Әйелін балалардың көзінше гантельмен ұрған ер адам сотталды

9 Тамыз 2023, 11:19 680

Павлодарда әйелін балалардың көзінше гантельмен өлімші етіп ұрған қатыгез әке сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, іс материалына сәйкес, былтыр 3 маусымда мас ер адам бұрынғы әйелінің үйіне келген. Екеуі сөзге келіп, 32 жастағы тұрғын жуынатын бөлмеден салмағы 8 келі болатын гантелді алып, әйелдің басынан екі рет ұрған. Салдарынан ол есінен танып қалған.

Экс-күйеуі әйелдің денесін басқа бөлмеге апарып, өзі оқиға орнынан қашып кеткен. Мұның бәрін балалары көрген.

Дәрігерлер өлім аузында жатқан әйелді аман алып қалды. Іс облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қаралды. 

Сотта жәбірленуші сотталушымен келісімге келгенін айтып, бұрынғы күйеуіне аяушылық танытып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады

Сотталушы мен оның адвокаты бұл қылмысты 106-баптың 1-бөлігіне («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») ауыстырып, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Сот жасалған қылмыстың ауырлығын және қоғамға қауіпті екенін ескеріп, ер адамға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – деп жазылған қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот таратқан хабарламада.

Үкім заңды күшіне енбеді. 

Айта кетейік, бүгінде әйел мүгедектер қатарында. Дәрігерлер оның аман қалатынына сенбеген. Алайда 8 күн комада жатқан әйел есін жиды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: