толғамдары болашақ ұрпаққа өсиет болсын деген мақсатпен радионың «Алтын қорында» сақталған хабарлары «Дәуір дәрісі» деген жинақпен жарыққа шығарылды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен алдағы уақытта мультимедиялық көрнекі құрал жоғары оқу орындарында, колледж студенттері мен мектеп оқушыларына сабақ барысында пайдаланылады. Көрнекі құралдың басты мақсаты: шәкірт санасына тарих толқынынан тағылым үйіріп, ұлт қайраткерлерінің өмірлік ұстанымын «Мәңгілік ел» мұратына ұқсатып, айтқандарын руханият кәдесіне жаратып, рухани жаңғыруға үлес қосу. Сабақ барысында оқытушылар кітапта берілген карточкаларды пайдаланады. Онда әр тұлға туралы жеке деректер келтірілген. Жинақтың қосымша дискісінда Қазақ Радиосының қорында сақталған тұлғалардың дауысы жазылған. Мұның өзі «Алтын қордың» болашақ ұрпақтың рухани білімін толықтыратын маңызды құрал екенін көрсетеді.

Ендігі кезекте «Дәуір дәрісі» деп аталатын білім алушыларға арналған көрнекі құралдардың мазмұнына тоқталып өткен жөн. Жинақ үш бөлім болып құрастырылған. Алғашқы бөлім «Тарих және руханият» деп аталады. Онда Қазақ радиосына сұхбат берген: Бауыржан Момышұлы, Әлкей Марғұлан, Әбіш Кекілбаев, Ілияс Есенбарлин, Қалмұқан Исабаев, Қасым Қайсенов, Кәукен Кенжетаев, Манаш Қозыбаев, Мәриям Хакімжанова, Мұхамеджан Қаратаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Рахманқұл Бердібаев, Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Сәкен Жүнісов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Қожекеев, Тұрсынбек Кәкішов, Хасен Оралтай, Хиуаз Доспановалардың құнды дауыс-тары берілген. Бұл арқылы жастар ата-бабасының өткен тарихы мен ұлттық рухани құндылықтарымен таныса алады. Сол арқылы қазақты сүюге, өткен тарихын арқылы бүгінін құрметтеуге, өмірлік бағытын айқындауға мүмкіндік болады.

«Дәуір дәрісі» жинағының екінші бөлімі «Әдебиет» деп аталады. Мұн-да қазақтың әдебиет әлеміне өлшеусіз үлес қосқан, Қазақ радиосы арқылы өз ой-пікірлерін білдіріп, сұхбат берген ақын-жазушылардың дауыстары жазылған. Атап айтар болсақ: Әбділдә Тәжібаев, Әзілхан Нұршайықов, Бердібек Соқпақбаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов, Ғафу Қайырбеков, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадір Мырза-Әли, Мұзафар Әлімбаев, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов, Сағи Жиенбаев, Сағи Жиенбаев, Сапарғали Бегалин, Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Тайыр Жароков, Фариза Оңғарсынова, Хамит Ерғалин және т.б.Ал «Дәуір үні» оқу құралының үшінші бөлімінде қазақтың «Мәдениет» саласында өзіндік орнын қалдырған тұлғалардың құнды пікірлері ұсынылады.

Еліміздегі радиолардың басым бөлігінде хабар тарату фарматы бірдей. Жоғарыда айтып өткеніміздей, музыкалық бағытты ұстанған, жарнама арқылы табыс табады. Осы үрдіске байланысты, қазір радионың хабар беру кестесін ұсынар кезде, «көркемсөзден қарағанда, эстрадалық бағыттағы музыкалық хабарлар рейтингті көтереді» деген ұғым пайда болды. Бұл біржақты пікірмен бірден келісуге болмайды. Өйткені сапалы, қажетті, тыңдаушы назарын аудара алатын хабарды аудитория жалықпай тыңдайды. Ал қалаған әнді ғаламтордан жүктеп, кез келген уақытта тыңдауға мүмкіндік бар. Қазіргі ақпарттық технологиялар заманында техниканың әлеуеті зор. Бүгінгі таңда халқымыздың асыл мұрасына айналып, «Алтын қорда» сақталған хабарларды Қазақ радиосының барлық мобильді қосымшаларынан тарату да, сонымен қатар «Алтын қор» арнайы сайтын ашу қолға алынған.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: