«Ауыл аманаты»: Түлкібаста балық пен жеміс шаруашылығының қарқыны қалай

28 Наурыз 2023, 18:54 1217
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында аудан әкімі Нұрлан Байғұтпен бірге ауыл шаруашылығы саласы өкілдерімен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасының ауданда іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Ең алдымен аудандағы балық шаруашылығында болып, қазіргі таңда үлкен демалыс орнына айналып жатқанын көрді. Жаскешу ауылдық округі аумағында орналасқан «Tulkibas-Fishing Resort» ЖШС форель балығын өсірумен айналысады. Онда арнайы өсірілген форель балығы жергілікті халықтың үлкен сұранысына ие.
 
Ермек Кенжеханұлы Мичурин ауылдық округі аумағындағы «Клубничный Рай» АӨК-ның құлпынай шаруашылығымен, Шақпақ ауылдық округіндегі 210 гектарлық алма бағы «Кентау» ЖШС-нің алма сақтау қоймасымен танысты. Сондай-ақ жергілікті шаруалармен кездесіп, сәуір айынан бастап іске асатын 2,5 пайыздық несие «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының артықшылығы мен ерекшелігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Облыс әкімінің орынбасары Рысқұлов ауылдық округі аумағындағы «Майлыкент Сүт» ЖШС-нің сүтті қайта өңдейтін зауыт жұмысын аралап көрді.
 
Түлкібастың брендіне айналған сүт өнімдері 2012 жылдан бері нарықта. Қазіргі таңда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Сапар аясында аудандағы суармалы жерлерді ұлғайту мәселесі бойынша «Құлый» магистралды каналының жөндеу жұмыстарын тексерді. 13 су нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені және мердігер мекеме қазіргі таңда тиісті жоспарлы уақыттан кешігіп жатқаны анықталды. Ермек Кенжеханұлы мердігер компанияға ескерту жасап, қосымша уақыт берді.
EL.KZ
Бөлісу: