Ауылдарда баспана, мәдени инфрақұрылымдар қаладағыдай қолжетімді болуы керек – сенатор

22 Ақпан, 12:21 666

Бүгінгі Сенат отырысында сенатор Жанболат Жөргенбаев ауылды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға көңіл бөлуге, ауылдың инфрақұрылымына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, БҰҰ болжамына сәйкес, 2050 жылы урбанизация 70%-ға жетуі мүмкін. Мәселен, статистикалық мәлімет бойынша қала тұрғындарының үлесі 56%-дан 62%-ға дейін артқан.

Ауылдарда тенденция басқаша. Ауыл халқы тиісінше 43,9%-дан 38,8%-ға төмендеген. Мәселен, бүгінгі күнде елімізде халық саны 50 адамнан аз 549 ауыл бар. Ел ішіндегі урбанизация келешекте кейбір өңірлерде жұмыс күшінің профицитіне, керісінше, кей аймақтарда жұмыс күшінің тапшылығына алып келуі мүмкін. ІІМ мәліметі бойынша, жыл сайын тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шамамен 2 миллион адам өтеді, - деді сенатор.

Жанболат Әкебайұлының сөзінше, өңірлер де, мегополистер де мұндай көші-қонға дайын емес.

Дамыған елдерде халықтың 4,3 бөлігі қалада тұрады. Мәселен, елімізде ресми түрде 90 қала бар. Оның 70%-ы ұсақ қала, 20-сының ғана халқы 100 мыңнан асады. Яғни барлығын мегаполис деп айта алмаймыз. Шағын қалаларда әсіресе жалғыз өнідіріс орындарына қарап отырған моноқалаларда инфрақұрылым толық шешілмегені мәлім. Осы орайда облыстарда жаңа өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізбейінше, үкімет ретсіз урбанизацияның салдарымен күресе береді, - деді ол.

Оның айтуынша, ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру негізінде елдің әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің негізгі фактор болып отыр.

Ауылдарда баспана, жалақы, мәдени инфрақұрылымдар дәл қаладағыдай қолжетімді болуы керек. Әсіресе білім кластерін құрудың маңызы жоғары. Ветеринария, ауыл шаруашылығы бойынша, ал мұнайлы аймақтарда мұнай-газ мамандықтарына баулитын білім ошақтарын көтеру керек. Сонда ғана біз ішкі миграцияны аз да болса ауыздықтай аламыз, - деді Жанболат Жөргенбаев.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: