Ауылдағы оқушыларға ІТ-ды қалай үйретеміз? Талдыбаев өз тәжірибесімен бөлісті

20 Қыркүйек, 13:11 528

Қазақстандағы 130 мектепте, әлемнің 300 мектебінде оқушыларға ІТ бағдарламалау тілдерін үйрететін Codiplay жобасы іске қосылған. Бұл жобаның авторы Жанәділ Талдыбаев Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына қарасты Біржан ауылының тумасы. Ол алдымен Алматыдағы қара шаңырақ ҚазҰУ-де білім алады. Студент кезінен корей тілін жетік меңгеріп, білімі мен білігін Оңтүстік Кореядағы университетте арттыруды жоспарлайды. Осылайша Оңтүстік Кореяның Тэджон университетінде жүріп, құны 100 миллион теңгеге бағаланатын Codiplay жобасын жасап шығады. Жанәділ Талдыбаев ауыл-аймақтағы балаларды ІТ саласымен таныстырып, Қазақстандағы әрбір оқушының технология тілін меңгерсе екен дейді.  Narikbi LIVE арнасына берген сұхбатында оқушылардың IT сауаттылығын көтеретін платформаның қалай жасалғанын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық жоба әлемдегі ең үздік білім беру жобасы номинациясын жеңіп алды. Ұлыбританияда өткен The PIEoneer Awards байқауында қазақстандық CodiPlay жобасы Digital Innovation of the Year номинациясында үздік атанды. Жоба авторларының инклюзивті, заманауи және әр оқушыға қолжетімді білім беру бағытында инновациялық жаңалық ашқанын атап өту қажет. 

Балаларға ойын ойнап, код үйрету жүйесі

Codiplay – балаларға ІТ әдебиетін үйрететін платформа. Біз балалардың цифрлық қабілеттерін ашып, бағдарламалау тілдерін үйретеміз. Оны үйрететін 3 негізгі өніміз бар. Біріншісі – мобильдік қосымша. Балалар ойын ойнап, ойын арқылы әртүрлі бағдарламалау тілдерін үйренеді. Алгоритмнен бастап, С++, Phyton, Scratch тілдерін меңгереді. Әрі қарай тілдерді қосатын боламыз. Одан кейін Codykid жинақтарымыз бар. Ол роботехника жинақтары ғана емес, IoT гаджеттерді құрайтын жинақтар. Ойын ойнап, бағдарламалау тілдерін үйреніп, сол алған білімін әрі қарай қолдануға мүмкіндік беретін жинақтар. Біздің Codykid арқылы балалар тек қана роботтар жасап қоймай, өздерінің күнделікті өмірде көретін технологиялар қалай жасалатынынан хабардар болады. Мысалы, бағдаршам, шлагбаум немесе дүкенге кіргенде автоматты түрде ашылатын есік секілді жобаларды жасайды. Біздің ойымызша, бұл нәрсе балаға ең тиімді, ең пайдалы дүние. Сонда көшеде келе жатып қандай да бір көрген технологиясының қалай жасалғанын, құралғанын білетін болады. 6 жасынан бастап инженерлік ойлау жүйесі қалыптаса бастайды. Сomputer thinking деген ұғым бар. Балалар кішкентай жасынан бастап технология тілін меңгереді.

Үшінші маңызды өніміміз – мұғалімдерге арналған платформа. Алдымен мұғалімдерді оқытамыз, одан кейін осы сабақты жүргізуге арналған керекті құрал-жабдықтары бар сыныпты дайындап, балаларға баға беру, олардың жобаларын тексеру сияқты процестер іске асады. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға бағдарламалау тілдерін үйретіп қана қоймай, іс жүзінде қолданып көреді. Әртүрлі смартхаустардың элементтерін және дрон жасап, ұшыруға болады.

 

Кореядағы білім алу жүйесі қандай?

Шығыс Қазақстан облысындағы Қытаймен шекаралас Зайсанға қарасты Біржан ауылында туғам. Мектепті Семейде бітірдім. Әкем әскери адам болғандықтан жиі көшіп қонып жүретінбіз. Одан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетіне оқуға түстім. Шығыстану факультетінде корей тілін меңгеріп, соңғы екі жылды академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Кореядағы университетте өткіздім. Кореяның Тэджон университетінде оқып жүріп, жыл студенті атандым. Кореяда оқуды әрі қарай жалғастырам деп шешіп, магистратура бойынша бағдарламаларды қарастырдым. Солардың арасынан ең тиімдісі Корея үкіметі ұсынған Korean Government Scholarship Program (KGSP). бағдарламасын таңдадым. Кореядағы ТОП-5 үздікке кіретін Ханьянг университетіне оқуға түстім. Операциялық және сервистік менеджмент деген мамандықты таңдадым. Сол университетте менің стартаптағы алғашқы қадамдарым басталған болатын. Өйткені, біздің университетте Кореядағы үздіктердің бірі саналатын стартап орталығы болатын. Сол жерге өз идеяңды ұсынсаң, барлық критерийлеріне сәйкес келгенде қаржылай және басқа да қажетті көмекті көрсетеді. Айына 2 мың доллар береді. Және стартап фаундерлеріне арналған жатақхана бар. Бірақ жатақхананың өзі қонақүй сияқты. Жағдайлары өте жақсы. Бәріміз жиналып, әртүрлі идеяларды талқылап, ортаға саламыз.

Ең бірінші стартап жобам – KazMediCor деген медициналық платформа. 2023 жылы Орталық Азиядағы ең үздік компания атанды. Кореяның ұлттық туризм ассаоциациясының рейтингінде үздік шықты. Орталық Азияда Кореяға ең көп пациент жіберетін орталық болды. Науқастың Кореяға баруынан бастап, ем алу процесіне дейінгі бүкіл қадамды жасауға көмектеседі.

Кореяда кез келген адам дәрігер мамандығына оқуға түсе алмайды. Сондай-ақ дәрігер атану үшін кем дегенде 14 жыл оқиды. Медицина саласында жұмыс істейтін дәрігерлер айына 50 мың долларға дейін жалақы алады. 2015 жылға дейін дәрігер болу үшін  Америка университеттерінің бірінде білім алу міндетті шарт болатын. Бірақ қазір Кореядағы медицина дамығандықтан АҚШ-та оқу шартын алып тастады.14 жыл медицина саласында оқып, емханаға жұмысқа кірген қызметкердің жалақысы 8-10 мың доллардан басталады. Әрі қарай көбейе береді. Кореяда ең мықты емханалар – университет ішінде ашылған емханалар. Университет ішінде дәрігер әрдайым ғылыми жұмыстарын жасаумен айналысуы керек. Әртүрлі ауруларды қалай емдеу керегін үнемі зерттеп отыруы тиіс. Осындай зерттеулерді басқа емханалар қолданатын болады. Қазір біз науқастарды Кореяға жіберетін кезде емхананың ішіндегі дәрігерлердің тәжірибесін қараймыз. Қай дәрігер қандай оталарды жасай алады? Мысалы, ауыр операцияны 15 шақты дәрігер ғана жасай алуы мүмкін. Ал олар сағат сайын ота жасап, қарбалас болады. Сондай-ақ тек зерттеумен айналысатын дәрігерлер де көп жалақы алады.

Негізі қазір Кореяның медицинасы неліктен сұранысқа ие? Бұған жоғарыда атап өткен зерттеу жұмыстарының ықпалы көп. Кәрістер білімге құштар халық. Бәсекелестік жоғары. Кореяда ешқандай табиғи ресурстар жоқ, ең басты капитал – адамдық капитал.

Корей қоғамы – өте еңбекқор. Бірақ бір жағынан әлемде корей халқын бақытсыз деп айтып жатады. Өйткені, олар күніне 24 сағаттан, аптаның жеті күнінде де жұмыс істеуге мәжбүр болады. Компанияларда қателіктерді кешірмейді. Жұмыстан шығармаса да, айыппұлдар салады. Егер жарты жыл жұмыс істемейтін болсаң қоғамнан қалып қоясың. Қуып жету қиын болады. Қоғамдық дамудың өз үрдістері бар. Мектепті бітіргеннен кейін жазғы университетке түсу керек, одан кейін оқушылардың 99,9 пайызы университетке оқуға түседі. Оқып жүргенде 2 жылға әскерге жібереді. Корея еліндегі университеттерде ректор гранты деген ғана бар, ал мемлекет тарапынан грант берілмейді. Тек 1 семестрдегі нәтижеден соң ғана қандай да бір жеңілдік ала аласың. Оқу құны жылына 15-20 мың долларды құрайды. Ал оқуын төлеуге жағдайы келмейтін балалар мектеп бітіргеннен кейін біреуден қарыз алып, 1 семестр оқып, академиялық демалыс алады. Одан кейін үздіксіз жұмыс істеп, ақша жинап, қалған семестрді оқиды. Екінші тәсіл – студенттерге арналған несие. Ол несие студенттің оқудағы үлгеріміне қарай беріледі. Университет бітіргеннен кейін көптеген адамдар Samsung, LG секілді мықты компанияға жұмысқа тұрғысы келеді. Ол жұмысқа кіру үшін тағы 2 жыл дайыналасың. Samsung-қа жұмысқа кірудің арнайы курстары бар. Курстарды аталмыш компанияларда жұмыс істеп, зейнетке шыққан тәжірибелі мамандар жүргізеді. Мұндай алпауыт компаниялар жылына 2 рет қана жұмысқа қабылдайды. Олардың арнайы белгіленген 2 уақыты бар. Сол жерде 5 кезеңнен тұратын емтихан тапсырасың. Бірінші, құжаттарыңды жібересің. Одан кейін жазбаша емтихан тапсырасың. Үшіншісі – сұхбаттасу. Одан кейін тағылымдама басталады. Әр кезеңде адам саны азайып отырады. Ең соңғы кезеңде қандай да бір жобаны жүзеге асыру туралы тапсырма береді. Егер сол жасаған жобаң көңілдерінен шықса, компанияға 1 жылға штаттан тыс қызметкер болып кіресің. Ең төменгі сатыдағы жұмыстан бастап, көтеріліп отырасың.

Корей тілін ең жақсы білетін халықтардың бірі – қазақтар деп айтуға болады. Өйткені, біз қазақ тілінде әрбір дыбысты анық айтамыз. Бала кезімізден қазақ-орыс тілін қатар меңгереміз.

Пандемия кезінде басталған жоба

Codiplay тарихы 2017 жылдан басталған. Оған дейін хобби ретінде ғана айналысып жүрдім. Кореяда стартап жасаушылар бәріміз бірге жатақханада тұрдық. Осыны тиімді пайдаланып, бірге тұратын мамандардан ІТ-ға қатысты көп нәрсе үйрендім.  Ол кезде Қазақстанда ІТ әлі дамымаған. Елімізде бұл саланы білетін мамандар тапшы еді. Сонда мен университетте 100 шақты ІТ маманға кофе алып беріп, Codiplay стартапы туралы идеямды айтып бердім.  Соның ішінде 8 адам бірге жұмыс істеуге келісті. Осылайша Кореяның стартап орталығына идеямызды жібердік. Біздің универсиетте жылына 30 жоба таңдайды, сол 30-дың қатарына ендік. Ең алғашқы және жалғыз шетелдік жоба болды. Оған дейін шетелдіктер тапсырмаған. Осылайша барлық назар бізге аударылды. Қаржылық қолдау көрсетті. Айына 1,5-2 мың доллардай беріп отырады. Кейін уақыт өте келе 8 адамның өте көп екенін түсіндім, олардың бәріне қаржы жоқ. Ең мықтылары іріктеліп, қалғандарымен қоштастық. ІТ өнімді жасауға қатысты проблемалар пайда болды. Білетін адамдардан сұрасам корей тілінде түсіндіреді. Техника тілін өзге тілде түсіну одан сайын қиындай түсті. Олар маған ойын арқылы түсінуге болатынын айтып, алгоритм үйрететін ойындарды ойнауды бастадым. Содан бағдарламалау тілдерін түсіне бастадым. Көптеген туыстарым балалары мектеп бітірген сайын маған хабарласатын. Мен ІТ саласын таңдаңдар деп айтатынмын. Ең мықты, жалақысы жоғары сала деп кеңес бердім. Осы саланы таңдағандарға жаңағы айтқан ойындарды жіберіп отырдым. Мектеп бітіріп, университетке барғанда бірдеңе біліп барасыңдар деп бағыттадым. Сонда көпшілігінде компьютер жоқ екенін байқадым. «Компьютерің жоқ болса, телефонмен бағдарламалау тілдерін үйрене алмайсың ба?» деген сұрақ туындады. Одан әрі мен неге ІТ саласын таңдамадым деген ой келді. Мектепте ІТ саласы туралы мүлдем ой қалыптаспады. Көбінесе информатика сабағында ойын ойнап немесе word-та мәтін теретін едік. Ал менің өзім секілді басқа мектепте оқыған қатарластарым робототехниканы меңгеріп шыққан еді. Мектеп бітіргенімізге 10 жыл болды десек, робототехника курстары тек мықты мектептерде оқытылған. Байқағаным, мектепте ІТ саласымен қандай да бір байланысы болған оқушылар осы саланы таңдайтын. Зайсандағы балалар ІТ туралы білмейтін, Алматыға келгенде ғана қандай мамандық екенін түсініп, бір оқуды бітірген соң ғана ІТ саласын оқуға көшетін. Сонда «Неге мектепте оқып жүргеннен-ақ ІТ саласымен таныспасқа? Компьютер болмаса бұл саланы үйрене алмай ма?» деген екі ой мазалайтын. Жаңағы айтқан командама «Балаларға ІТ-ды телефон ойындары арқылы үйретсек қалай болады?» деп идеямды айтамын. Олардың бәрі қолдап, командамызбен бірінші ойынды 6 айдың ішінде жасап шықтық. Жасадық, көрдік, бәріне ұнады. Бірінші ойында тиінге алгоритм арқылы жүретін жолын құрастырып беруің керек болады. Басқа адамдарға ойнатып, олардың көңілінен шықты. Осылайша хобби ретінде әр жылы бір ойыннан шығарып отырдық. Одан кейін 2020 жылы пандемия басталғанда EdTech стартаптары дами бастады. Бірақ біз барлық инвестицияны KazMediCor жобасына тартқандықтан қаржымыз жоқ еді. Пандемия болғандықтан білім стартапына ешқандай инвестор қаржысын қимады. Сондықтан мен өзімде бар дүниенің бәрін саттым. Көлігім мен үйімді саттым. Осы жобаның нәтиже көрсететіне сеніп, қаражатымды, энергиямды саламын деп ниет еттім.

Ең алғашқы прототипті Кореяда жасап көрдік. Балалар ойнайды, үйренеді, бірақ әрі қарай қандай нәтижеге жетеді? Сосын біз роботехника мен IoT гаджеттерін жасасақ дедік. Өйткені, сол 2018 жылдары Кореяда IoT гаджеттері дамып жатты. Сеть арқылы басқарылатын гаджеттер. Балалар ойын арқылы бағдарламау тілдерін үйренеді, оны қолдану үшін күнделікті өмірде көріп жүрген IoT гаджеттерін жасайды. Жай робот ешкімге қызық емес. Адам өзінің күнделікті өмірде қолданатын дүниесін жасаса қызығырақ болады.  IoT гаджеттерін жасайтын Codikid жинақтарын шығардық. Сөйтіп, бізде Codiplay мен Codikid жасалды.  Содан нарықты жаулаймыз деп қуанып, мектептерге бардық. Бірақ мектеп мұғалімдері ІТ саласынан бейхабар болып шықты. Өйткені, ІТ мамандары мектепте жұмыс істемейді. Мұғалімге түсіндірсек, олар түсінбейді. 10-20 шақты мектеп аралап, түсінбейтінін білгеннен кейін офисымызға қайттық. Бірінші, мұғалімдерге арналған платформа жасау керегін түсіндік. Мұғалімдер ІТ мен IOT дегеннің не екенін түсінбегендіктен алғашқы оқыту курстарын мұғалімдерге арнап жасау қажеттілігі туындады. Енді соған ресурс, ақша керек. Алғашқы жобаларды жасауға өзімде бар мүліктің бәрін сатқан едім. Ал осы кезде жаңа платформа жасауға қаржы жоқ еді. Бірақ соған қарамастан жарты жыл ішінде платформа жасап, мектептерге қайта бардық.  «Біз сіздерге балаларды ІТ саласына қалай үйрету керегін көрсетеміз. Сіздерге барлық құралдарды береміз», - деп түсіндірдік. Біздің өнімнің басты кейіпкері – мұғалім болып шыға келді. Балаларға көмектескің келсе, алдымен мұғалімге көмектесесің. Мен негізі 2019 жылдың аяғында Қазақстанға келіп, пандемия басталғандықтан Кореяға қайта алмай қалдым. Содан елімізде команда жасақтап, жобамызды жүзеге асыруды осында жалғастыра бердім. Кореяда қаншама грант ұтып алған едік. Сол гранттардың арқасында көптеген жобалардың қаңқасын жасап алдық. Ал Қазақстанда жаңа командамен Назарбаев университетіндегі Nuris инновациялық кластерінде тіркеліп, акселарациядан өтіп, сатылымды аштық. Біз басында Корея мектептерінде жасаған мобильдік қолданбамыз бен жинақтарды қолданып көрдік. Балаларға өте жақсы ықпал еткені туралы нәтижені көрсеттік. Мектептердегі мұғалімдерге жасаған платформамыз ұнады. Бірақ оны мектептерге енгізу үшін мектептер аудандық білім басқармасына, олар қала мен облыстың білім басқармаларына сілтейді. Сөйтіп 3-4 ай жүріп, соңында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қабылдауында болдық. Жобамызды ұнатып, қала мектептеріне енгізуге рұқсат алдық. Жарты жылдай құжат жинап, экспертизадан өтіп, лицензия алдық.

Елімізде жарты жыл ішінде 1 мектепке қоссақ, Кореяда 1 күннің ішінде бір күннің ішінде 2 мектепті қостық. Өйткені, Кореяда шешім қабылдау жүйесі бөлек. Кореяда біз Туризм және денсаулық сақтау министрлігімен жақсы байланыста едік. Олар мен барған соң Енчон қаласының әкімдігі шақырып, білім саласындағы жобалар туралы сөйлестік. Біз бұған дейін  KazMediCor жобасы аясында бірге жұмыс істеген едік. Екеуміз кездесіп отырғанда, Енчон қаласы білім басқармасының басшысын шақырып, мектептердегі ІТ жобасын жасап жатқанымызды айтады. Біз сол күні Корея мектептерінің біріне барып, мұғалімдердің бәрін жинап, жобамызды таныстырдық. Сол кезде бізге бірден «Балаларға көрсетсек бола ма?» деп сұрады. Содан бір сыныпқа балалар жиналып, құралдарымызды бердік, балалар ойнап көрді. Одан кейін мұғалім оқушылардан ойынның қаншалықты ұнағанын сұрайды. Осылайша ІТ-ды дамытқысы келетін мемлекеттік мектептерге жобамызды енгізе бастадық. Сеул қаласында Оқушылар сарайы секілді орталықпен келісіп, ол орталықта да бірден іске көштік. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея, Индонезия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Ұлыбритания, Катар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия секілді елдерде қосылды.

 

Ауыл-аймақтағы оқушыларға ІТ-ды қалай үйретеміз

Өзім ауылда өстім, Зайсанның тумасы болғаннан кейін ауыл балалары мен қала балалары арасындағы теңсіздікті жою менің негізгі мақсатымның бірі. Ауыл балалары қалада өскендерден кем түспеуі үшін алдымен мұғалімдерді үйретуіміз керек. Серіктестерімізбен бірге ауыл мұғалімдерінің біліктілігін арттырып, оқытып, үйрететін «Auyl innovation teacher» жобасын бастадық.

Сонымен қатар біздің Codiplay жүйесіне қосылған мектептердегі мұғалімдерді Кореяға жібереміз. Кореядағы ІТ технологияларды қолдау орталығынан гранттар алып, мұғалімдердің бар шығынын көтереміз. Жылына 50 мұғалімге дейін жібере аламыз. Алдымен Алматы қаласынан бастадық. Қазір өңірлерге енді қосылып жатыр. Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы мектептерді қосып жатырмыз. Бір мектепте бұл жүйені қосу үшін 10 мың доллардай қаражат жұмсаймыз. Оның негізгі бағасы CodiKid қорабының құны 100 долларды құрайды. Ағаштан жасалған модельдері Қазақстанда жасалса, датчик-схемаларды Корея мен Қытайдан алып келеміз. Микросхемалар мен керекті құралдың өзі 100 доллар тұрса, бір мектепке қосқанда 100 данасын береміз. Сонда 10 мың доллар шығады. Басқа мемлекеттерде бір оқушыға 10-30 доллар аралығында төлем аламыз, ал Қазақстанда бір оқушыға 1 доллар ғана ақша аламыз. Елімізге деген сүйіспеншілігімізді көрсетіп, бұл жобаны қазақстандықтар тиімді қолданғанын қалаймыз. Жасанды интеллект дамыған заманда технологияны меңгеріп, ІТ білімін жетілдіруі керек. Әр мемлекетке өзінің ЖИ моделін құру өте маңызды. Әлемді жаулап алған жасанды интеллектті ойлап тапқан компанияларға тәуелді болып қаламыз. Қазіргі таңда біз жасанды интеллектке қарсы тұра алатын кадрларды дайындамасақ, біз 5-10 жылдың ішінде цифрлық тәуелсіздігімізден айырылып қаламыз. Сондықтан цифрландыру саласында жүріп жатқан соғысқа өз әскерімізді дайындауымыз керек.

Балалардың зейінін қарату – ең күрделі мәселе боп тұр. ТикТок, Инстаграм контентінен кейін баланың қызығушылығын ояту да оңай емес. Ең басты әдіс – геймификация. Қазіргі балалардың бар ойы – ойын ойнау, қызықты контент көру болғандықтан, геймификация арқылы оқытуға болады. Қазіргі миссиямыз – барлық балаларға ІТ саласымен танысатын тең мүмкіндікті жасау. Көпшілік мына 3 себептің кесірінен бұл саладан бейхабар болып жүр: Біріншіден, ІТ қандай сала екенін білмейді. Екіншіден, білген күннің өзінде қиын деп ойлайды. Үшіншіден, ІТ-да оқу үшін компьютер керек деп ойлайды. Сол таптаурындарды тоқтатқымыз келеді. ІТ маманы боламын дегендерге ғана емес, барлық оқушыға ІТ-дың не екенін түсіндіргіміз келеді. Бұл саламен танысқан оқушылар болашақта өздеріне тиімді шешім қабылдайтын болады. Қандай мамандықты таңдаса да, негізгі іргетасын түсіне алғанын қалаймыз. Себебі, қазір ІТ-ды басқа пәндермен, басқа ғылымдармен ұштастыру белең алуда. Химиямен байланысты да бірнеше жобаларымыз бар.

Мектептерде STEAM жүйесін қосу 

Негізі барлық пәндерді STEAM арқылы үйрету керек.  STEAM (science, technology, engineering, arts and mathematics) ұғымының аясындағы 5 түрлі қабілет маман болып қалыптасуда маңызды рөл ойнайды. Критикалық ойлау жүйесін қалыптастырады, технология мен креативті шешім қабылдауына ықпал етеді. Барлық мектептерге еніп кетуіне оқып жатқан білімді тәжірибеде қолдану үлгісі әсер етті. Мектепте де, университетте де оқып, қаншама білім аласыз, бірақ сол білімнің барлығы қолданысқа енгізілмей, босқа кетеді. Біз білімді қолданысқа енгізіп, адамдардың өмірін, қоғамды өзгерту үшін алуымыз керек. Білім алатын барлық адамның негізгі мақсаты – қоғамға әсер ету. Компанияда болсын, мемлекеттік орган болсын, қайда жұмыс істесең де сен әрқашан қоғамның ортақ игілігі үшін жұмыс істейсің.

Осы STEAM бағытының ішінде Maker education концепциясы бар. Біз жобамызды осы концепцияға негіздеп жасадық. Білімді тәжірибе жасау арқылы алу. Мысалы, кішкентай балаға телефон берсең YouTube-ті ашып, өзіне қажетті мультфильмді ашып алады. Оларға ешкім үйретпесе де, біліп алады. Ненің арқасында? Әрине, қайта-қайта басып, шұқылап көрген іс-әрекетінің арқасында. Қандай да бір дүниені жасап көру арқылы үйренсең, нәтижесі де болады. Maker education-ді  қолданатын америкалық және кореялық мектептерде балаға қолданатын құрал береді және мақсатын айқындап береді. Оқушы сол құрал-жабдықты пайдаланып, мақсатына жетуі тиіс. Ал мұғалім бағыттаушы рөлінде болады. Біздің қазіргі тартып жатқан инвестициямыздың құны – 20 миллион доллар, ал жобаның құны – 100 миллион доллар. Алдағы уақытта әлемдегі барлық балаларға ІТ үйрене алатындай жағдай жасағымыз келеді. Қазір 9 мемлекетте жобамызды жүзеге асырсақ, алдағы уақытта БҰҰ-на мүше мемелекеттердің барлығын қамтығанда өз мақсатымызға жеттік деп айтуға болады. Қазір бәсекелестеріміз де көп. Баланың бос уақытында айналысуға түрлі әдістерді ұсынатын компаниялармен бәсекелестеміз. Соңғы уақытта Африка елдері қатты қызығып отыр.

Айдана Мұрат
Бөлісу: