Ауыл шаруашылығы министрі су тасқынынан зардап шеккен шаруалармен кездесті

4 Сәуір, 19:33 680

Сәуірдің 3-і күні ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ақтөбе облысына, мал шаруашылығына жауапты вице-министр Аманғали Бердалин Батыс Қазақстан облысына, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Қайыржан Байжанов – Қостанай облысына іссапармен барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

АШМ мәліметінше, бұл сапардың негізгі мақсаты – малды су басқан аймақтардан қауіпсіз қашықтыққа айдау бойынша жұмыстардың барысы мен нәтижелерін бақылау, ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды есепке алу алгоритмдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң облыстардағы аумақтық өкiлдiктерiнiң және Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың жұмысын бақылауды жүзеге асыру.

Сапар барысында министрлік басшылығы су тасқынынан зардап шеккен ауылдық округтердегі шаруалармен және мал иелерімен кездесті.

Жедел деректерге сәйкес, 33 мыңнан астам бас мал су басқан аумақтардан қауіпсіз жерге шығарылды. Ауыл шаруашылығы жануарларының басым бөлігі аман қалды, мал иелеріне келтірілген шығынды анықтау жұмыстары жалғасуда. Комиссия қорытындысы бойынша өлген жануарлардың иелеріне өтемақы төленеді, - деді Айдарбек Сапаров.

Тұрғындармен кездесу барысында несиені төлеу мерзімін кешіктірген жағдайда айыппұлсыз, мерзімін ұзарту туралы өтініштер айтылды. Ауыл шаруашылығы министі мәселені қарап, шаруалараға жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық өкілдіктерінің, оның ішінде «Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың» қызметкерлері су басқан аумақтардағы жұмыстарға белсене қатысуда. Кәсіпорынның балансында 146 маман, 78 техника бар. Су басқан өңірлердегі қолайлы эпидемиологиялық жағдайды сақтау мақсатында кәсіпорын жанар-жағар маймен және жою жұмыстарын жүргізуге қажетті құралдармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, қауіпсіз жерге жеткізілген малды жеммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде Азық-түлік корпорациясы шаруалардың сұранысы бойынша жем-шөп жеткізуді ұйымдастыруға дайын.

Зарина Арман
Бөлісу: