Жетісу облысы Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылында «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ауыл тұрғындарының, жастар мен еріктілердің қатысуымен «Ауылдағы асар» атты кең ауқымды экологиялық акция өтті.
Шараның басты мақсаты – ата-бабамыздан жеткен «Асар» дәстүрін жаңғырту, ауыл тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға шақыру және таза да көрікті ауыл құру. Бұдан бөлек, акция жастардың жауапкершілігін арттыруға, бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталды. Акция барысында ауыл көшелері мен қоғамдық орындар тазартылып, елдімекен маңындағы бейберекет қоқыс орындары жойылды. Жиналған қоқыс сұрыпталып, арнайы техникалармен шығарылды. Ұйымдастырушылар ауыл жастарына табиғатты қорғаудың маңызы мен оған ұқыпты қараудың қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жастар ерекше белсенділік танытып, тазалық жұмыстарына қатысумен қатар, әлеуметтік желілерде #АуылдағыАсар хэштегімен акцияны кеңінен насихаттады. Бұл ауылдың оң имиджін қалыптастыруға септігін тигізді. Жетісу жерінде өткен «Ауылдағы асар» акциясы ұлттық дәстүр мен экологиялық мәдениетті дамытудың заманауи талаптарын ұштастырған жарқын үлгі болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады. «Ауылдағы асар» – тек қана тазалық шарасы емес, ауыл ішіндегі бірлікті күшейтетін, жастарға табиғатты аялау мәдениетін сіңіретін маңызды қадам.
Айта кетейік, «Ауылдағы асар» акциясына барлығы шамамен 50 адам қатысты.