Астанада Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Танзила Нарбаева алдымен Қазақстанға жасаған сапарының ерекше маңызын атап өтті. Ол қазақ халқының қонақжайлығына алғысын білдіріп, екі ел арасындағы достық пен сенімді қатынастың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын айтты.
Әр жолы Қазақстанға келгенімізде халықтың ыстық ықыласын, бауырмалдығын сезінеміз. Бұл қасиет қазақ халқына да, өзбек халқына да ортақ. Біз қысқа уақыт ішінде көптеген кездесулер өткіздік. Бұл шаралар мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты барлық салада одан әрі күшейтеді, – деді ол.
Сенат төрағасы Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған кездесу жайлы да сөз қозғады.
Құрметті президент Қасым-Жомарт Тоқаев өте білімді, сергек әрі іскер басшы. Уақытының тығыздығына қарамастан, Өзбекстаннан келген әріптестеріне уақыт табады. Бұл – елдеріміздің арасында орныққан сенім мен достықтың айқын белгісі, – деді ол.
Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге сіңірген еңбегі үшін Танзила Нарбаеваны II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттаған еді. Осы орайда Танзила Нарбаева жақында алған марапаты туралы да айтты.
Бұл жоғары марапат – маған ғана емес, бүкіл Өзбекстан Парламентіне, халқымызға және Қазақстандағы әріптестеріме берілген бағалау деп білемін. Өйткені мұндай жетістік тек бірлескен еңбектің нәтижесі. Бұл сенім бізді одан да көп жұмыс істеуге міндеттейді, – деді Сенат төрағасы.
Гендерлік саясат тақырыбына кеңінен тоқталған Өзбекстан Сенатының төрағасы әйелдердің құқықтары бүкіл қоғам үшін маңызды екенін ерекше атап өтті.
Әйелдер мәселесі – тек әйелдердің мәселесі емес. Бұл – бүкіл қоғамның мәселесі. Әрбір мекеме, тіпті ерлер басым жұмыс істейтін ұйымдардың өзі әйелдердің құқықтарын қорғауға жауапты. Өйткені олардың да жары, қызы, анасы бар. Сондықтан гендерлік саясат барлық құрылымдарға енгізілуі тиіс, – деді ол.
Танзила Нарбаева Өзбекстанда қабылданған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктері туралы» және «Зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңдарға тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжаттарды қабылдау оңай болмаған.
Бір кездері мұндай заңдардың қажеті жоқ, Конституцияда бәрі бар деген пікірлер болды. Бірақ нақты нормалар мен тетіктер керек екенін тәжірибе көрсетті. Тек Сенат төрағасы болған соң, бұл заңдарды өткізуге мүмкіндік туды. Бүгінде біз оларды жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Ол Қазақстанда да әйелдер мен балаларды қорғауға қатысты маңызды қадамдар жасалып жатқанын құптап, екі ел басшыларының көзқарастарының ұқсастығын атап өтті.
Біздің мемлекет басшыларымыз өте заманауи әрі прогрессивті көзқараста. Ең бастысы – бұл бастамалардың орындалуы. Сондықтан біз заңнаманы жетілдіруді жалғастырып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз қажет, – деді Өзбекстан Сенатының төрағасы.
Іс-шараға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің басқарма басшысы Ақмарал Бозшаева бұл кездесу қазіргі кезең үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.
Бүгінгі шара – екі елдің гендерлік саясаттағы тәжірибесін бөлісуге арналған маңызды алаң. Қазіргі таңда әйелдердің экономикалық және саяси шешім қабылдаудағы рөлі екі жақта да күн тәртібінде тұр. Қазақстан мен Өзбекстанда бұл мәселе жоғары деңгейде қаралып, нақты шешімдер қабылданып жатыр. Мұндай талқылаулар әйелдердің саясат пен экономикаға қатысуын арттыруға зор ықпал етеді, – деді ол.
Сонымен қатар Ақмарал Бозшаева Қазақстандағы соңғы жылдардағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап енгізілген 30 пайыздық квота әйелдердің Парламенттегі үлесін арттыруға жол ашқан. Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттарының шамамен 19 пайызы әйелдер болса, мәслихаттарда бұл көрсеткіш 23 пайызға жеткен.
Әйелдердің көшбасшылығын дамыту – мемлекет басшысының ерекше назарында. Президент тапсырмасына сәйкес, әйелдердің көсбасшылығын дамыту, олардың біліктілігін көтеру бойынша бірқатар іс-шара жүргізілуде, заңнамалық деңгейде де өзгерістер енген. Мәселен, 2024 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық өңірлерде әкімдердің гендерлік мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшілері тағайындалды. Олар өңір деңгейінде гендерлік саясатты ілгерілетіп, әйелдердің әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ биыл Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасының қабылданғанына 30 жыл толуы мен Конституцияның 30 жылдығы аясында гендерлік саясатты талқылаудың да маңызы зор екені айтылды.
Ақмарал Бозшаеваның пікірінше, мұндай кездесулер екі елдің тәжірибесін байытып қана қоймай, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға серпін береді.