Аязда жолда қатып қалған электромобильдердің видеосы тарады

15 Желтоқсан 2023, 14:00 5909

Аязды күндер электромобильдер үшін нағыз сынаққа айналды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде жол бойында қатып қалған электрокарлардың видеосы көптеп тарап жатыр.

Биыл элоктромобиль сатып алған қазақстандықтардың көбісінде алғашқы қысты қалай өткіземіз деген сұрақтың болғаны рас.

Электромобиль – қалаға арналған таптырмас көлік құралы, дегенмен қалааралық жолдарға әзірге олар ыңғайсыздау, себебі тиісті инфрақұрылым жоқ. Сол үшін де алыс сапарға шығарда жанармаймен жүретін көлікке басымдық берген дұрыс секілді.

Бұған әлеуметтік желіде тараған видеолар да дәлел. Солардың бірінде электромобильдің жол ортасында қатып қалғанын көруге болады.

Мамандардың сөзіне қарағанда, тоқпен жүретін көліктердің жаппай қатып қалуына аязда қуат күшінің артық жұмсалуы себеп. Ал мұны кейбір жүргізушілер есепке алмаған.

Қуат күшінің шығыны

АҚШ автомобиль қауымдастығы мамандарының айтуынша, ауа температурасы -7°C-ден төмен болған жағдайда, мұндай көліктер қуат күшін қолдануды әдеттегіден гөрі 25 пайызға арттырады. Одан қалды көлік салонын жылытуға кететін қуат тағы бар.

Ал неміс зерттеушілері температура төмендеген сайын электромобильдер тиісті межеден екі есе аз жүреді. Яғни трассада 300 шақырымның орнына небәрі 160 шақырым ғана жүре аласыз деген сөз.

Әсіресе біздің Қазақстан секілді қалалардың арасы кемінде 500 шақырымды құрайтын елдерде қыстыгүні электромобиль аса сенімді көлік түрі емес.

Мұның алдында Оңтүстік Кореяда бақылаушы органдар электромобильдердің аязда қуат күшін артығымен пайдаланатынын ескертпеген автоөндірушілерге айыппұл салған. Өйткені бірқатар заманауи электромобиль 200 шақырымдық межені де еңсере алмаған.

Мамандар қыс енді басталғандықтан, аязды күндер әлі алда екенін, сондықтан электромобиль жүргізушілеріне сақ болу керектігін ескертеді. Себебі олардың батареялары 40 градустан төмен температурада қанша шақырымға жететіні белгісіз.

@insta_man_official_ -19 и все электрокары пошли в спячку #электрокар #voyah #zeekr001 #l9 #byd #таможня #транзит #селабатарейка #алматы #бишкек #ташкент #москва ♬ Time to Say Goodbye (Solo Version) - Sarah Brightman

Электромобиль – болашақтың көлігі

Сөйте тұра электромобильдер болашақтың көлігі екені сөзсіз. Айталық, электромобиль кептелісте тұрғанда, қозғалтқышы өшіп, тиісінше қуаты үнемделеді. Ал жанармаймен жүретін көліктерде мұндай функция жоқ.

Одан қалды электромоторлардан қорықпауға болады. Олар қолданысқа берілгеннен кейін араға 15-20 жыл салып қана жөндеуді қажет етуі мүмкін.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: