«Айбоз» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

9 Желтоқсан 2022, 13:21 1260

Мәдениет және спорт министрлігі «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының қорытындысын жариялады. Жеңімпаздарды марапаттау салтанатты рәсімі Алматыда өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Конкурсқа қатысу үшін барлығы 402 өтінім түсті. Оның ішінде қазылар алқасының таңдауымен 49 шығарма (әр аталым бойынша 7 шығармадан) байқаудың шорт-листіне енді. Өтінімдер 4 ай ішінде 7 аталым бойынша қабылданды: «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс», «Үздік кітап дизайны».

Алаш кезеңінде үздік романға жарияланған бәйгенің арқасында төл мұраларымыз «Қамар сұлу», «Қалың мал» сияқты іргелі классикалық шығармалармен толықты. Бұл өркениетке, руханиятқа жасалған қызметтің өшпестігін дәлелдесе керек. Біздің де осы «Айбоз» сыйлығын жариялағандағы басты мақсатымыз – жаңа қазақ әдебиетіне сүйекті де сүбелі шығармалардың көптеп қосылуына ықпал ету болатын. Бүгінгі әдеби ұлттық сыйлыққа ие болған барша қаламгерді шын жүректен құттықтаймын, - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Министр қолданыстағы заңнамаға кітап шығаруға қатысты өзгерістер енгізілгенін де атап өтті.

Кейінгі кезде әдебиетті цифрлы әлем ысырып тастады деп көп естиміз. Әлеуметтік желінің жеңіл жанрлары көркем шығармаларға жол беретін емес деп алаңдаймыз. Бірақ, біз әдебиет қаншалықты нәзік болғанымен, соншалықты қуатты екенін ескере бермейміз. «Әдебиет өз бетімен дамуы қажет» деген пікірді де жиі естіп жатамыз. Әрине, нарық реттейтін тұстар болуы керек. Дегенмен, тарихтағы тұңғыш заманауи роман, Мигель де Сервантестің «Дон Кихоты» да арнайы сұраныспен жазылып, әлі күнге дейін сөремізден де, сөмкемізден де түспей келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Әдебиетімізге жаңа есімдер мен тың туындылардың қосылуына айрықша мән беріп отырмыз. Биылдан бастап «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен отандық авторлардың бұрын-соңды жарық көрмеген жаңа кітаптарын шығаруды бастадық, - деді Дәурен Абаев.

Сонымен, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары:

«ҮЗДІК ПОЭЗИЯ» аталымы бойынша «Жұмбақ арал» поэмасының авторы Батырхан Сәрсенхан жеңімпаз атанды.

«ҮЗДІК ПРОЗА» аталымында белгілі жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Тырнақ» повесті үздік деп танылды.

«ҮЗДІК ДРАМАТУРГИЯ» аталымы бойынша «Мың мен жалғыз...» пьесасымен белгілі режиссер, жазушы Талғат Теменов, «Үздік аударма» аталымында Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллаларының аудармасы үшін Кенжебай Ахметов, «ҮЗДІК БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ» «Іздер құпиясы» шығармасымен Бекен Ыбырайым, «ҮЗДІК КІТАП ДИЗАЙНЫ» аталымында «Кенесары хан уа сұлтан» кітабымен AmalBooks баспасы жеңімпаз деп танылды. Айта кетейік, қазылар алқасының шешімімен биыл «ҮЗДІК КОМИКС» аталымы бойынша марапат берілмейтін болды.

Қазылар алқасы жабық форматта жұмыс істеді. Марапаттау рәсімі барысында жүргізуші жеңімпаздардың аты-жөнін ғана емес, үздіктерді анықтаған қазылар алқасының құрамын да жарияланды. Сонымен, қазылар алқасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, ақын Маралтай Райымбекұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дидар Амантай, жазушы, сыншы-аудармашы Осман Төреғұлұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,жазушы Жұмабай Шаштайұлы, белгілі аудармашы-сыншы Әлия Бөпежанова, әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Гүлнар Салықбай, баспагер-дизайнер Александр Садвакасов, жазушы Садық Шерімбек, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, аудармашы Мейірхан Ақдәулет төрелік етті.

Байқауға қатысқан авторлар да, олардың жұмысын сараптаған қазылар алқасы құрамы да соңғы сәтке дейін құпия болды. Біз шығармаларды оқып, баға бергенде авторлардың аты-жөнін, жасын, жетісіктері жайлы білген жоқпыз. Жасырын болды. «Айбоз» сыйлығы өз орнын тапқан әділ сыйлық болды деп есептеймін. Себебі әдебиетімізде Халықаралық «Алаш» сыйлығы бар, содан кейін Мемелекеттік сыйлық бар, осы екеуінің арасында дәл осы «Айбоз» секілді әдеби сыйлық керек еді. Мәдениет министрлігінің ыждахатымен дүниеге келген сыйлық үшін қаламгерлер қауымы атынан алғысымды білдіргім келеді, - деді қазылар алқасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

EL.KZ
Бөлісу: