07.03.2026
10:04
229
Ауыр техниканы тізгіндеген нәзік жандылар

Ауыр техниканы тізгіндеген нәзік жандылар

Өндіріс пен зауыт десе, көбіне көз алдымызға ауыр еңбек, қызуы қайнаған цехтар мен ер азаматтар елестейді. Алайда бүгінде бұл салаларда ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жандылар аз емес. Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында кран тізгіндеген Зүлфия Кулова мен Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатында еңбек ететін инженер-химик Әдия Кубашева – ауыр өндірісте өз орнын тапқан осындай жандардың қатарында. Олар үшін зауыт – жай ғана жұмыс орны емес, өмір жолының бір бөлшегі.

 Зауыт – тағдырыма айналды

Ақтөбеде апалы-сіңлі кран машинистері бар. Соның бірі – Зүлфия Кулова. Ол Ақтөбе ферроқорытпа зауытының атақты «Комсомолкасы», қазіргі №1 балқыту цехында 22 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ыстық пештің жалыны мен өндірістің қарбаласы оған жат емес.

«Сөздің киесі бар» дейді ғой. Әкем мені кооперативтік колледжге түсіріп, бір кездері дүкенші болып жұмыс істедім. Кейін үлкен апам зауытқа шақырды. Алғаш келгенде айналамдағының бәрі түсініксіз еді. Бетке ұрған ыстық жалын, шоқтар, төбеде қозғалып тұрған крандар. Қорқып кеттім. «Бұл менікі емес» деп кеткім келді. Сол кезде апам: «Бұл сенің қолыңнан келеді. Зауыт әлі-ақ сенің тағдырыңа айналады» деді. Сол сөз маған үлкен серпін берді, – дейді Зүлфия Ержанқызы.

Осылайша оның еңбек жолы төртінші санатты кран машинисі ретінде басталып, бүгінде бұл кәсіпті өмірінің бір бөлшегіне айналдырды.

жеке мұрағат

Кран машинисінің жұмысы сырт көзге оңай көрінгенімен, аса жауапты. Зүлфия шамамен тоғыз қабатты үйдің биіктігіндей жерде отырып жұмыс істейді. Кабинадан төмендегі қызыл жалынға толы өндіріс алаңын бақылап, балқыған металды алып, арнайы ыдыстарға бағыттайды.

Мен үшін бұл – әдемі картина. Құдықтан шелекпен су тартқандай. Балқыған темірді алдымен 200 метрге дейін көтеріп, кранның көтеру күшін тексереміз. Егер бәрі дұрыс болса, 500 метрге дейін алып кетеміз. Бір шөміштің өзі 20-30 тоннаға дейін жетеді. Қазір 30 тонналықты тізгіндеп жүрмін, – дейді ол.

Әр жұмыс 10-15 минутқа созылады. Бір ауысымда төбеде он шақты кран машинисі жұмыс істейді. Қауіпсіздік – басты талап. Әр қимыл мұқият тексеріліп, балқытушылармен рация арқылы байланыс үзілмейді.

Зүлфияның айтуынша, қазіргі заманауи крандар жұмысты қауіпсіз әрі жеңіл еткен. Қорғаныс құралдары да жыл сайын жетілдіріліп келеді.

Ауысымнан кейін шаршағанымды сезбеймін. Себебі өз жұмысымды жақсы көремін. Тіпті демалысқа шықсам да, әріптестерімді сағынып жүремін, – дейді ол.

Бірінші цех ұжымын ол туған бауырындай көреді. Жас краншыларға тәлімгерлік жасап жүр. Көп жылғы еңбегі үшін бірнеше корпоративтік марапатқа ие болған. Кәсіпорында оны «Отты әйел» деп те атайды.

Зүлфияның ұлы Саламат та осы зауытта электрик болып еңбек етеді.

Кран машинисі – ерлер мен әйелдер тең еңбек ететін кәсіптердің бірі. Біздің компанияда дәнекерлеуші, токарь секілді мамандықтарды игерген қыз-келіншектер көп, – дейді ол.

Он бір ағайындының сегізіншісі болған Зүлфия мен оның үлкен әпкесі Ажар өмірлерін осы зауытпен байланыстырған. Ажар жақында ғана зейнетке шыққан.

Мен өзімді бақытты әйелмін деп есептеймін. Бізді қайсар етіп тәрбиелеген ата-анама алғысым шексіз. Сол мінездің арқасында қызуы қайнаған зауыттың бір бұрышында еңбек етіп жүрмін, – дейді кейіпкер.

Инженер-химик әйел

Хромтау – шағын қала болғанымен, өндіріс мамандарына бай өңір. Мұндағы Дөң тау-кен байыту комбинатында көбіне шахтерлер мен ауыр еңбек иелері туралы айтылады. Бірақ жер астынан шыққан хром кенінің сапасын анықтайтын зертханашылардың еңбегі де ерекше. Солардың бірі – инженер-химик Әдия Кубашева.

Анам Мария Әлиленқызы өмір бойы комбинаттың жөндеу-құрылыс цехында еңбек етті. Ал менің бірінші мамандығым – фельдшер. Кейін химия бакалавры атандым. Өмірімде жұмыс бағытын үш рет өзгерттім. Әр жолы бәрін нөлден бастадым, – дейді ол.

2005 жылы Әдия Кубашева Дөң тау-кен байыту комбинатының орталық зертханасына жұмысқа орналасады. Алғашында минералогиялық талдау зертханасының шәкірті болып, өндірістің ауқымына таң қалғанын айтады.

Бұрын зертханашылардың шәкірттік мерзімі алты ай болған. Бірақ Әдия бұл кезеңді екі рет өткеріп, бір жылға жуық тәжірибе жинайды.

жеке мұрағат 

Химия саласындағы алғашқы күнім әлі есімде. Ұжым өте жылы қарсы алды. Тәлімгерім тәжірибелі зертханашы Ольга Кувайцева болды. Оның талапшыл әрі қамқор басшылығымен химиялық зертханадағы еңбек жолым басталды, – дейді.

Алғашында негізгі зертхана учаскесінде жұмыс істеп, кейін кен байыту фабрикасының көміртекті анықтау зертханасында еңбек етті. 2022 жылдан бастап инженер-химик қызметін атқарады.

Комбинаттағы негізгі көрсеткіштердің бірі – дайын өнімдегі хром оксидінің мөлшері. Шахталар кен өндіреді, фабрикалар оны байытады, ал соңғы қорытынды зертханадағы талдаулар арқылы шығарылады.

Яғни кеннің сапасы біздің жұмысымызбен анықталады. Сондықтан зертхана қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ұжымымыз түгелге жуық әйелдерден құралған. Өміріміздің үштен бірін осы жерде өткізетіндіктен, бұл – біздің екінші отбасымыз, – дейді инженер-химик.

Әдияның отбасы да өндірістен алыс емес. Үлкен әпкесі Сандуғаш байыту учаскесінде 42 жыл еңбек еткен. Ал ұлы Тимур комбинатқа қарасты шахтада жұмыс істейді. Екінші ұлы Артур Астанада ғылыми зертханада еңбек етеді.

Бүгінде төрт немеренің әжесі атанған Әдия ханым өмірге сергек қарайды.

жеке мұрағат

Қазір жасым 56-да. Өмірді саналы қабылдап, өзімді дамытуға мүмкіндік көп. Комбинатта ашылған «ALQA» әйелдер клубына да қатысып жүрмін. Мұнда түрлі шеберлік сабақтары, психологиялық тренингтер өтеді. Компания әйелдердің дамуына ерекше көңіл бөледі, – дейді ол.

Әдия Кубашева үшін көктемнің ең жылы мерекесі – 8 наурыз.

Біз қыздар болып 85 жастағы анамыздың үйіне жиналып, мерекені бірге атап өтеміз. Елуден ассақ та, анамыз барда біз әлі де бақытты баламыз, – деді.

Бүгінде өндіріс саласында нәзік жандылардың үлесі артып келеді.