Аймағамбетов Президент тапсырмаларының қалай орындалғаны туралы есеп берді

31 Тамыз 2022, 20:37 1140

Министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының ертеңгі Жолдауы қарсаңында былтырғы бас құжатта айтылған тапсырмалардың қалай орындалғаны жайында есеп берді, деп хабарлайды El.kz

«Мемлекет басшысы дарынды балаларды қолдау шараларын қабылдауды тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілді.

Халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 4,7 млн теңгеге дейін бір реттік ақшалай сыйлыққа, сондай-ақ ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға білім гранттарына ие болды.

Енді жыл сайын тұрақты негізде халықаралық олимпиадалардың барлық жеңімпазы мен жүлдегері, сондай-ақ олардың тәлімгерлері бір реттік ақшалай сыйлық алады. Онымен қоса халықаралық пәндік олимпиадалардың, шығармашылық байқаулар мен спорттық сайыстардың жеңімпаздары ҰБТ-дан өтпей қазақстандық университеттерде оқуға грант алады.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды, оның ішінде «Цифрлы ұстаз» жобасы аясында қолдау шараларын қабылдауды тапсырды.

а) Әлеуметтік осал отбасы балаларына арналған «Цифрлы ұстаз» жобасын іске асыру басталды. Үкіметтің 64 Қаулысына өзгерістер енгізілді.

б) Осы жылдан бастап әлеуметтік осал отбасыдан шыққан балаларға «Дарын», БИЛ сияқты мамандандырылған мектептерде оқу үшін 15% квота берілді.

в) «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында 475 мың балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға берілетін материалдық көмек көлемі 17 мыңнан 37 мыңға дейін көбейтілді. Сондай-ақ енді ақша тікелей ата-аналардың банктегі шотына аударылады.

Президент сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін ТжКБ-мен қамтуды және білім беру бағдарламаларын жаңа шындыққа бейімдеуді тапсырды.

а) Техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты қайта бағдарлау бойынша жұмыстар жүргізілді және техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі былтырмен салыстырғанда 27 мыңнан астам орынға өсті.

б) Республикалық бюджеттен бөлінетін гранттар саны 45 мыңға ұлғайып, рекордтық көрсеткішке, яғни 128 мыңға жетті.

в) Колледждерге түсу кезінде квотаға ілінетін адамдардың тізімі кеңейтілді. Атап айтқанда, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға – 5%, толық емес отбасы балалары үшін – 1%, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардан шыққандарға – 1%.

г) Колледждерге академиялық дербестік берілді. Яғни енді колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін дербес анықтайды.

д) Білім беру бағдарламаларының тізілімі жасалды. Онда 8 мыңнан астам білім беру бағдарламасы бар, оның ішінде 250-ден астамы инновациялық бағдарлама.

Балаларға ерте кәсіптік бағдар беруді енгізуге қатысты тапсырма берілді.

а) балаларға болашақ мамандығын таңдауға көмектесу үшін ерте кәсіптік бағдар беру жүйесі енгізіліп жатыр.

б) Мектептерде кәсіптік бағдар беруші мұғалім лауазымы енгізіліп жатыр. Бұл мамандық таңдау бойынша белсенді жұмыс түрлері арқылы оқушылардың қажетті құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

в) Оқушылардың кәсіптік бағдарын анықтау мақсатында 7-11 сынып оқушылары арасында диагностика жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша ұсыныстар қабылданып, кәсіби бағдарды анықтау және диагностика жүргізу бойынша әдістемелік нұсқауларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл бағытта жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін 1 000 мектеп салуды тапсырды.

а) 2021 жылы 277 мектеп салынды.

б) Биыл тағы 230 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.

в) №70 бұйрық қабылданып, мектептерді жабдықтаудың жаңа және заманауи стандарттары енгізілді.

Сонымен қатар Президент толық жинақталған ауыл мектептерін 2023 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыруға кезең-кезеңімен көшіруді тапсырды.

Бүгінгі таңда жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін анықтау үшін толық жинақталған ауыл мектептерін қаржыландыру әдістемесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2023 жылдан бастап осы бастаманы іске асыру көзделіп отыр.

Жолдауда сондай-ақ педагогтердің біліктілігін арттыру мерзімін 5 жылда бір реттен 3 жылда бір ретке дейін өзгерту тапсырмасы берілді.

а) Тиісті заң қабылданды. Енді бюджет қаражаты есебінен біліктілікті арттыру 3 жылда бір рет өткізіледі.

б) Биылғы 1 тамыздан бастап мұғалімдерді оқыту басталды. 18 қарашаға дейін 48 500 мұғалім біліктілігін арттырады. Пән мұғалімдеріне арналған курстар, балалардың ойын әрекеті мен үйлесімді дамуына бағытталған мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бойынша білім беру бағдарламалары дайындалды.

в) 12 негізгі пән бағыты бойынша 44 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы ерекше бақылауда тұр», - деп жазды министр.

Бөлісу: