Әйелін өлтірген экс-министр Бишімбаев жазадан құтылғысы келе ме?

13 Қараша 2023, 18:35 3034

9 қараша күні Астанадағы мейрамханалардың бірінді бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген жаңалық тарады. Сондай-ақ Қуандық Бишімбаев өзін өлтіретінін айтып, полиция қызметкерлерін қорқытқан. Жантүршігерлік оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытып, қылмыскерді қатаң жазаға тартуды талап етіп жатыр.

Бұған дейін экс-министрдің қаза тапқан әйелі Салтанат Нүкенова мен оның өліміне жалғыз күдікті  Қуандық Бишімбаев туралы толығырақ жазған едік. Бүгінгі таңда резонансты іске байланысты белгілі болған деректер мен оқиға қалай болғаны жөнінде мән-жайды оқырман назарына ұсынамыз.

Қандай бап бойынша іс қозғалды?

Қазіргі таңда іс бойынша 3 тергеушінің ауысқаны белгілі болды. Сондай-ақ күдіктіні 4 адвокат қорғайтыны туралы ақпарат тарады. Телеграм каналдардың жазуынша, Бишімбаев өз кінәсін мойындамаған. Жәбірленуші тарап қылмыскерді ақтау науқаны басталғанын мәлім етті.

Астана қаласының Полиция департаменті мейрамханада әйелді өлтіру дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 1-бөлігі ("Кісі өлтіру") тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Одан кейін күдіктінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.

2023 жылдың 1 қарашасында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Бишімбаевқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, - делінген Астана сотының хабарламасында.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен "Гастро-орталық" директоры ұсталды. Оған қылмысты жасырды деген айып тағылған.

Осылайша, экс-министрге қатысты резонансты істе тағы екі іс – қылмыстық кодекстің 434-ші (қылмыс жайлы хабар бермеу) және 116-бабы 3-бөлігі (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша қозғалған.

"Ешқашан кешірмейміз". Салтанат Нүкенованың туыстары мән-жайды айтты

Қанды оқиғадан соң әлеуметтік желіде құдды бір ақпараттық соғыс басталғандай. Күдікті Бишімбаевтың жақтаушылары әйелдің психикалық денсаулығын алға тартып, бұл істің жазатайым оқиға болғанын жазды. Сондай-ақ Бишімбаевты Нүкенованың туыстары кешірді деген мәлімет таратты. Ал Салтанат Нүкенованың туыстары әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр.

Өкінішке қарай, орны толмас қазаға қайғырудың орнына өзімізді қолға алып, өтіріктен қорғануға тура келіп отыр, - делінген жазбада.

Марқұмның туыстары айыпталушы тарап бәрін өз пайдасына қолдана ма деп қорқатынын жеткізді.

Оның сау жері болмады. Бізде мәйіттің суреті мен видеосы бар, егер көрсеңіз, бұл өте қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру екеніне күмәнданбас едіңіздер. Әділ тергеу жүргізіп, сіңліме жасалған аяусыз зорлықты ақтауға тырыспауды сұраймын, - деп жазды қыз.

Павлодардың экс-әкімі Қайрат Нүкенов Қуандық Бишімбаевқа жасалған сараптамаға да сенбейтінін жеткізді.

Біз оған жасалған сараптамаға күмәніміз бар. Көбі ол есірткі қолданды дейді. Бірақ есірткі қолданғаны расталған жоқ. Тергеу оны жауапкершіліктен босатқысы келіп тұр. Мәйітті жуған кісілер мұндай жарақаттарды, дененің көгерген тұстарын бұрын-соңды көрмегенін айтады. Ол інісін шақырып, қарындасымыздың көз жұмғанын күтті деген болжам бар. Ол бөлмеге бірнеше рет кіріп, оның өлгенін тексерген, өлгеннен кейін ғана жедел жәрдем шақырған, - деді Қайрат Нүкенов. 

Қуандық Бишімбаевтың інісі де өлім туралы хабарламағаны үшін емес, адам өлтіруге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек.

Оқиға қалай болған?

Полицияға түсініктеме берген Қуандық Бишімбаевтың інісі оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«Өшірілген видеолар қалпына келтірілді, онда сағат 7:00-де Бишімбаевтың әйелді қатты ұрып-соғып жатқанын көруге болады»

Orda.kz мәліметінше, 9 қараша күні таңертең Қуандық Бишімбаев інісіне қоңырау шалып, мейрамханаға тез келуін өтінген. Таңғы сағат 9:30 шамасында ол мейрамханаға келіп, бірінші вип-кабинада жарық жанып тұрғанын байқайды. Ол есікті қаққанда Бишімбаев көрпе әкелуін сұрап, кіруге рұқсат бермейді. Ол гардеробқа барып, екі көрпе алып, кабинаға кіреді. Онда Салтанат Нүкенованың қозғалыссыз жатқанын, сондай-ақ қатты қорылдағанын байқаған. Бишімбаевтың інісі әйелді ұйықтап жатыр деп ойлаған. Содан кейін кіреберісте еденде қан іздерін көрген. Оның көз алдында Бишімбаев әйелді өзі әкелген екі көрпемен жауып тастайды. Осыдан кейін Қуандық Бишімбаев кабинаны жауып, жұмыс бөлмесіне барады.

Түскі сағат бірдің шамасында Бишімбаев інісіне қайта қоңырау шалып, темекі, аспирин және кетонал әкелуді бұйырған. Заттарды алған соң, мейрамханада ешкім қалмас үшін барлық қызметкерлерді жіберуді тапсырады. інісі тапсырманы орындап, адамдарды босатып, кабинетке оралған. Түстен кейін Бишімбаев оған WhatsApp-та: "Гастроцентрдегі бақылау камераларындағы барлық бейнежазбаларды өшір", деп жазады. інісі дереу мекеменің әкімшісіне қоңырау шалып, мейрамханадағы ғана емес, бүкіл асханадағы бақылау камераларынан барлық бейнені өшіру туралы бұйрық береді. Сағат 13:45-те бейне жойылғанына көз жеткізу үшін Бишімбаев басқару бөлмесіне барады. 14:00-де Бишімбаев інісін қайтадан өзіне шақырады. Ол кабинаға кіргенде, Нүкенованың әлі де диванда жатқанын көрді, бірақ жақындамайды.

Қуандық одан әйелінің телефонын табуды өтінеді. Олар бірге іздеп, мейрамханадан таба алмаған соң, көліктің салонынан (Тойота Лэнд Крузер) іздеуді тапсырады, телефон көліктің ішінен табылады. Содан кейін телефонды алып, Нүкенова баратын фитнес орталыққа барып, 10-15 минут болып, содан соң үйіне апаруды сұрайды. Себебі, Салтанат Нүкенованың телефонын інісі геолокация бойынша қадағалайтын болған. Осыдан кейін Бишімбаев інісінен тез келуін талап етеді. Інісі келген соң Қуандық Бишімбаев қарны аш екенін айтып, 16:20-да тамаққа тапсырыс береді. Олар мейрамхананың жалпы залында бірге ас ішеді. Тамақтанып болған соң Бишімбаев інісінен кабинаға барып, Нүкенованы тексеруді өтінеді. Осы кезде Бишімбаевтың інісі әйелдің қорылдамай, тыныш жатқанын айтады.

16:35-те  жедел жәрдем шақыру керек екенін айтқан інісі Бишімбаевтан «ол ұйықтап жатыр» деген жауап естиді. Ал 16:40-та Бишімбаев қайтадан қоңырау шалып, әйелдің тамыр соғысын тексеруді сұрайды. Інісі түсініктемеде тамыр соғысын тексергеннен кейін ғана Нүкенованың қайтыс болғанын түсініп, телефонынан жедел жәрдем шақырғанын айтқан. 15 минуттан кейін дәрігерлер келген, сол кезде Бишімбаев Нүкенованың қасында болып, қатты үрейленіп, абыр-сабыр күйге түскен. Жедел жәрдемнен кейін оқиға орнына бірден полицейлер келген. Ресторанда өшірілген видеолар қалпына келтірілген, онда сағат 7:00-де Бишімбаевтың әйелді қатты ұрып-соғып жатқанын көруге болады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: