Ауылда жұмысшыларына үй салғандарға субсидия беріледі

6 Қаңтар, 12:41 247

Ереже 2024 жылдың 15 қаңтарынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Мемлекет басшысының ауылдық жерде өз жұмыскерлеріне баспана салуға жұмыс берушілердің шығынын өтеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі субсидияның тиісті қағидасын әзірлеп, бекітті.

Бекітілген ережеге сәйкес ауылда, кентте немесе ауылдық округте жалға берілетін тұрғын үй салған жұмыс берушілер 5 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде мемлекеттік субсидия ала алады.

Бұл 75-тен 100 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй құрылысының шығынын жабады.

Субсидия алу үшін жұмыс берушілер қызметкермен 5 жылға еңбек шартын жасасуы, сондай-ақ пайдалануға берілген тұрғын үйге ауыртпалықтардың болмауын қамтамасыз етуі қажет.

Бұл ретте аумағында жұмыс берушілер тұрғын үй салуды жоспарлайтын ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тізімдерін жергілікті атқарушы органдар айқындайды және бекітеді.

Аудан орталықтарының және облыс орталықтары, моно және шағын қалалары бар немесе агломерациялардың, функционалдық қалалық аудандардың құрамына кіретін 30 километрге дейінгі жақын орналасқан ауылдық округтердің тізімдеріне, ауылдарына, кенттеріне, ауылдық округтеріне енгізуге жатпайды.

Бекітілген ереже 15 қаңтардан бастап, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күннен кейін күшіне енеді.

Жансая Әділбек
Бөлісу: