Испанияның Севилья қаласында өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде Аустралиямен матчта әлемнің 69-ракеткасы Юлия Путинцева таразы басын теңестірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Дүниежүзілік рейтингте 113-орында тұрған Кимберли Биррелмен бәсекеде Ю.Путинцева бірінші сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Екінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Биррел брейк жасап кетті – 5:4. Бірақ Юлия бұдан кейін қатарынан үш геймді өз есебіне жазды – 7:5.
Осылайша, Қазақстан – Аустралия матчында есеп теңесті – 1:1. Енді матч тағдыры жұптық сындағы ойында шешіледі.
Бастапқы ойында дүниежүзілік рейтингте 814-орында тұрған Анна Данилина әлемнің 172-ракеткасы Сторм Хантермен шеберлік байқасты.
Негізінен жұптық сында өнер көрсететін Данилина екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде 6:7 (2:7), 4:6 есебімен есе жіберді.