Ауылдарда мектеп, емхана, жол жоқ. Неге Үкімет резервін қолданбаймыз? - депутат

1 Қараша 2023, 17:08 1312

Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан Үкімет резерві қайда жұмсалып жатқанын сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, республикалық бюджетте 417 млрд теңге Үкіметтің резервіне жоспарланған. Бұл жылдық бюджеттен екі есе көп.

2025 жылғы бюджетке қарасақ, Үкімет резерві 344 млрд теңгені құрайды. 2026 жылғы резерв 757 млрд теңге. Үкімет резервінің негізгі мақсаты – бір жолғы сипаттағы күтпеген шығыстарды қаржыландыру. Резервтегі қаражатты бөлу туралы шешімді, өкінішке қарай, Үкімет Парламенттің келісімінсіз қабылдайды. 2024 жылдың ағымдағы шығыстарын қарасақ, шұғыл қаржыландыруды талап ететін өзекті мәселелер бар. Кейбір ауылдарда жол, емхана, мектептер жоқ. Өзім сайланған Алматыда құбыр, кәріз жүйесінде үлкен тапшылық бар. Республикалық бюджетте осы бағыттағы шығынды байқамадық. Маңызды жобаларды қаржыландыру керек болғанда, Үкімет неліктен резервке қаражатты салады? Қандай күтпеген мәселелерді Үкімет резерві есебінен жоспарлап отырсыз? Әлде біз білмейтін бір сиқырлы шаруалар бар ма? - деп сұрады Бақытжан Базарбек.

Ерұлан Жамаубаев «бұл жерде ешқандай сиқыр жоқ» деп, бұл қаржының барлығы резерв емес екенін айтты.

417 млрд теңге 2024 жылға қарастырылған қаражаттың барлығы Үкіметтің резерві емес. Әрине, қазір резерв бабында тұр. Дегенмен депутаттармен ақылдаса келе 56 млрд теңгені «Ауыл – ел бесігі» және басқа да өңірлерді дамытуға Мәжіліс арқылы бөліп отырмыз. Мұндай бөлу Сенатта да болады. Онымен қоса 200 млрд теңге қаражатқа құжаттар жоқ болғаннан кейін резервте ұстап отырмыз, - дейді ол.

Ол сондай-ақ интернетке байланысты Ұлттық жобаға қаржы керек екенін айтты. Жамаубаев 2024 жылдың басында күшіне енетін жобаға қаражат керегін айтады.

Ауылдағы денсаулықты жаңғырту бағдарламасы бойынша кейбір ауруханалардың құжаттары түгел емес. Сол үшін қаражатты резервте ұстап отырмыз. Жайлы мектеп жобасы бойынша 1 қыркүйектен бастап мектептер іске қосылады. Соларды қамтамасыз ету үшін қаражат керек. Президент тапсырмасымен су жолдары каналдарына да қаражат керек. Өңірлер жобаларды дайындап жатыр. Дайын болған кезде біз бөлеміз, - дейді ол.

Жамаубаев 2023 жыл басталғалы бері Екібастұз, Риддерде кезек-кезек төтенше жағдайлар болғанына баса назар аударды.

Біз осы олқылықтарды жою үшін және ауыл шаруашылығындағы келеңсіз жайттарды жою үшін Үкімет резервінен 170 млрд теңгедей қаражат бөлуге мәжбүрміз. Сол үшін осы жағдайларды ескерсек, қазір біздің Үкімет резервінен биылғы жылы келесі жылдан екі есе аз қаражат қалады, - деді қаржы министрі.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: