Australian Open турнирінде сынға түсіп жатқан қазақстандық теннисшілері Елена Рыбакина мен ұптық сындағы бірінші, әлемнің 14 ракеткасы Анна Данилина ширек финалға жолдама алды. Ал ерлер арасында кортқа шыққан Александр Бублик 1/8 финалда жеңіліп қалды.
Мельбурнде өтіп жатқан жарыстың үшінші айналымында Рыбакина әлемдік рейтингте 54-орында тұрған, 18 жастағы чехиялық теннисші Тереза Валентовамен кездесіп, қарсыласын 6:2, 6:3 есебімен жеңді.
Матч 1 сағат 23 минутқа созылды. Кездесу барысында қазақстандық спортшы 4 эйс жасап, бір ғана қос қателікке жол берді. Ал Валентова 4 эйс орындағанымен, 8 қос қателік жіберді.
Айта кетейік, Тереза Валентова – өз жасындағы ең дарынды теннисшілердің бірі. Ол жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингтің топ-4 қатарына кіреді және 2024 жылы Ролан Гаррос турнирінде жекелей әрі жұптық сында чемпион атанған.
Елена Рыбакинаның Australian Open турниріндегі ең үздік нәтижесі – 2023 жылғы финал. Ал өткен маусымда ол төртінші айналымға дейін жеткен еді. Осылайша қазақстандық теннисші биыл да былтырғы көрсеткішін қайталап отыр.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге үшінші айналымда аустралиялықтар Майя Джойнт – Сторм Хантерге қарсы келді.
Бірінші партияда корт иелері 4:2 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық-сербиялық жұп таразы басын өздеріне аудара алды – 7:5.
Екінші сетте Данилина – Крунич 2:0, 4:1 есебімен алға кетті. Бірақ аустралиялықтар да беріспеді. Дегенмен тай-брейкте қазақстандық-сербиялық жұп жеңісті жұлып алды - 7:6 (8:6).
Ек сағат 13 минутқа созылған тартысты бәсекеде Анна – Александра жұбы 2 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Джойнт – Хантер 3 брейкпен (13 брейк-пойнт) шектелді.
Анна Данилина – Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін доданың 1-ракеткалары, чехиялық Катержина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады.
Ал Қазақстан атынан өнер көрсететін Александр Бублик Мельбурнде өтіп жатқан Australian Open турнирінің төртінші айналымында (1/8 финал) жарыстан шығып қалды. Ол австралиялық теннисші Алекс де Минаурға есе жіберіп алды. Кездесу Минаурдың сенімді жеңісімен аяқталды — 6:4, 6:1, 6:1.
Әлемнің оныншы ракеткасы Бублик қарсыласынан алтыншы рет кездесіп, төртінші рет жеңіліп отыр. Бұл жеңіс де Минаур үшін «Үлкен дулыға» турнирлерінде топ-10 ойыншыны үшінші рет ұтуы болды. Сондай-ақ ол өз елінде өтіп жатқан Australian Open турниріндегі ең үздік нәтижесін қайталады — ширек финал (бұған дейін 2025 жылы осы кезеңге жеткен).
Ширек финалда Алекс де Минаур әлемнің бірінші ракеткасы Карлос Алькарасқа қарсы ойнайды.