Аяздың әсерінен көлікте өрт туындауы мүмкін

13 Желтоқсан 2023, 01:27 769

Ауа температурасының төмендеуіне байланысты автокөлікте өрттің туындау қаупі артады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жүргізушілер көліктерін жылытқан кезде әрдайым қауіпсіз құралдарды пайдалана бермейді. Автокөліктердің электр жабдықтарының жағдайына ерекше назар аудару керек. Ал қосымша жабдықты тек білікті мамандарға орнатқызған жөн.

Жыл басынан бері елімізде көлік құралдарында 2 014 өрт тіркелді.

Көлік құралдарында өрттердің пайда болуының негізгі себептері автокөлік құралының электр жабдығын орнату және пайдалану қағидаларын бұзу; газ жабдығын орнату; отын және электр жүйесінің ақауы; қозғалтқыштарды ашық от көздерімен жылыту болып табылады.

Көлікте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ бөлімшелері барлық жерде профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Бұл «ГАЗБАЛЛОН» профилактикалық іс-шарасы, автожолдар мен паркингтердегі рейдтік іс-шаралар, жиындар, дөңгелек үстелдер және басқалар. Жыл басынан бері автокөлікте пайдалану кезінде газ баллонды жабдықтардың қауіпсіздік талаптарын түсіндіре отырып, көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен 638 рейд, 379 жиын өткізілді.

Ұйым басшыларымен 46 дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 10 мыңға жуық адам және 6 мыңнан астам жүргізуші түсіндіру жұмыстарымен қамтылды.

ТЖМ көлікте өрттің алдын алу үшін азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады:

- суық мезгілде қозғалтқышты жылыту үшін ашық от көздерін пайдаланбаңыздар және машинада электр жабдықтарын өз бетінше жөндемеңіздер;

- көліктің сымдары мен жанармай жүйелерін мүмкіндігінше жиі тексеріңіздер;

- автокөлікті өз бетінше жөндеу және пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасының қарапайым ережелерін сақтаңыздар;

- егер сіздер жолда бықсыған иісті сезсеңіздер, дереу тоқтап, оттықты, мүмкін болса, аккумуляторды да өшіруіңіздер;

- өртті бастапқы кезеңде сөндіргішпен сөндіруге тырысыңыздар;

- өрт кезінде «101» немесе «112» телефондары арқылы хабарлаңыздар, оқиға орнының нақты мекенжайын көрсетіңіздер және өрт сөндірушілердің келуін күтіңіздер.

Берік Арманов
Бөлісу: