Бүгiн, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралдыТұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сөз болғанда, көпшілік ең алдымен әйелдер мен балаларды елестетеді. Алайда мұндай жағдай ер адамдар арасында да кездеседі. Олардың басым бөлігі құқық қорғау органдарына жүгінбейді. El.kz тілшісі осы мәселеге қатысты заңгерлердің пікірін сұрап, заң талаптарын зерделеп көрді.
Жақында әлеуметтік желіде әйелінен зорлық көрген ер адамның видеосы кеңінен таралып, қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бірі мұндай жағдайлар сирек кездеседі десе, енді бірі ер адамдар да тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болатынын айтып, олардың құқықтарының қорғалуы туралы мәселе көтерді.
Қазақстанда ер адамдарды қорғауға арналған жеке заң жоқ. Алайда бұл олардың құқықтары заңмен қорғалмайды дегенді білдірмейді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, заң мен сот алдында барлық азамат тең. Сондай-ақ «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң отбасы-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылықтан жәбір көрген адамдарды жынысына қарамастан қорғайды.
Бұл дегеніміз – психологиялық қысым көрсету, ұрып-соғу, қорқыту немесе экономикалық қысым жасау сияқты әрекеттердің құрбаны әйел де, ер адам да болса, құқық қорғау органдарына жүгініп, заңмен қорғалады деген сөз.
Соңғы өзгерістерден кейін ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық санатынан алынып, Қылмыстық кодекске енгізілді. Сондықтан мұндай әрекеттерді жасаған адам жәбірленушінің жынысына қарамастан жауапкершілікке тартылады.
Дегенмен, заңгерлердің айтуынша, мәселе заң мәтінінде емес, оны қолдану тәжірибесінде болуы мүмкін.
Әлеуметтік желіде заңгер Нұрсұлтан Орынбек жариялаған видео қызу талқыға түсті. Бейнежазбада әйелінен зорлық көргенін айтқан ер адамның оқиғасы көрсетілген. Заңгер бұл жағдайды мысалға келтіріп, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның қолданылу тәжірибесіне қатысты пікір білдірді.
Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, заңның мақсаты – жәбірленушіні қорғау болғанымен, іс жүзінде кейбір жағдайларда ер адамдардың құқықтары толық ескерілмей жатады.
Заң еркек не әйел деп бөлмеуі керек. Әділетті қоғам заңның бәріне бірдей қолданылуымен құрылады. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көп деп қабылданған заңның тәжірибеде қалай қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Біз білмейтін мұндай жағдайлар әлі де көп болуы мүмкін, – деді заңгер.
Оның әлеуметтік желідегі жазбасы көпшілік арасында түрлі пікір тудырған. Заңгердің айтуынша, пікір қалдырғандардың басым бөлігі оқиғаның мән-жайын анықтамай, бірден әйелдің әрекетін ақтауға тырысқан.
Нұрсұлтан Орынбектің сөзінше, тұрмыстық жанжалдарға қатысты істерде ер азаматтардың уәжі кейде толық тыңдалмайды.
Практикада соттарға жиі қатысамыз. Әсіресе тұрмыстық жанжалдарға қатысты істерде ер адамның дәлелдері кейде толық ескерілмейді. Көп жағдайда жанжал болған соң алдымен ер адам ұсталып, уақытша қамауға алынады. Келесі күні сот өтіп, бес тәулікке әкімшілік қамау туралы шешім шығатын жағдайлар кездеседі. Осындай қысқа мерзімде екі тарап та өз дәлелдерін толық ұсына алмай қалады, – деді ол.
Заңгер пікірінше, заң нормаларының өзінде ерлер мен әйелдерге қатысты айырмашылық жоқ. Мәселе – құқық қолдану тәжірибесінде.
Заңда ер мен әйелге қатысты бөлек талап жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық істерінде дене жарақаты, психологиялық қысым, медициналық сараптама қорытындысы және басқа да дәлелдер ескеріледі. Бірақ тәжірибеде құқық қорғау органдары мен соттар барлық тараптың уәжін бірдей тыңдап, бейтарап қарауы өте маңызды, – деді Нұрсұлтан Орынбек.
Ол құқық қорғау органдары кез келген азаматтың арызын жынысына қарамастан тең дәрежеде қарап, соттар барлық дәлелді жан-жақты зерттеген жағдайда ғана әділдік қамтамасыз етілетінін айтты.
Ер болсын, әйел болсын – заң бәріне ортақ болуы керек. Әр адам өз құқығын сотта тең дәрежеде қорғай алуы тиіс. Ал сот пен құқық қорғау органдары ешкімді жынысына бөлмей, дәлелге сүйеніп шешім қабылдағанда ғана әділдік орнайды, – деп түйіндеді заңгер.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген заңгер Нұрболат Ибраев та заң бойынша әйел мен ер адамның құқықтары тең екенін атап өтті. Алайда, оның айтуынша, тәжірибеде қоғамдық көзқарастың ықпалы байқалатын жағдайлар кездеседі.
Конституция бойынша әйел мен ер адамның құқықтары да, міндеттері де тең. Бірақ тәжірибеде кейбір жағдайда ер адамдардың мүддесі толық ескерілмей жатады. Бұл заңнан емес, оны қолдану тәжірибесінен және қоғамдағы қалыптасқан көзқарастан туындайды, – дейді заңгер.
Ибраевтың айтуынша, әсіресе отбасылық дауларда балалардың тұрғылықты жерін анықтау немесе ата-ананың баламен араласу тәртібін белгілеу кезінде ананың мүддесіне басымдық берілетін жағдайлар кездеседі.
Өз тәжірибемде әкесінің материалдық жағдайы жақсы, баланы тәрбиелеуге толық мүмкіндігі болса да, сот баланы анасымен қалдырған істерді көрдім. Кей жағдайда әкеге баласын аптасына бір рет немесе белгілі бір сағаттарда ғана көруге мүмкіндік беріледі. Мұндай істердің барлығы бірдей емес, бірақ осындай тәжірибе кездеседі, – дейді ол.
Заңгердің пікірінше, мұндай шешімдердің барлығы заң талаптарынан емес, қалыптасқан тәжірибеден туындайды.
Нұрболат Ибраевтың айтуынша, егер ер адам әйелінен психологиялық, физикалық немесе экономикалық зорлық көрсе, ол да әйелдер сияқты полицияға жүгіне алады.
Оның сөзінше, мұндай жағдайда қорғау нұсқамасын алу, денсаулыққа келтірілген зиянды тіркету немесе сот арқылы материалдық және моральдық шығын өндіру мүмкіндігі қарастырылған.
Заң бойынша ер адамның да өз құқығын қорғауға толық мүмкіндігі бар. Егер оған күш қолданылса немесе психологиялық қысым көрсетілсе, полицияға арызданып, қорғау нұсқамасын рәсімдей алады. Қажет болса, сот арқылы шығын өндіруге де құқылы, – дейді заңгер.
Сонымен бірге ол көптеген ер азамат мұндай жағдайларда құқық қорғау органдарына жүгінуге намыстанатынын айтады.
Практикада әйелінен зорлық немесе қысым көргенін айтып келетін азаматтар бар. Бірақ олардың көбі полицияға арыз жазудан бас тартады. Кейбірі «әйеліме шағымданғым келмейді» дейді, енді бірі балалары үшін мүлкін бөліспей кетеді. Сондықтан мұндай жағдайлардың бәрі бірдей ресми статистикаға енбей қалады, – дейді Нұрболат Ибраев.
Әйелінен зорлық көрген ер адамның видеосы қоғамда бұрын көп айтылмай келген мәселені қайта күн тәртібіне шығарды. Заңгерлердің пікірінше, Қазақстан заңнамасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көрген азаматтарды жынысына қарай бөлмейді. Яғни, заң бойынша ер адамдар да әйелдер сияқты полицияға жүгініп, қорғау нұсқамасын алып, сот арқылы өз құқықтарын қорғай алады.
Сонымен қатар сарапшылар заңның өзінен бұрын, оны қолдану тәжірибесін жетілдіру қажеттігін айтады. Олардың пікірінше, әрбір іс бойынша шешім жынысына емес, нақты дәлелдерге, сараптама қорытындыларына және барлық тараптың уәжіне сүйене отырып қабылдануы тиіс. Осындай қағидат сақталған жағдайда ғана заңның басты мақсаты – кез келген азаматтың құқығын әділ қорғау толық жүзеге асады.
Бүгiн, 11:39
Мадина Ералиеваға құрмет: Ерке Есмахан үш жылдық үзілістен соң сахнаға оралды20 Шілде, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?