Қайрат Қамзин Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалды

5 Қыркүйек 2022, 12:01 1120

Өңір басшысы қаланың жаңа басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды

Балқашта жаңа әкім таныстырылды. Президент Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша бұл қызметке Қайрат Амангелдіұлы Қамзин тағайындалды, деп хабарлайды El.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап. 

Бұған дейін ол Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарған. 

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, жаңа әкімнің кандидатурасын ұсынды.

Депутаттар бірауыздан мақұлдады.

Бұрынғы қала әкімі Ораз Тәуірбеков жаңа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

Жеңіс Қасымбек оған атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа салада табыс тіледі.

– Осыдан үш жыл бұрын Балқаш қаласының әкімі лауазымына тағайындау кезінде осы мінберде тұрып, өзіме жүктелген міндеттерді орындауға және қаланы дамытуға бар күш-жігерімді жұмсауға уәде бердім. Осы кезеңде бірлескен жұмыстың арқасында көп жұмыс атқарылды және орын алған проблемаларды шешу жалғастырылатын болады, – деп атап өтті Ораз Тәуірбеков.

Өңір басшысы қаланың жаңа басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды.

– Сіздерде туризм бойынша үлкен әлеует бар. Соңғы жылдары туристер ағыны артып келеді. Бірақ инфрақұрылымды дамыту қажет, – деді ол.

Қайрат Қамзин мемлекеттік қызметте 2005 жылдан бері жұмыс атқарып келеді.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппаратында, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде жұмыс істеді.

Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, Приозерск қаласының әкімі, МСҚБ облыстық басқармасының басшысы болды.

2022 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын басқарды.

Бөлісу: