Маңғыстау өңіріндегі Жетібай ауылынан талай дара талантты, озық ойлы педагогтар шыққан. Сол ұстаздық дәстүрді жалғай білген, №4 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Жолдасқызы Өтегенова – бүгінгі таңда ауыл балаларын білімнің алғашқы баспалдағына сенімді жетелеп келе жатқан жан, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әріп үйретіп, қалам ұстатқан алғашқы ұстазын адам баласы ешқашан ұмытпайды. Бастауыш саты – баланың мектептегі ғана емес, бүкіл өміріндегі тағдыршешті кезең. Мұнда қалыптасатын оқу дағдылары, тәртіп пен еңбексүйгіштік, ізгілік пен мейірім – бәрі де әрі қарайғы білім жолының берік іргетасы. Сондықтан, бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби шеберлігі мен адамдық болмысы шәкірт жүрегінде өшпес із қалдырады. Айнұр Жолдасқызы дәл осы жауапты кезеңнің бағбанына айналған жан. Ол үшін әр бала – жас шыбықтай, оны дұрыс иіп, түзу өсіру – үлкен өнер әрі зор жауапкершілік.
«Бала жүрегінің шамын сөндіріп алмау керек» дейді ұстаз. Оның айтуынша, бастауыштағы әр оқушы – қайталанбас әлем, ашылмаған қазына. Сондықтан мұғалім ең алдымен балаға сенім сыйлап, оның ішкі ынтасын оятуы тиіс. Осы қағиданы берік ұстанған Айнұр Өтегенова үшін ұстаздық дегеніміз – білім берумен қатар баланың екінші анасы болу, жүрек жылуын аямай, әр бүлдіршіннің жанын түсіне білу.
Айнұр Жолдасқызының кәсіби ұстанымы да айқын: білімді жай жеткізіп қою жеткіліксіз, баланы шабыттандыру, тұлға ретінде қалыптастыру, оның бойындағы қабілетті танып, дамыту – нағыз ұстаздың міндеті. Ол үнемі ізденіс үстінде жүріп, педагогикадағы жаңа әдістемелерді меңгеріп, заман талабына сай кәсібилігін жетілдіріп келеді.
Сондықтан ол бес жылдық мемлекеттік курстарды күтпей-ақ, мүмкіндігі туған сайын кәсіби орталықтар ұйымдастырған оқыту бағдарламаларына қатысып, біліктілігін арттыруды дәстүрге айналдырған. Жаңашыл педагог ретінде ол жаңа технологияларды игеріп, сабақ үдерісін қызықты әрі нәтижелі етуді басты мақсат тұтады.
Айнұр Өтегенованың шығармашылыққа, зерттеушілікке баулу бағытындағы еңбегі ерекше. Бала бойындағы жасырын дарынын байқап, оның кілтін табуға тырысады. Осы мақсатта ол жыл сайын оқушыларын ғылыми зерттеу жобаларына дайындап, әртүрлі бағытта жоба қорғауға жетекшілік етеді. Зерттеушілікке қызығушылығы артқан оқушының ойы тереңдеп, танымы кеңейеді, ізденіс дағдысы қалыптасады. Бұл – болашақта дербес ойлайтын, тың идея ұсына алатын тұлға тәрбиелеудің алғашқы қадамы.
Ұстаз дайындаған оқушылардың аудандық, облыстық деңгейдегі ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болуы – оның еңбегінің айқын дәлелі. Әрбір жетістік – күнделікті төгілген маңдай тер, тынымсыз ізденіс пен жүйелі жұмыстың жемісі. Мұны Айнұр Жолдасқызы өзгелерге мақтаныш үшін емес, бала болашағына салынған берік іргетас санайды. Ол үшін әр жүлде – ең алдымен оқушысының қалыптасқан жаңа қыры, белесі.
Айнұр Жолдасқызы Жетібайдағы қарапайым мектеп қабырғасында жүріп-ақ қаншама балаға білім беріп, олардың таным көкжиегін кеңейтіп келеді. Ол – бүгінгі ауыл мұғалімінің жаңа заманға сай келбеті, кәсіби шеберлігі мен адамдық мейірімін қатар ұштастырған ұстаз. Оның еңбегі – білімді ұрпақ тәрбиелеуге қосылған сүбелі үлес.