Астанаға да алғашқы қар түсті. Көктайғақтың кесірінен бір күннің ішінде 100-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал кешелі бері дөңгелек ауыстыру орталықтарының кәсібі қызған. Сұраныс бар, кезек те көп, баға да жоғары. Осы ретте Мәжіліс депутаттары дөңгелектерін ауыстырып үлгерді ме? El.kz интернет порталының тілшісі депутаттардың өздерінен сұрап білді.
Менің қызметтік көлігімнің дөңгелегі ауыстырылып үлгерді, ал үйдегі көлік әлі кезегін күтіп тұр. Сіз айтқандай, шынымен де дөңгелек ауыстыратын жерлерде адам көп. Оның алдында жылы күндер болып еді, кенеттен аяз басталып кетті ғой, – дейді депутат Еділ Жаңбыршин.
Ал Ринат Зайыт әзірге шиномонтажға баруға асықпай отыр.
Иә, дөңгелек ауыстыратын жерлерде кезек көп екенін білемін. Өзім әзірге ауыстырған жоқпын. Асығыстық жоқ, көлікпен көп жүрмеймін. Сәл саябырсыған кезде барып, дөңгелектерді ауыстырып аламыз, – деді ол.
Депутат Ерлан Саиров болса қысқа дайындықты жұбайының қолына тапсырғанын айтты.
Машинаның дөңгелегін кеше жұбайым ауыстырып үлгерді. Өзіміз алдын ала қамданып қойғанбыз, – деді мәжілісмен.
Сол секілді тағы бір депутат Ерболат Саурықов бұл істі өткен аптада-ақ аяқтап қойғанын жеткізді.
Иә, ауыстырдым. Осыдан бір апта бұрын, нақтырақ айтсам, өткен жұма күні дөңгелектерді ауыстырып қойдым, – деді ол.
Депутат Самат Нұртаза болса көлікті жиі тізгіндемейтінін жасырмады.
Мен өз көлігіммен көп жүрмеймін. Керек болса, такси шақырамын немесе таныстар көмектеседі. Сондықтан дөңгелек ауыстыру мәселесі мен үшін аса өзекті емес, – деп күлді халық қалаулысы.
Қыс маусымының келуімен астаналықтар да, халық қалаулылары да дөңгелек ауыстыру науқанына кірісіп кеткен. Бірі көлігін дайындап үлгерсе, енді бірі шиномонтаждағы ұзын-сонар кезекті күтіп жүр. Қалай болғанда да, депутаттар тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтап, көліктерін қысқа алдын ала дайындауға кеңес береді.