«Авторлығымды көрсетпеді». Мархаба Сәби әнші Мирас Жүгінісовке өкпелі

12 Желтоқсан 2023, 12:15 3332

Танымал әнші, композитор Мархаба Сәби ағайынды Жүгінісовтерге, оның ішінде Мирас Жүгінісовке өкпелі екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін мен Мирас Жүгінісовке, жалпы Жүгінісовтер отбасына деген ренішімді, көңілімнің қалғанын айтқым келіп отыр, осыған дейін үндемей келдім. Бірақ біраз миға қонбайтын нәрселер жасап жатыр. Біз Мирас Жүгінісов, Мұрат Қабылов деген тамаша композитор бала үшеуміз 2018-2019 жылдары Мирастың алғашқы шығармашылық бастамасын бастағанбыз. Мұрат Қабылов әнін, мен сөзін жазамын. «Әдетте тәтті-тәтті бәрі басында», «Сүйем, сені сүйем», «Мың есе», «Ол» сияқты әндерді жаздық. Біраз сәтті жұмыс істелді. Сол кезде мен мәтінді 70 мың теңгеге дейін жаздым. Бірақ мен ақша үшін жасаған жоқпын, Мұраттың әндерін ұнаттым. Бір кезеңге дейін жақсы жұмыс істеп келдік. Бірақ әндері жақсы тарап, атақ келе бастаған соң, Мирастан бір өзгеріс байқадым. Көкірегін көрдім, мінезін байқағаннан кейін «осы жерден тоқтата қояйық, мен саған енді мәтін жазбаймын. Бірақ осыған дейін жазған жұмыстарды айта бер, орындай бер, себебі халыққа тарап кетті, мен қызғаншақ адам емеспін, қызығын көре ғой» деп бердім, -  дейді өнер иесі. 

Мирас Жүгінісов композитордан кешірім сұрағанын айтты.

Негізі барлық жерде Мархаба ханымның автор екені көрсетілген. Менің сұхбаттарымды көрген адамдар біледі, мен барлық жерде Мура досымның әнін жазатынын, Мархаба ханымның сөзін жазатынын және сөздері бөлек екенін айтып жүремін. «Қазақстан дауысында» редакторлар қазіргі автордың атын қателікпен жазып жіберіпті. Ол үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Жеке де хабарласып, кешірімін алдық, - деп жазған әнші.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: