Аймақтарда этномәдени орталықтар Рождество мерекесін кеңінен атап өтті

15 Қаңтар 2019, 04:19 2288

Аймақтарда этномәдени орталықтар Рождество мерекесін кеңінен атап өтуде. Назарларыңызға аймақтардан келіп түскен мерекелік шаралар топтамасын ұсынамыз. 

Павлодар қаласының украин этномәдени бірлестігі Рождество мерекесін кеңінен атап өтті – арнайы үлкен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Оның барысында украин халық әндері мен билері көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Халыққа лық толы концерттік зал сахнадағы әрбір нөмірді ерекше ықыласпен қол соғып қарсы алып отырды.

Мерекеге украин бірлестігінің белсенді мүшелері мен қала тұрғындары қатысты – қызықты  ойындар және байқаулар ұйымдастырылып өткізілді.

Бұл күні жанұя мүшелері бір дастархан басында жиналады. Ал Рождество «Крещение» мерекесімен қаңтардың 19-нда аяқталады.

Ал Ақтаудағы «Достық үйінде» Т.Г.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі «Рождество» мейрамын атап өтті.

Аталмыш шараға өңірдегі барлық этномәдени бірлестік өкілдері мен «Қоғамдық келісім» қызметкерлері және кішкентай бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары қатысты.

Концерттік бағдарламаға ұласқан шарада этномәдени бірлестіктердің шығармашылық топтары мен «Смеричка» ансамблі ән шырқап, би билеп, халықтың қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, Аяз ата мен Ақшақар балаларға арнап қызықты ойындар ұйымдастырып, мәнерлеп жатқа тақпақ айтқан бүлдіршіндерге сыйлықтар табыс етті.

Сонымен қатар, Павлодардағы белорус этномәдени бірлестігі де Рождество мерекесін кеңінен атап өтті.

Іс-шара шеңберінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, белорус этномәдени бірлестігінің мүшелері қонақтармен мерекенің тарихынан сыр шертіп, түрлі ойындар өткізіп, Рождествоға дайындалатын «кутьямен» ұлттық тағамынан дәм татырды. Сонымен қатар, калядкалар деп аталатын әндер топтамасы шырқалды.

Іс-шара барысында белорус этномәдени бірлестігінің төрағасы Любовь Богнат

Бірлестік жастары мен белсенділерді дипломдар мен естелік сыйлықтармен марапаттады. «Крыницы», «Надзея», «Жаураначак», «Карамельки» белорус шығармашылық ұжымдары және Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің белорус бөлімшесінің тәрбиеленушілері Рождество туралы әдемі билер, әндер мен өлеңдер орындап, көрермендердің көңіл-күйін бір асқақтатып тастады.

Рождество мерекесі Жамбыл облысында да аталып өтті. «Радонеж» орыстар бірлестігінің ұйымдастыруымен белсенді мүшелер өнер көрсетті.

Концертте «Гармония» вокалдық квартеті, орыс халықының аспаптарынан құрылған «Русский наигрыш»,  «Сельский наигрыш»  оркестрлары, «Калинка», «Днипро» украин этномәдени бірлестігінің белсенді мүшелерінен құрылған  «Маричка», «Красная гвоздика» халықтық ардагерлер хорлары және «Жас дәурен» үлгілі хореографиялық би ансамблі, «Эдельвейс» заманауи би тобы өнер көрсетті.

«Рождество» мерекесіне арналған кештің соңы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан бірлестік мүшелерін марапаттау рәсімімен аяқталды.

           

Бөлісу: