Автокөлік өндірісі: Жеткен жетістік пен болашаққа жоспар

24 Мамыр, 17:00 2294

Үкімет отандық машина жасау саласын одан әрі дамытуға ниетті. Бүгінде елімізде автокөлік жасау саласында 6 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Осы ретте  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваны сөзге тартып, отандық автокөліктердің әлеуеті мен өндірістің алдағы жоспары жайында сұрады.

Оның сөзінше, осы уақытқа дейін одақ мүшелері айтарлықтай жұмыс атқарған және әлі де жұмыс істеу үстінде.

Қазақстанда автоөнеркәсіп инвестициясы белсенділігін жоғалтқан жоқ, бұл нәтижеге оң әсерін беріп жатыр. 2024 жылы жүзеге асуға тиіс мақсаттың бірі – жұмыс орындарын көбейту. Қазірдің өзінде кәсіпорындардың барлығы автомобиль жасау саласында қызмет ететін білікті кадрлар дайындау үшін колледж, университеттермен бірге оқыту бағдарламаларын жасап жатыр, – деді Қазақстан автокөлік одағының президенті.

Биыл сәуір айында елдегі кәсіпорынның күшімен 13 мың 873 әртүрлі дөңгелекті техника шығарылса, оның 12 мың 926-сы жеңіл автомобильге тиесілі болған.

2024 жылдың төрт айында Қазақстан аумағында жалпы құны 593,1 млрд. теңгені құрайтын 46 мың 894 техника жасалған. Ал былтырғы жылы 515,6 млрд. теңгеге 44 мың 724 техника шығыпты. Демек, өндіріс көлемі 2023 жылғы қаңтар мен сәуір аралығындағы көрсеткіштен 4,9% жоғары болды.

ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, автомобиль өндірісі елдің машина жасау саласы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуын жалғастырып келеді.

Қазір автоөнеркәсіп үлесі 42,9% құрады, бұл салада 6 мыңнан аса адам қызмет етеді. Бүгінгі таңда Алматы (Chery, GWM, Changan мультибрендік зауыты) мен Қостанайда (Kia) екі зауыттың, сондай-ақ автокомпоненттер өндіретін бірнеше кәсіпорынның құрылысы жалғасуда. Іске асырылып жатқан жобалардың нәтижесінде қосымша 7,3 мың жұмыс орны ашылмақ. Бұл жобаларға құйылатын инвестицияның жалпы сомасы 760 млрд. теңгеден асады, – деді Анар Мақашева.

Сонымен отандық автөкөліктерді тізгіндейтіндердің сұранысы артқан. Мәселен биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша Қостанайдағы Allur зауыты 30 мың 210 бірлік техника шығарыпты. Сондай-ақ Алматыда (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) 13 мың 499 бірлік жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника жасалса, Семейдегі кәсіпорындар (СемАЗ, Daewoo Bus Kazakhstan) 1 682 бірлік коммерциялық көлік шығарған екен.

Қарағанды қаласы да (QazTehna) бұдан қалыспай 411 бірлік техника, Көкшетауда (КАМАЗ-Инжиниринг) клиенттеріне 310 бірлік коммерциялық техника жөнелткен. Ал Оралда орналасқан Уральскагрореммаш 36 бірлік техника шығарыпты.

жеке мұрағат

Анар Мақашева қазіргі уақытта шетелдік автоөндірушілерден сертификат алған төрт зауыт салынуда екенін айтты. Олар – SLP-лак-бояу материалдарын шығаратын компания, Kazakhstan Mobility Engineering мультимедиялық жүйелер өндірісі, Vehicle Almaty – автокөлік орындықтарының өндірісі және «Автопласт технологиясы» пластикалық бөлшектер мен полиуретанды кілемшелер өндірісі.

Осы өндірістерді пайдалануға беру жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жұмыстың нәтижесінде бүгінде автокөлік жасау саласында 6 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 4 мыңға жуығы саланың оқытылған техникалық кадрлық құрамы болып табылады, – деді ол.

Алдағы жылдары салада қосымша 7,3 мың жұмыс орны құрылмақ. Қақстанның автокөлік одағы бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ ниетте.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: