Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, «Сапардағы сұхбат» форматындағы жобаның алғашқы санында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов директорлардың ротациясы, мектеп формасы мен сүйікті футбол клубы туралы сұрақтарға жауап берген.
Асхат Аймағамбетов ротацияға қатысты түрлі пікірлерді оқып-біліп отырғанын айтты.
Жұмысы тиімсіз директорды бір орыннан екінші орынға ауыстырғанның қандай пайдасы бар? - деген пікірді де естіп жүрміз. Бұл шын мәнінде олай емес. Егер басшының жұмысы тиімсіз болса онда оны қызметтен босату керек. Ал мықты, білікті директорлар жеті немесе одан да көп жыл бойы бір мектепті басқарып отырған болса, онда олар ротациялануы керек. Яғни екеуін шатастырмау керек,- дейді министр.
Оқу-ағарту министрі мектеп формасына қатысты да сұраққа жауап берді. Жаңа оқу жылынан бастап әр облыс өз аймағындағы мектеп формасына қатысты ортақ талапты бекітеді.
Біз көп мектептің басшысы мектеп формасын бекіткенде өз құзыреттерін пайдаланып, нақты бір мердігерге лайықтап, түсін, фасонын таңдайтынын анықтадық. Ата-аналарға ол форманы басқа жерден сатып алу мүмкін емес. Сол себепті нақты бір кәсіпкерге артықшылық бермеу үшін осындай шешім қабылдадық, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Министр неліктен әлеуметтік желіде ПСЖ футбол клубының парақшасына жазылғанын да түсіндірді. Асхат Аймағамбетов соңғы бір жыл бойы осы клубтың ойындарын тамашалап жүргенін айтты.
Негізі мен Барселона клубы мен Мессидің жанкүйерімін. Месси ПСЖ-ға ауысқалы осы клубтың да ойындарын көре бастадым,- дейді министр.
Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов ағылшын премьер-лигасында Манчестер Ситидің ойындарын қарайтынын айтты. Ал қазақстандық клубтардың арасында ұзақ жылдар бойы қарағандылық «Шахтер» клубына жанкүйер екенін қоса кетті.