23.10.2025
10:40
4917
Аягөз горнизонындағы сарбаздардың шынайы өмірі қандай?

Аягөз горнизонындағы сарбаздардың шынайы өмірі қандай?

Қорғаныс министрлігінің ұйымдастырған баспасөз туры аясында тілшілер  Аягөз гарнизонында орналасқан артиллериялық бригаданың тыныс-тіршілігімен және сарбаздардың күнделікті қызметімен танысты, деп хабарлайды  El.kz интернет порталының тілшісі.

БАҚ өкілдері елордадан Аягөз қаласына арнайы әскери бортпен барып, әскери бөлімнің оқу-жаттығу процесін өз көздерімен көрді.

Атап айтқанда, 10181 әскери бөлімінде журналистер оқу корпусын аралап, тренажер сыныбындағы сабақтарға, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар операторларының практикалық жаттығуларына, сондай-ақ Т-72 және БМП-2 танктерінен орындалған жаттығу атыстарына қатысты.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Сондай-ақ қатысушылар механик-жүргізушілер мен зеңбірекші-танк операторларының, жаяу әскердің жауынгерлік машиналарын басқару және дайындау процесін бақылап, әскери дайындықтың заманауи әдістерімен танысты.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бұдан кейін журналистер «Оңтүстік» әскери қалашығында болып, оның инфрақұрылымымен және жеке құрамның тұрмыс-тіршілігі үшін жасалған жағдайларды көрді. Сарбаздар тұратын казарманы, асхананы және әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетілетін консультативтік-диагностикалық орталықты аралады.

Жас сарбаздарға әлеуметтік қолдау

Аягөз гарнизонында өткен баспасөз туры барысында БАҚ өкілдеріне «Сарбаз 2.0» бағдарламасының жүзеге асу барысы және армия мектебінен өткен жастарға берілетін білім мен жұмыспен қамту мүмкіндіктері таныстырылды.

Абай облысының қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Руслан Омаровтың айтуынша, күзгі әскери шақырылым 1 қыркүйектен басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Қазіргі таңда Абай өңірінде күзгі әскери шақырылымда 800-ге жуық жас сарбаз отан алдындағы борышын өтеп жүр.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Сондай-ақ полковник мемлекет тарапынан мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға және жас сарбаздарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Бұл шаралар әскер қатарына шақыру процесін жеңілдетіп қана қоймай, әскери қызметтің тартымдылығын айтарлықтай арттырған.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтар Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне қарамастан жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл мүмкіндік ақылы және гранттық негізде де қарастырылған. Сонымен қатар олардың бұрынғы жұмыс орны сақталады, яғни қызметінен айырылмайды, – дейді полковник Руслан Омаров.

Яғни, мемлекет есебінен оқып жүрген (грант иегері) азаматтар үшін оқу аяқталған соң міндетті еңбек өтеу талабы болмайды. Олар бұл міндеттен босатылады. Сондай-ақ егер әскери қызметке шақырылған сарбаздардың банктік несиелері болса, қызмет мерзімінде ол несиелердің төлемі уақытша тоқтатылады.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бұдан бөлек, әскери борышын өтеген азаматтар әскери кафедрасы бар жоғары оқу орындарына түскен жағдайда, болашақта офицерлік атақ алуға мүмкіндік алады. Ал қызмет барысында сарбаздар арнайы оқу-жаттығудан өтіп, мемлекеттік үлгідегі сертификатқа ие болады. Бұл құжат олардың азаматтық салада кәсіби қызметпен айналысуына жол ашады.

Қазіргі таңда цифрландыру мен әскери-патриоттық тәрбие және жастар арасында әскери қызметтің беделін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалардың барлығы мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсету мен елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған, – департамент басшысы.

Әскердегі ашықтық пен жаңашылдық

Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Арынғали Ақышевтың айтуынша, бүгінгі таңда әскери бөлімдерде сарбаздардың психологиялық бейімделуіне ерекше көңіл бөлінеді.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Қазір сарбаздарды психологиялық тұрғыдан қолдау бағытында арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біз олармен тест өткіземіз, жеке сөйлесеміз. Әскерге алғаш келген кезде бейімделу кезеңін жеңілдету – басты мақсатымыз, – дейді Арынғали Әкішев.

Әскери борышын өтеу барысында сарбаздарға жаңа заманауи технологияларды, соның ішінде дрондарды басқару тәсілдерін үйрету қолға алынған. Бұл бағытта «Сарбаз 2.0» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Әскери қызметін аяқтағаннан кейін сарбаздар жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл – мемлекет тарапынан жасалған үлкен мүмкіндік, – деді ол.

Сонымен қатар сарбаздармен ашық диалог барын атап өтті.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Кейде сарбаздарда түсінбеушіліктер немесе қиындықтар туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда олар бізге тікелей келіп айта алады. Кейбірі ұялып офицерлер мен сержанттарға шағымданбайтын кездері болады. Сондықтан біз ашықтық принципін ұстанамыз, – деді құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Арынғали Әкішев.

Әскер өмірлік сабақ берді

«Айбалта» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысқан жауынгерлер қойылған міндеттерді орындау барысында алған тәжірибелері туралы айтып берді.

Қатардағы жауынгер Әділет Әкішбаевтың әскери борышын өтеу мерзімі аяқталуға жақын. Үйіне оралуына небәрі 10 күн қалған.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Әділеттің айтуынша, әскери борышын өтеу кезеңі оның өмірінде ерекше орын алған.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Әскердегі уақытым тез өтіп кетті. Қызмет мерзімімнің аяқталуына бір ай қалғанда жоғары оқу орнына түсуге дайындалып, тест тапсырып, жақсы ұпай жинадым. Алдағы уақытта география пәнінің мұғалімі болуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Жас сарбаз әскери қызметке өз еркімен келген. Қазір ол аға маман көздеуші болып қызмет атқарады.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Әскерде полигонға жиі шығамыз. Әртүрлі снарядтар атып, олардың қашықтығын өлшейміз. Бұл өте қызықты жұмыс. Әскер адамға шыдамдылық пен дәлдік үйретеді, – дейді жауынгер.

Ол көптеген жастардың әскерге барудан не себепті жалтаратынын айтып берді.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Көбісі «әскерде ұрып-соғады» деп қорқады. Ал шын мәнінде ондай нәрсе жоқ. Бәрі тәртіппен, өз деңгейінде өтеді. Таңғы алтыда тұрып жүгіру, жаттығу жасау алғашында қиын көрінгенімен, бір аптада үйреніп кетесің. Әскер адамды ерік-жігерге тәрбиелейді, – дейді сарбаз.

Сөз соңында ол туған үйін, отбасын сағынғанын да жасырмады.

Әрине, үйді сағындым. Бірақ ел қорғау – қасиетті борыш. Бұл уақыт мені өмірге мүлде басқа көзқараспен қарауға үйретті, – дейді Әділет Әкішбаев.

Танкистердің дайындығы

Сондай-ақ БАҚ өкілдері Аягөз гарнизонында орналасқан әскери бөлімнің оқу-тренажер кешенінде болды. Бұл жерде сарбаздар мен әскери мамандарды кәсіби тұрғыда даярлау жүйелі түрде жолға қойылған. Орталықта танк экипажының негізгі құрамын көздеуші, танк командирі және механик-жүргізуші мамандарын оқыту жүргізіледі.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бұл тренажерлер 2015 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде еш ақаусыз қызмет етіп, оқу процесін жетілдіруге және мамандарды сапалы даярлауға үлкен мүмкіндік беріп отыр, – дейді әскери бөлім командирінің жауынгерлік және дене даярлығы жөніндегі орынбасары, подполковник Әділет Идиришев.

Тренажер кешенінде жаңадан келген сарбаздар алдымен теориялық сабақтардан өтеді. Одан кейін тәжірибелік кезеңге өтіп, танк техникасын басқару мен көздеу жүйесін меңгереді.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Бір ай көлемінде сарбаздар сабақ кестесіне сай осында келіп, практикалық жаттығулар жасайды. Бір айдан кейін олар полигонға шығып, Т-72 танкісінен нақты жауынгерлік атыстар орындайды. Бұл кезеңде сарбаздар толық дайындықтан өткен мамандарға айналады, – дейді подполковник.

Тренажер кешенінің басты артықшылығы – жанар-жағармай мен оқ-дәрі шығынынсыз оқыту мүмкіндігі.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Тренажердағы оператор сарбаздың әрбір іс-әрекетін қадағалап отырады. Егер жүргізуші немесе көздеуші қандай да бір қателік жіберсе, жаттығу бірден тоқтатылады. Радио байланыс арқылы нұсқау беріліп, қателік түсіндірілгеннен кейін жаттығу қайта жалғасады, – дейді Әділет Идиришев.

Мұндай заманауи әдістемелердің арқасында Аягөз гарнизонында дайындалған сарбаздар мен мамандардың кәсіби деңгейі жылдан жылға артып келеді. Олар тек әскери техниканы меңгеріп қана қоймай, нақты жағдайларда жедел шешім қабылдай білуге де машықтанады.

Жас сарбаздың әскердегі алты айы

10810 әскери бөлімінің жауынгері Жандос Әуелбек Аягөз қаласындағы әскери бөлімде борышын өтеп жүр. Ол Көкшетау қаласынан шақыртылған, қазіргі таңда қызмет етіп жүргеніне алты ай болған.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Жандостың айтуынша, жарты жылдық әскер өмірі оның дүниетанымына елеулі өзгеріс әкелген.

Алты айдың ішінде көп нәрсе үйрендім. Әскер адамды тәртіпке, тазалық пен жинақылыққа баулиды. Ең бастысы – жауапкершілікті сезінуді үйретеді. Әскер – өмір мектебі деуге болады, – дейді жас сарбаз.

Бастапқыда әскери өмірге бейімделу оңай болмағанын да жасырмады.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Басында әскерге баруға сәл қорыққан едім. Бірақ уақыт өте келе бәрі өз орнына түсті. Көзді ашып-жұмғанша алты ай өтіп кетті. Қазір бәрі жақсы. Күнделікті үш мезгіл тамақ беріледі, жағдай толық жасалған, – дейді ол.

Жас сарбаз өз қатарластарына да әскери борыштан қашпауға кеңес береді. Оның пікірінше, отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Әскерден кейін өрт сөндіруші мамандығы бойынша еңбек етуді жоспарлап отырмын. Мұнда алған тәртіп пен дағды ол жұмысқа да қажет болады, – дейді қатардағы жауынгер.

Әскердегі ас мәзірі

Сарбаздардың күнделікті өмірі тәртіп пен жауапкершілікке ғана емес, сонымен қатар дұрыс тамақтануға да тікелей байланысты. Қарқынды жаттығулар мен әскери қызметтің физикалық жүктемесін ескере отырып, әскерде тамақтану жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Аягөз гарнизонында орналасқан әскери бөлімде жауынгерлер күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Әр сарбаздың ас үлесіне мемлекет тарапынан күніне 2250 теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа сарбаздарға құнарлы тағамдар дайындалады.

Мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерде сарбаздарға қосымша тәтті-дәмдер мен жемістер ұсынылады. Бұл дәстүр сарбаздардың көңіл-күйін көтеріп, олардың мерекелік рухын арттыруға бағытталған.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Қарауылдық қызмет атқаратын сарбаздар үшін де арнайы үлес қарастырылған. Олар ірімшік, шұжық, сары май, қант және өзге де тағамдармен қосымша қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, әскери бөлімдерде сарбаздар жыл сайын ерікті түрде қан тапсыру акциясына қатысады. Бұл шара кезінде әскери үлеске гемотоген, шоколад, жеміс шырыны, шай және кептірілген жемістер қосылады.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Мұндай қамқорлық сарбаздардың денсаулығын сақтауға, олардың бойындағы патриоттық рух пен жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

БАҚ өкілдері Аягөз гарнизонында сарбаздардың бос уақытын қалай өткізетінін де көрді. Республика күніне арналған концерттің дайындығына қатысып, әскери бөлімнің көркемөнерпаздар ұжымының өнерін тамашалады.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Мәдени шаралармен қатар, әскери бөлімнің мұражайында журналистерге сарбаздардың ерлік жолынан сыр шертетін жәдігерлерді, тарихи құжаттар мен мұрағаттық фотосуреттері көрсетілді. Мұражайда сақталған материалдар бөлімнің қалыптасу тарихынан бастап, оның жауынгерлік жолын айғақтайды.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ

Сонымен қатар ұлттық мерекеге орай спорт кешенінде спартакиада ұйымдастырылып, сарбаздар волейбол, шағын футбол және күш сынасу жарыстарында өзара бақ сынады. Мұндай іс-шаралар сарбаздардың рухын көтеріп қана қоймай, олардың ұжымдық бірлігін, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.

El.kz/Амангүл ТІЛЕЙҚЫЗЫ