«Ауылдар қаңырап бос қалды, жастар жаппай қалаға көшті» деген пікір қоғамда жиі айтылады. Бірақ бұл – жалпылама көзқарас. Кейде дәл осы таптаурын пікірлерді жоққа шығаратын оқиғалар кездеседі. Солардың бірі – 17 жастағы жас инженердің қаладан ауылға көшуі.
Ол Алматыдағы дарынды балаларға арналған элиталық мектептен өз еркімен кетіп, халқы екі мыңға жетпейтін шағын ауылға көшті. Бұл шешім сырт көзге түсініксіз көрінуі мүмкін. Алайда оның мақсаты жай ғана тыныш өмірді таңдау немесе қала қарбаласынан қашу емес. Керісінше, ол ауылда отырып-ақ робототехникамен айналысып, жаңа жобалар әзірлеуді көздеді.
Жасөспірім үшін ауыл – мүмкіндігі шектеулі кеңістік емес, керісінше тәжірибе алаңы. Мұнда ол өз білімін тәжірибемен ұштастырып, техника мен инженерияға қызығатын өзге балаларды да осы бағытқа тартуға ниетті. Оның ойынша, инновация тек мегаполистерде ғана тумайды. Егер білім мен ниет болса, үлкен идеялар шағын ауылдарда да пайда болуы мүмкін.
Жыланды ауылынан шыққан Иманғали Тасболат – «WATER-7» командасының 17 жастағы инженері. Оның командасы аймақтық іріктеулердің қатаң сүзгісінен сүрінбей өтті: 1200 үміткердің ішінен небәрі 450 команда ғана Central Asia FIRST Championship турниріне жолдама алған. Қазір жас өнертапқыштар Қазақстан намысын қорғап, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін халықаралық FIRST Championship финалына жолдама үшін бақ сынап жатыр.
Бұл технологиялық бәсекенің басты алаңы – 11-13 ақпан аралығында елордадағы EXPO көрме орталығында өтіп жатқан ALEM TECH FEST 2026 фестивалі. Ауқымды шараға Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен бөлек, Эстония, Вьетнам және Гонконгтан келген шамамен 5000 оқушы қатысуда.
Иманғали Тасболаттың таңдауы білім беру ортасында бейресми түрде «маусымның трансфері» аталып кетті. 2025 жылдың басында ол Алматыдағы мықты командалардың бірін тастап, Жыланды ауылындағы ұжымға қосылды. Жас инженердің өзі үшін бұл - саналы әрі стратегиялық таңдау.
Иманғалидың айтуынша, ауылда дамуға мүмкіндік әлдеқайда көп.
Робототехникаға қызығушылығым 2022 жылы математика пәні мұғалімінің арқасында басталды. Кейін Республикалық физика-математика мектебінің базасында дайындалып, менторым Айдос Ордабаевпен таныстым. Ол Жыландыдағы команданың жетекшісі қызметіне шақырылған сәтте, мені де сол командаға қосылуға шақырды. Ұзақ ойланбай келістім, - дейді Иманғали.
Жас инженер үшін Жыланды - мүмкіндігі шектеулі ауыл емес, керісінше жауапкершілік пен нақты нәтиже талап ететін орта. Мұнда әр қатысушының рөлі айқын, әр идеяның салмағы бар. Ал үлкен қалада кейде жеке әлеует көпшіліктің арасында байқалмай қалуы мүмкін. Бұл «трансфердің» нәтижесі қазірдің өзінде көрініп отыр: ауыл командасы жаңа деңгейге көтерілді, ал Иманғали өз қабілетін толық ашуға жол тапты. Демек, даму үшін бастысы - локация емес, дұрыс орта мен нақты мақсат.
Алғашында ата-анасы бұл шешімді күмәнмен қабылдаған. Алайда ұлы ауылға көшудің болашағы бар екенін дәлелдей алды. Қалай дегенмен де, дәл осы Жыланды ауылында елдегі ең үздік робототехника зертханаларының бірі орналасқан.
Табыстың кілті - жеке бастама мен меценаттық қолдау. Кәсіпкер Бауыржан Оспановтың қолдауымен Жыландыда заманауи, озық технологиялармен жабдықталған STEM-зертхана ашылды. Бұл жерде робототехникамен кәсіби деңгейде айналысуға барлық жағдай жасалған.
Қазақстан үшін шағын ауылда осындай зертхананың болуы - әзірге сирек кездесетін жағдай. Робот жасау - үлкен қаржыны талап ететін іс: арнайы станоктар, қымбат құрылғылар, кеңістік қажет. Егер мықты база мен таланттарға инвестиция салуға дайын адамдар болса, кез келген жерде - мегаполисте де, ауылда да - дамуға болады. Ал ресурссыз жалғыз ынта жеткіліксіз, - дейді Иманғали.
Команданың жас екеніне қарамастан, Иманғали мен оның әріптестерінің еншісінде қазірдің өзінде Индонезия мен Шанхайда өткен беделді халықаралық байқаулардың жүлделері бар. Ал алдағы басты меже - 50 мыңға жуық қатысушыны біріктіретін FIRST Championship 2026 әлемдік финалы.
Команданың амбициясы ел жетістіктерімен де нығая түсті. Соңғы жылдары Қазақстан STEM-білім бағытында айқын көшбасшылық танытып келеді. Ұлттық құрама FIRST Global Challenge 2025 турнирінде (Панама) төртінші рет әлем чемпионы атанып, өз үстемдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұған қоса, былтыр Хьюстон қаласында өткен FIRST Championship 2025 сайысында қазақстандық оқушылар, яғни НЗМ командасы, үшінші орынды иеленіп, әлемнің үздік робототехниктері қатарына ресми түрде қосылды.
Сұхбат соңында Иманғали жас робототехниктерге сәттілік тілеп, басты ұстанымын бөлісті:
Үздіксіз даму - табыстың кілті.
P/S: Бұл оқиға бір ақиқатты анық көрсетеді: мүмкіндік жасалса, талант өз жолын міндетті түрде табады. Жыланды тәжірибесі - ел үшін маңызды белгі. Ауыл мен қала баласының арасындағы алшақтық жойылуы керек. Ал қазақстандық оқушылардың халықаралық ареналардағы жеңістері осы бағыттың дұрыстығын дәлелдеп отыр.