«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының ХХІ съезі өтті

23 Желтоқсан 2022, 20:33 1535

Бұл туралы «Ауыл» ХДПП баспасөз қызметі мәлім етті

Астана қаласында «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс ХХІ съезі өтті. Шараға партияның 20 филиалында өткен кезектен тыс конференцияларда сайланған барлық делегаттары қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Елімізде басталған Конституциялық реформалар мен саяси өзгерістерге байланысты бірнеше конституциялық заңдар қабылданды. Соның ішінде «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңға өзерістер енгізуіне байланысты партияның Жарғысына да тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыға салынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашысы болған елдегі Конституциялық реформалар мен бетбұрыстар республиканың саяси өміріне ауқымды өзгерістер әкелді. Елде партияларға деген көзқарас өзгерді. Партиялар, азаматтық қоғам бұған дейінгі бойкүйездіктен арылып, жұмыстарын жандандырып жатыр. Заман талабы өзгеріп, семіп қалған саясат тамырына қайта қан жүгірді. Соған байланысты партия өзінің негізгі құқықтық құжаты – Жарғыны жетілдіру бойынша мәселе көтеріп, съезд шақыртты.​​​​

«Сайлау жүйесі де өзгеріп жатыр. Жақында ғана Президент сайлауы өтті. Жаңа мерзімге сайланған Президент алдағы уақытта соған сәйкес парламент қайта сайланатынын айтты. Ол мемлекет басшысы ұсынған аралас сайлау жүйесімен, яғни, Мәжілістің депутаттық корпусының 70%-ы – пропорционалдық, 30%-ы – мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. Бұл жүйе облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттарға да енгізіледі. Ал аудандар мен қалалардағы сайлау тек мажоритарлық тәсілмен өтетін болады. Соған байланысты бұдан былай филиалдарға, бастауыш партия ұйымдарына өңірлердегі саяси ұйым ретінде талап күшейеді. Осы өзгерістерге Жарғыны сәйкестендіру мақсатында оған толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп жатыр», – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.

Бұл өзгерістер жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында беделді, жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашпақ. Негізгі электораты ауылды жерлерде тұратын «Ауыл» партиясы ауыл мүддесі тағы назардан тыс қалмауы үшін қазірден қам жасап жатыр.

Сонымен қатар, съезд барысында партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Дайрабаев Ж.М. пен партияның Орталық аппарат жетекшісі Жанатаев Е.Я. партияның Саяси Кеңесі мен Президиум мүшелігіне сайланды.

EL.KZ
Бөлісу: