Аяз атаға сену баланың психикалық жағдайына кері әсер етпейді, қайта оның эмоциялық және танымдық дамуына оң ықпал етеді. Бұл туралы Пермь политехникалық университетінің (Ресей) мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мамандардың айтуынша, ертегі кейіпкеріне сену балалардың қиялын дамытуға, эмоциясын басқаруға және өз құндылығын сезінуге көмектеседі. Сонымен қатар бұл сенім бала бойында мейірімділік, әділдік пен қамқорлық сияқты маңызды түсініктердің қалыптасуына ықпал етеді.
Аталған ЖОО-ның «Әлеуметтану және саясаттану» кафедрасының доценті, психология ғылымдарының кандидаты Ольга Юрьева бұл сенімді баланың дамуы үшін маңызды кезең деп атап өтті.
Психология тұрғысынан алғанда, Аяз атаға сену – баланың қалыпты дамуының бір бөлігі. Мереке атмосферасы «мен – жақсы баламын» деген базалық сезімді қалыптастырады. Бұл оған өз-өзін жақсы бағалауына әсер етеді, – дейді маман.
Ғалымдардың пікірінше, бұл дәстүрдің психологиялық қана емес, мәдени және әлеуметтік маңызы да бар. Ол ұрпақтар сабақтастығын күшейтіп, отбасын ортақ эмоциялар мен дәстүрлер арқылы біріктіреді.
Ал «Философия және құқық» кафедрасының ассистенті, клиникалық психолог Михаил Сухогузовтың айтуынша, Аяз атаға сену – ата-ана үшін балаға қамқорлық танытып, жылы естеліктер қалыптастырудың бір жолы.
Жас ерекшелік психологиясы тұрғысынан алғанда, шамамен 5 жасқа дейін сиқырға сену қалыпты құбылыс саналады. Бұл кезеңде балалар шынайы өмір мен қиялды нақты ажырата бермейді, ал «ғажайып жайлы ойлау» ойын мен күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады, – деді маман.
Сонымен бірге балалардың «шындықты білуге» қатысты реакциясы әртүрлі болуы мүмкін. 3-4 жастағы кейбір балалар Аяз атадан қорқуы ықтимал. Ал кей жағдайда құпияның кенет ашылуы баланың эмоциялық күйзелісіне әкелуі мүмкін.
Мамандар, егер бала өзі сұрақ қоймаса, шындықты ашық айтуға ең қолайлы жас 9-10 жас шамасы екенін айтады. Бұл кезде Аяз атаның мерекенің, отбасылық дәстүрдің символы екені, ал «сиқырды» ата-ананың сүйіспеншілікпен жасағаны түсіндірілгені жөн.
Сарапшылар балаға шындықтың өзі емес, ересектердің бұрыс әрекеті көбірек кері әсер ететінін ескертеді. Әсіресе Аяз ата кейпіндегі әкесін «ол сенің әкең емес, алыстан келген ата» деп сендіру – қауіпті.
Мұндай әрекет газлайтингке ұқсайды және баланың жақындарына деген сенімін әлсіретіп, ішкі қақтығысты күшейтуі мүмкін. Егер отбасында о бастан-ақ Аяз ата – мерекенің символы, ал сыйлықтар жақындарының махаббаты екені айтылса, бұл балалық шақтағы сиқырды жоққа шығармайды. Ол бірлескен дәстүрлер, қамқорлық пен шығармашылық арқылы қалыптасады, –деп түсіндірді Михаил Сухогузов.