Әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жазаны күшейту қажет - Ерлан Қарин

15 Қараша 2023, 12:00 852

Әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жазаны күшейту қажет. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин telegram әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі жүгенсіздіктің кез келген түріне, вандализм мен зорлық-зомбылыққа қатаң тосқауыл қою керек, әсіресе, әйелдер мен балаларға қарсы қылмыс үшін жазаны күшейту қажет деп есептейді. 

Қазақстанда 2020 жылдан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жолында жүйелі шаралар қабылданып келеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамаларын іске асыру аясында полицияның тиісті бөлімшелерінің штаттық саны артты, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық істерін қарау үшін тергеуші-әйел мамандығы енгізілді. Заңнамадағы соңғы түзетулерге сәйкес, енді мұндай қылмыстар тек жәбірленуші арызының негізінде ғана емес, сонымен бірге куәгерлердің, көршілердің мәліметі, бейнекамералардың жазбасы және т.б. негізде анықталатын болады. Бұдан бөлек, қазір бір рет ымырағы келген тараптардың кейін қайта татуласуына жол берілмейді. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді, - деп жазды Е.Қарин.

Оның айтуынша, жазаның қатаңдығы және одан бұлтару мүмкіндігінің болмауы ─ қылмысқа қарсы іс-қимылдың ең тиімді тетігі.

Әрине, қоғамда басқа көзқарас та бар. Кейбіреулер заңнаманы одан әрі қатаңдату мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткішін төмендетеді деп есептейді. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, жазаның қатаңдығы және одан бұлтару мүмкіндігінің болмауы ─ қылмысқа қарсы іс-қимылдың ең тиімді тетігі. Бұл мәселені тек заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы шешу мүмкін емес. Сонымен бірге азаматтардың көзқарасы, моральдық ұстанымы да өзгеруі керек. Осындай әрекеттерге көз жұмып қарайтын болсақ, онда мемлекет қабылдап жатқан шаралардан еш нәтиже шықпайды. Яғни, деструктивті мінез-құлықтың кез келген түріне қарсы күрес кешенді іс-қимылды талап етеді. Қоғамда қылмысқа мүлдем төзбеушілік қағидаты, ал мемлекеттік деңгейде заң мен тәртіп қатаң сақталу қағидаты дәріптелуі керек. Сондықтан мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар жүгенсіздік пен зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың тиімділігін арттыру үшін күш жұмылдырып, ортақ амал-тәсіл әзірлеуі қажет, - деді ҚР мемлекеттік кеңесшісі.

Равиль Ашығали
Бөлісу: