Авиакадрларды даярлау бағытында қандай өзгерістер күтіп тұр?

5 Желтоқсан 2023, 23:45 922

Азаматтық авиация академиясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігі Комитетінің, ҚР Көлік министрлігінің және әуе компания басшылары мен басқа да сала мамандарының қатысуымен авиация саласындағы кадрларға қажеттілік мәселелері бойынша салалық кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Отырыс барысында кадрларды даярлау үдерісін жетілдіру бойынша ұсыныстар мен өзекті мәселелер көтерілді. Академияның оқу бағдарламалары еңбек нарығының қажеттілігіне бейімдеу әдістері талқыланды. Бұл қадам түлектердің сұранысы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін академия саланың қажеттілігін ескере отырып, білім беру бағдарламаларын белсенді түрде өзгертуде, сонымен қатар, елдің әуе компанияларымен байланысты нығайтуда.

Жыл сайын академия 400-600 жас маман шығарады. Бұл көрсеткіш авиациядағы кадрлардың нақты қажеттілігіне қаншалықты сәйкес келеді? Осы мәселе бұған дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көлік саласы үшін мамандарды даярлау жөніндегі тапсырмасына сәйкес өткен Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Көлік министрліктерінің кеңесінде көтерілген болатын.

Сонымен қатар, өңірлік әуежайлармен бірлесіп, жас мамандардың еңбек жағдайлары мен ынталандыру жүйесін дамыту мәселелері қарастырылды. Өйткені өңірлерде мамандардың тапшылығы айқын. Авиация академия түлектерін жаңа дамып келе жатқан облыс орталықтарына тарту керек.

Перизат Саденова
Бөлісу: