Ветеринарларға арналған VetMobile қосымшасын таныстырылды

14 Қазан 2022, 11:12 1102

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді

Агроөнеркәсіптік кешен саласы да біртіндеп цифрландырудың игілігін көруде. Digital Bridge форумында ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ветеринарларға арналған VetMobile қосымшасын таныстырды, деп хабаралайды El.kz. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.

Аталған қосымша не үшін қажет?

Бұрын ветеринарлар қысы жазы далада жүріп, жануарлар туралы мәліметтерді қағазға енгізіп әуре сарсаңға түсетін. Одан кейін, жинаған ақпараттарын кеңсеге апарып, компьютерге енгізетін. Әрине бұл мал дәрігерлерінің жұмысын қиындатып, көп уақытын алатын. Бітпей кеткен қағаздар, толып жатқан есептер - мал дәрігерлерінің жұмыс барысында қателіктер жібереуіне де әкеп соғатын. Енді мамандар бұл проблемалардан арылып, арнайы бағдарламалық жасақтамасы бар планшеттерге көшуде.

Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?

Жануардың құлағына ілінетін арнайы құрылғының (бирка) штрих-кодын сканерлеу арқылы деректер автоматты түрде Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінде (АШЖБЖ) сақталады. Жүйенің өзі барлық ақпаратты – жануарлардың түрлерін, тұқымын, жынысын және т.б мәліметтерді көрсетеді. Жүйе толығымен автоматтандырылған, осылайша ветеринарлар қағазбастылықтан босатылып, нақты уақыт режимінде мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауға болады. Сонымен қатар, интернет байланысы болмаған жағдайда да, мобильді қосымша офлайн түрде жұмыс істейді. Осылайша, ветеринарлардың жұмысындағы адами фактор алынып тасталып, бюрократиялық кедергілер азаяды. Енді жақын арада осы салаға жауапты орган жануарларды есепке алу жүйесін тәртіпке келтіруді жоспарлап отыр.

Бөлісу: