«Ауылды жылда су басады». Қоянды халқы қар суынан қауіптеніп отыр

3 Наурыз 2023, 09:00 1928

Қоянды ауылы Ақмола облысындағы үлкен ауылдардың бірі. Халықтың басым көпшілігі Моңғолия мен Өзбекстаннан көшіп келген қандастар. El.kz тілшісі ауыл тұрғындарының бүгінгі жағдайын біліп, танысу үшін Қояндыға арнайы барып, халықпен тілдесіп қайтты. Бүгінде Қоянды тұрғындарының мұңына айналған мәселе – ауыз су мен жол. 

Ауыл халқы суды 10 шақырым жерден тасып ішеді, одан қалды сатып алады. Өкініштісі бұл жылдан жылға созылып келе жатқан мәселе.

«Ауыз су ауылдың жартысында бар, жартысында жоқ. Суы бар үйлердің өзінде су дұрыс ақпайды, судың қысымы әлсіз. Менің үйімде су бар, дегенмен сенбі және жексенбі күні су ақпай қалады. Ал жұмыс күндері елдің барлығы жұмыста болғандықтан аз болса да ағады. Сол кезде бос ыдыстарға су толтырып аламыз», - дейді ауыл тұрғыны.  

Ауылдағы таксилер апта сайын тұрғындардың үйіне су тасып беріп отырады екен. Тіпті, бұны кәсіптеріне де айналдырып үлгергендері бар.

«Бірнеше жыл бұрын ауылда екі жерде ауыз су алатын дүңгіршек орнатқан. Бірақ ол былтыр ашылды. Тұрғындардың көбісі сол жерде кезекте тұрып, суды сатып алып ішеді. Ол болмаған кезде халық Астанадан су тасымалдайтын, құдықтардан алатын. Дегенмен құдықтағы су тұзды», - дейді тұрғындар.

Арнайы су сататын контейнерге келгенімізде су алуға кезекте тұрған екі адамды көрдік. Судың литрін 1 теңгеден алып жатыр. Іште отырған күзетшіден сұрағанымызда тұрғындар жиі келеді, күніне шамамен 100 литрден астам су алатынын айтты.

«Аптасына 2-3 рет су алуға осы жерге келемін. Әр келген сайын 100 литр су аламын. Бұл әрі кетсе 2-3 күнге жетеді. Орталықта ғана су бар, ал қалған жерлерде су жоқ», - дейді тұрғын.

Тұрғындардың суды сатып алатынын немесе құдықтардан тасып ішетінін көрдік. Дегенмен мұны қарапайым ауыл халқының қалтасы қаншалықты көтеретеді? Әсіресе, мүгедектер мен зейнеткерлерге қиын соғатыны белгілі.  

Зейнеткер Қажан Жұмағұлұлы ауылдағы 5,7,9,10,11 шағын аудандарға су жүргізілмегенін, барлығы жекенің қолында болғандықтан бағасы да қымбат екенін айтады. 

«Ауылдың тең жартысында су жоқ. Қашан келетінін әкімдіктен сұрасақ, олар «келмейді деп те айта алмаймыз, келеді деп те айта алмаймыз» деп жауап береді», - дейді.  

2008 жылы Өзбекстаннан Қоянды ауылына көшіп келген ауыл тұрғыны Алтынгүл Өтепбергенова күтіп-күтіп төзімдері таусылған соң, ауыз суды үйлеріне өз қалтарынан ақша шығарып орнатқандарын айтады.

«2018-19 жылдары №1 шағын ықшам ауданының тұрғындары өздері жиналып, жарық пен суды үйге өзіміз керек жабдықтарды әкеліп орнатып алдық. Оған 1 млн-нан астам қаражат жұмсалды. Көшедегі әр үй ақша шығарып, бірге жасадық. Су орнататын компания  бізді «картада, тізімде жоқсындар» деп, құбыр жүргізуден бастартты. Болмағасын  барлығын өз қаржымызбен орнатып алдық», - дейді Алтынгүл Өтепбергенова.   

Байқауымызша, ауылдың негізгі көшелеріне тас жол төселген. Бірақ бұл да дәл ауыз су секілді ауылдың жартысында бар, жартысында жоқ екен.

«Былтыр үкіметке Қояндыда 41 көшеге асфальт төселді деп есеп берілген. Дегенмен ауылда не бары 8 көшеге ғана асфальт төселді. Оның өзінде барлық көшеде бірдей толық емес. Жартылай ғана төселген деп айтуға болады. Мысалы, Бөгенбай батыр, Алматы және Жібек жолы көшелерінің жартысында асфальт бар, жартысында жоқ. Асфальт төсеуді 3 жыл бұрын бастаған, әлі аяқталмады. 2 рет сот болды деген. Жұмыстың басын бастайды, жаздай ештене істелмей жатады, күзде біраз қимылдайды. Сосын ануа компания жеп кетті, мынау компания жымқырды деп, сонында жолсыз қалдық», - деп ашынады ауыл тұрғындары.

Дегенмен өткен жылдармен салыстырғанда биыл жол бойы қардан тазаданып, мұз басқан жолдарға құм себілетін болған. 

Ауыл тұрғындар үшін қала мен ауыл арасына қоғамдық көлік қатынайды. Бірақ ол да негізгі көшемен ғана жүреді. Ауылдың шет жағында тұратындар күннің ыстығында да, боранында да үйлеріне жаяу немесе таксимен жетуге мәжбүр. Тұрғындар автобустың санын көбейтуін де өтінген.

Сонымен қатар, ауылды жылда су басатын көрінеді. Биыл да ауылды су алу қаупі жоғары. Ауыл тұрғыны Алтынгүл Өтепбергенова жылда қайталанатын құбылыс екенін айтты: «Ауылға жылда су алу қаупі төнеді. Былтыр қызымның үйін су алып, балаларымен бірге көшіп-қонып жүруге мәжбүр болды», дейді.

Бірі су қаупінен жақындарының жағдайын уайымдаса, енді бірі күнделікті жұмысқа жету мүмкін болмай қалатынын айтады: «Ауылды жылда су басады. Қозғалыс қиындайды. Дегенмен биыл барлығын тазалаймыз деп жатыр. Оны көре жатармыз» дейді ауыл тұрғыны.

2016 жылы Моңғолиядан Қояндыға көшіп келген тұрғын қыста жолдың қамы екі есе қиындайтынын жеткізді.

«Ауылда жол мәселесі қиын мәселе. Қар дұрыс тазаланбаған. 2-3 күн бұрын ғана жол апатына түсіп, бір кішкентай баланы қағып кеттім. Тас жол тайғақ болды. Бұл өте қауіпті. Бізге ең бастысы жолды шешіп берсе. Көктемде жолды су басып, батпақ кешеміз», - дейді ол.  

Ауыз су мен жолдың мәселесін ысырып қойғанда, ауылда жарықпен де үлкен мәселе бар көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, көшеге жарықтар былтыр қараша айында орнатылып бастаған. Оның өзінде 2-3 көшеде ғана жарық бар.

Сондай-ақ, тұрғындар көшеге жарық орнатылғаннан бастап, ай сайынғы төлем ақының қымбаттап отыратынын атап өтті.

«Жарықтың төлем ақысы ай сайын қымбаттайды. Оны бізге ескертпейді де, не үшін қымбаттап жатқанын айтпайды. Ай сайын шамамен 2000 теңге үстіне қосылып отырады. Бұған дейін ауылдың көшелерінде мүлдем жарық болмады. Былтыр жаңа жылдың алдында негізгі жолдан бастап жарықтар орнатты. Қоқысқа да ақшаны көп төлейтін болдық. Қоқыстың құны келісімшарт бойынша 1200 теңге деп бекітілген, дегенмен қоқысқа да 2000 теңге төлейміз. Оның өзінде қоқысты қыста біресе алып, біресе алмай кетіні бар», - дейді ауыл тұрғыны Алтынгүл Өтепбергенова.

Зейнеткер Қажан Жұмағұлұлы болса басқасын есептемегенде, жарықтың өзіне кем дегенде 25 мың теңге төлейтінін айтады.

Ауылда былтырдан бастап газ құбырын орнату жұмыстары басталды. Жоспар бойынша биыл жыл соңына дейін жылу берілуі тиіс. Дегенмен бұл мәселеге де тұрғындар сұрақ белгісімен қарайды.

«Жылу қашан берілетіні белгісіз. Әкім үйдің құжаттарын реттендер, тіркеуге тұрындар деп ескертті. Биыл күзге дейін жылу жұмыстары бітеді деп күтеміз», - дейді тұрғындар.

Тұрғындардың мәселесін естігеннен кейін Қоянды ауылының әкімімен байланысқа шығуға тырыстық. Дегенмен ауыз су мәселесіне қатысты бір ғана сұраққа жауап ала алдық.

«Жақында халыққа бұл мәселе жөнінде есеп бердім. Сол кезде барлығы нақты көрсетілді. Аудандық құрылыс бөлімі 3 жыл судың қосымша бөлімін тазартты. Ендігі таңда жұмыс аяқталуға жақын. Биыл үкіметтен ақша бөлінсе екінші кезеңдегі су тарту жұмысы жалғасады. Ең алдымен үкіметтен жоба жасалады, ол қаралады. Содан кейін барып қана су тартылады. Бұл ауыл әкімшілігіне емес, аудан құрылыс бөліміне тікелей қатысты жұмыс. Дегенмен ауылда ауыз су бар, ал толық қамту бойынша жұмыстар екінші кезеңде іске қосылатын болады. Нақты жұмыс қай уақытта аяқталатынын айта алмаймын. Менің құзыретімдегі шаруа емес. Бірақ жұмыс жасалып жатыр», - деді Қоянды ауылдық округінің әкімі Бақытхан Солтанбайұлы.

Ал өзге де мәселелерге қатысты сұрағымызды өтініш хат арқылы жолдадық. Бұл жөнінде алдағы уақытта нақты жауап күтетін боламыз.  

 

Миражан Махан
Бөлісу: