Еліміздің БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі қызметін атқарған шенеунік әйелін соққыға жықты деп айыпталып, қызметінен босатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров арнайы брифинг барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің қызметкері Сәкен Мамашқа қатысты іс бойынша қазір тиісті орындар айналысып жатыр.
Кеңесші болған адам 6 мамырда Қазақстанға ұшып келді. 9 мамыр күні шекарадан өткеннен кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметінен босатылды. Құқық қорғау органдары оның үстінен іс қозғағаны мәлім болды. Бұл іс туралы ақпарат бізге белгісіз. Оның әйелі Каринамен кездесіп, мән-жай туралы сөйлестік. Біз оған барынша қолдау көрсетеміз, - деді өкіл Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, елшіліктерде жұмыс істейтін барлық қызметкерлер шетелге шыққанда арнайы комиссиядан жыл сайын өтіп отыратын көрінеді.