«Ауылдың баласымын». Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановты тергеу басталды

11 Сәуір, 12:20 11956

Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сот отырысында Бақытжан Байжановты тергеу басталды. Ол өз ойын айқын жеткізуі үшін оқиға болған күнді қағаздан оқып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бақытжан Байжанов өзінің қарапайым отбасынан шыққанын және 3 баласы барын айтты.

Менің жасым 33-те. Мен Түркістан облысындағы Темір ауылында тұратын қарапайым отбасынан шыққанмын. Жақындарым менің кесірімнен қиналып жатыр, олардан кешірім сұраймын. Мен уақытын барлар мен кафелерде өткізетіндердің қатарынан емеспін. Гастро орталықта 2022 жылдан бері жұмыс істеймін. Негізінен мен Бишімбаевтың жеке жұмыстарымен айналыстым, балаларды тасу, жөндеу жұмыстары деген сияқты. 

Бақытжан Байжанов Нүкеновтер әулетінен кешірім сұрады.

Сол күні таңертең Гастро орталыққа келгенде Бишімбаевтың түні бойы ішіп, бәрін қиратып, Салтанатты ұрып-соққанын білген едім. Бірақ оның өміріне қандай қауіп төніп тұрғанын түсінбеген едім. Сондықтан мен Салтанаттың туыстарының алдында кінәлімін. Салтанаттың отбасы мені кешіретініне сенгім келеді, - дейді Бақытжан Байжанов.

Ол бұған дейін де бірнеше рет Салтанаттың соққыға жығылғанын көргенін айтты.

Мен бірнеше рет Салтанаттың денесі көгеріп жүргенін көрген едім. Сондай ақ олардың үйіне бірнеше рет жөндеу жұмыстары үшін адамдарды жіберген едім. Менде қираған жиһаздардың суреттері де сақталған. Мен Салтанатты өледі деп ешқашан ойламадым, - дейді Бақытжан Байжанов.

Ол Салтанаттың өте мейірімді болғанын атап өтті.

Мейрамхана қызметкерлері Салтанат тарапынан ешқандай дөрекілік көрген емес. Оны кез келген қызметкер растай алады, - дейді Байжанов.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: