Ауыл халқының табысын арттыру: Атырау облысына 1,5 млрд теңге бөлінеді

30 Желтоқсан 2022, 21:08 1016

Бұл туралы АШМ мәлім етті

Биыл Атырау облысының мал шаруашылығын дамытуға 2,8 млрд теңге бөлінді. Облыста 550 шаруа қожалығы мемлекеттен субсидия алды, оның ішінде жемшөп құнын арзандатуға берілді. Алдағы қысқа өңірде 570 мың тоннадан астам көлемде жем-шөп қоры әзірленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің өңірге жұмыс сапары кезінде Атырау облысында АӨК саласын дамыту туралы айтылды. Әбілхайыр Тамабек жергілікті ауыл тұрғындарына Қазақстандағы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаның бекітілгені туралы айтты. Осы бағдарлама аясында ауыл тұрғындары өз ісін дамытуға төмен пайызбен шағын несиелер ала алады. Жоба аясында Атырау облысына 1,5 млрд теңге бөлінеді.

«Ауыл тұрғындарын шағын несиелендіру бағдарламасына қатысуға шақырамын. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі 2,5%, несие 7 жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК, бұл шамамен 7,9 млн теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы кооперациялары үшін ерекше жағдайлар қарастырылған, қарыздың ең жоғары сомасы  8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 млн теңге», - деді Әбілхайыр Тамабек.

Жалпы, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тарту және шағын несиелеу есебінен миллион ауыл тұрғындарын қамти отырып, 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Сонымен бірге вице-министр облыстың бірқатар фермерлік кәсіпорындарына барды. Қазақстанның батысындағы ірі кәсіпорын «Карат» ЖШС ұн тарту кәсіпорны, сондай-ақ ешкі өсірумен және ешкі сүтін өңдеумен айналысатын «Сарайшық» асыл тұқымды шаруашылығында болды. Айта кетейік, бұл компания жылына шамамен 180 тонна сүт және 140 тонна сүт өнімдерін өндіреді.

EL.KZ
Бөлісу: