Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Үкімет басшысы мен жаңадан тағайындалған Ұлттық Банк төрағасына депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Біздің негізгі миссиямыздың бірі - фермер шаруалардың қаржы мәселесін жүйелі түрде шешу! Бұл Ауыл партиясының сайлауалды бағдарламасында қазықтай қағылған меже. Менің алғашқы депутаттық сауалым да осы тақырыпқа арналған еді. Бірақ Үкіметтің берген жауабына көңіліміз толмады! Олар «Агробанк құрылатын болса, ол тиімсіз жұмыс істейді және бюджеттен тұрақты түрде ақша бөлінуін талап етеді» деп отыр. Сонда, «Отбасы банкі», «Қазақстан даму банкі» де мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істеп отырғаны ма?, - деді депутат.
Депутат Үкімет ауыл шаруашылығын қаржыландыруда «бәрі жақсы» деген ұрандатумен келетінін айтты. Ал шын мәнінде дүкен сөрелеріндегі жағдай басқа екенін айтады.
Ауыл шаруашылығындағы жағдай аянышты. Біз алған бетімізден қайтпаймыз. Агробанктің ауыл шаруашылығына керек екенін, оның тиімді екенін әлі де дәлелдейміз. Бірақ бұл мәселе шешілгенше, екінші деңгейдегі банкілердің де дандайсуын тоқтатуымыз керек! Кеше Президентіміз өз Жолдауында экономиканың нақты секторларын қаржымен ұзақ мерзімге қамтамасыз ету және ол кәсіпкерлерге қолжетімді болуы үшін бірлескен әрі синдикатталған несиелеу тетіктерін белсенді қолдану туралы және банктердің тым көп пайда табатынын бекер атап кеткен жоқ! Шынында да несие сыйақысы 1-1,5 пайыздан аспайтын халықаралық банкілерді Қазақстанға әкелетін кез келді, - деді Жигули Дайрабаев.
Осы орайда, елімізге шақырылатын 3 халықаралық қаржы мекемелерінің бірі Аграрлық бағытта болуы керек деп есептейтінін атап өтті. Бұл қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттырады және еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін күшейтуге, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік беретін шаралардың бірі.
Мысалы, халықаралық тәжірбиеге сүйенсек Францияда «Кредит Агрикой», Беларуста «Белагропромбанк», Ресейде «Россельхозбанк», Қытайда «Агрокультура Банк оф Чайна», Өзбекістанда «Агробанк» және басқада елдерде салалық аграрлық банк жұмыс істейді. Бірақ, ескеретін жайт бар: ол кепілдікке беріліп жатқан жер ресурстарының талаң-таражға түспеуін және барлық рәсімдеу үрдістерінің ашық түрде жүргізілуін қамтамасыз ету. Осыған қатысты Үкімет пен Ұлттық банкінің нақты ұстанымы қажет, - дейді ол.