Әйел такси жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасады

9 Желтоқсан, 17:30 867

Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданының сотында такси жүргізушісіне пышақ жарақатын салған әйелге қатысты іс қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс "Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша қаралды.

Зардап шеккен такси жүргізушісі кәмелетке толмаған баласымен жолда тұрған әйелді алып кеткен, ол Лисаковск қаласына жеткізіп тастауды сұраған. Жолаушы салонда электрон темекі шеге бастағанда, жүргізуші ескерту жасап, көлігінде шылым шегуге тыйым салынғанын айтқан. Әйел бұл тыйымға ашуланып, пакетінен ас үй пышағын алып, таксистің мойнына жарақат салған. Жараланған ер адам кенеттен тежегішті басып тоқтаған, ал жолаушы алға ұмтылып, оған тағы бір рет пышақпен соққы жасамақ болған.

Шабуыл нәтижесінде жүргізуші мойнының сол жағынан кесілген жарақат алды.

Үкім шығар алдында прокурор соттан айыпталушыға 1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу және алкоголизмнен мәжбүрлі емдеу жазасын тағайындауды сұрады.

Сот айыпталушының шын жүректен өкінуін жеңілдететін жағдай ретінде, ал мас күйінде болғанын ауырлататын жағдай ретінде ескеріп, оған 1,5 жылға бостандығын шектеу және жазаны өтеу мерзімі ішінде пробациялық бақылау белгілеу жазасын тағайындады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: