Ауладағы ойыннан ел чемпионатына дейін: үш жамбылдықтың асықтағы жеңіс жолы

Ауладағы ойыннан ел чемпионатына дейін: үш жамбылдықтың асықтағы жеңіс жолы

Ажар Лаубаева
Фото: Әділет Шопашев

Өскеменде өткен асық атудан Қазақстан чемпионатында Жамбыл облысының жас спортшылары топ жарды. 31 шілде мен 3 тамыз аралығында 2006-2009 жылы туған жастар арасында өткен командалық додада Нұрасыл Назарбай, Нұрмұхамедәлі Абай және Жанарыс Дәулетхан қарсыластарынан басым түсіп, ел чемпионы атанды.

Бұл жеңістің артында ұзақ дайындық, мықты қарсыластармен тартыс және шешуші сәттердегі психологиялық сын тұр. Команданы жарысқа Жамбыл облысының аға жаттықтырушысы Әділет Шопашев дайындаған.

El.kz тілшісі жас чемпиондармен және олардың жаттықтырушысымен тілдесіп, жеңіске жету жолы, асық атудың қыр-сыры және алдағы мақсаттары туралы білді.

Жамбылдықтар жеңіске қалай дайындалды?

Жамбылдық спортшылар үшін бұл жеңіс оңай келген жоқ. Команда чемпионат қарсаңында жаттығу уақытын ұзартып, күніне бірнеше сағат бойы дайындалған.

Жамбыл облысының аға жаттықтырушысы Әділет Шопашевтің айтуынша, Өскемендегі додаға еліміздің бұған дейін ірі жарыстарда топ жарған мықты командалары келген. Олардың арасында әлемдік деңгейде нәтиже көрсеткен спортшылар да болған.

Чемпионатқа өте тыңғылықты дайындалдық. Күн сайын кешкі сағат 20:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жаттықтық. Жарыста Павлодар, Түркістан облысы мен Шымкенттен келген мықты командалар бақ сынады. Олардың құрамында бұған дейін чемпион атанған, тіпті әлемдік деңгейде нәтиже көрсеткен спортшылар бар. Осындай бәсекеде біздің балалар жақсы ойын көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды, – дейді Әділет Шопашев. 

Жаттықтырушы шәкірттерінің жүлделі үштікке енетініне сенген. Ал жарыс нәтижесінде команда үздік көрсеткішке қол жеткізіп, ел чемпионы атанды.  

Жеңімпаз команда ұлттық құрама сапына енеді. Енді балалар келесі жылы әлем немесе Азия чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алады, – дейді жаттықтырушы.

Оның сөзінше, чемпион атанған үш спортшы Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекциясы тарапынан ай сайынғы төлем де алады.

Үш спортшы құрамаға қалай таңдалды?

Қазақстан чемпионатына облыс атынан кез келген спортшы бара алмайды. Алдымен ауыл-аудан деңгейінен басталатын бірнеше кезеңдік іріктеуден өту қажет.

Республикалық чемпионаттың өтетін орны мен мерзімі бекітілгеннен кейін жарыс ережесі өңірлерге жолданады. Соның негізінде облыстық жарыстың тәртібі әзірленіп, аудандарға таратылады. Аудан ішіндегі үздіктер облыстық кезеңге өтіп, сол жерде республика чемпионатына баратын спортшылар анықталады.

Нұрасыл, Нұрмұхамедәлі мен Жанарыс та осы жолдан өтті. Бір қызығы, үш спортшы бір команданың құрамынан алынбаған.

Облыстық іріктеуде бірінші, екінші және үшінші орын алған командалардың арасынан үздік үш баланы таңдадық. Яғни чемпион атанған қазіргі құрам бірнеше кезеңнен өтіп, үздіктер арасынан жасақталды, – дейді Әділет Шопашев.

Мұндай жүйе өңірдегі мықты спортшылардың бір командаға жиналуына мүмкіндік берген.

Алты метр қашықтық, 15 асық және он минуттық тартыс

Сырт көзге асықты дәл көздеп, сақамен атып шығару аса күрделі көрінбеуі мүмкін. Бірақ кәсіби деңгейде спортшының бойында бірнеше қасиет қатар болуы керек.

Асық тігілген орын мен мәре сызығының арасы – 6 метр. Ойыншы алаңның екі жағынан кезекпен ойнап, үнемі қозғалыста болады. Жаттықтырушының айтуынша, он минуттық ойын барысында спортшы шамамен 12 метрлік аралықта қайта-қайта жүгіріп, сонымен қатар нысанаға дәл тигізуі қажет.

Спортшыға дәлдікпен бірге күш, ептілік пен шыдамдылық қажет. Алты метр жерден асықты дәл көздеп қана қоймай, сақаны қажетті күшпен жеткізе білу керек. Ойын кезінде бала тоқтаусыз қозғалады. Сондықтан бұл спортта төзімділік те жақсы сыналады, – дейді жаттықтырушы.

Ойын алаңына 15 асық тігіледі. Соның сегізін бірінші болып шеңберден шығарған ойыншы немесе команда басымдыққа ие болады.

Бір асықтың өзі шешуші рөл атқарады

Асық атуда қолдың дәлдігі қаншалықты маңызды болса, спортшының психологиялық дайындығы да соншалықты шешуші рөл атқарады.

Асық атуда соңғы сәтке дейін босаңсуға болмайды. Мәселен, спортшы жеті асықты қатарынан шығарып, сегізіншісіне дәл тигізе алмай қалуы мүмкін. Мұндайда қарсыласы мүмкіндікті пайдаланып, басымдықты өз қолына алады.

Жеті асықты шығарып тұрып, 7:8 есебімен жеңіліп қалу балаға психологиялық жағынан қатты әсер етеді. Мұндайда спортшы сынып қалуы мүмкін. Сондықтан жеңген кезде шамадан тыс масаттанбау, жеңілген кезде де еңсе түсірмеу маңызды, – дейді жаттықтырушы.

Жаттықтырушы мұндай жағдайдың бұған дейінгі жарыстардың бірінде болғанын еске алды. Сол кезде жамбылдық спортшылар Түркістан облысының командасын негізгі қарсыластарының бірі деп санап, бар назарын сол кездесуге аударған. Қарсыласты жеңгеннен кейін команда келесі ойынға қажетті деңгейде жинақтала алмай, Шымкенттен келген спортшыларға есе жіберген.

Жаттықтырушы осы жағдайдан кейін шәкірттеріне бір қарсыласқа ғана байланып қалмай, әр ойынды жаңа бәсеке ретінде қабылдау керегін түсіндірген.

Жарыстың алғашқы кезеңдерінде қобалжу әсіресе республикалық деңгейдегі доданы алғаш көріп тұрған жастарға қиын тиеді.

Фото: Әділет Шопашевтың жеке мұрағатынан

Қобалжу бәрінде болады. Кейде шағын жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткен бала үлкен додаға келгенде ортаның әсерінен қолын жүргізе алмай қалады. Қарсылас команданың жанкүйерлері де қатты қолдауы мүмкін. Сондықтан оқу-жаттығу жиындарында балаларды осындай ортаға алдын ала бейімдеуге тырысамыз, – дейді Әділет Шопашев.

Әр асықты есеппен ату керек – Нұрасыл Назарбай

Команда мүшесі Нұрасыл Назарбай 17 жаста. Ол Жамбыл облысындағы Түрксіб ауылында тұрады. Биыл Антон Макаренко атындағы орта мектепті тәмамдаған.

Нұрасылдың асықпен таныстығы арнайы спорт залынан емес, ауылдағы қарапайым ойыннан басталған. Бала кезінде достарымен асық ойнаған оның қызығушылығы уақыт өте келе кәсіби спортқа ұласқан.

Асықты бала кезімнен ойнаймын. Аулада достарыммен ойнап жүріп, біртіндеп қызығушылығым арта түсті. Кейін жаттығуға көңіл бөліп, жарыстарға қатыса бастадым. Осылайша бала кездегі қызығушылығым біртіндеп спортқа айналды, – дейді Нұрасыл.

Мектепішілік жарыстардағы алғашқы жеңістерден кейін Нұрасыл асық атуға ден қойып, жүйелі жаттыға бастаған. Кейін облыстық және республикалық додаларда бақ сынады.

Өскемендегі чемпионатта да оңай ойын болмады. Нұрасыл әсіресе шешуші кездесулерде жауапкершіліктің артқанын айтады.

Қарсыластардың бәрі мықты болды. Сондықтан әр асықты дәл ату маңызды еді. Шешуші ойындардың алдында қобалжу болды. Ондай кезде өзімді сабырға шақырып, жаттығудағыдай ойнауға тырыстым. Ең бастысы – өзіңе сену, – дейді ол.

Нұрасылдың айтуынша, дәл атудың бір ғана құпиясы жоқ. Нәтиже тұрақты жаттығудан басталады. Сонымен қатар спортшы өзіне қолайлы сақаны дұрыс таңдауы қажет.

Ол сақаның салмағына, қолға ыңғайлылығына мән береді. Ал ату кезінде қолдың қозғалысын бірқалыпты ұстап, әр соққыны асықпай орындауға тырысады.

Қазақстан чемпионатындағы жеңістің Нұрасыл үшін орны бөлек.

Қоржынымда бірнеше медаль бар. Бірақ бұл чемпиондық ерекше. Себебі оған жету үшін көп дайындалып, көп күш жұмсадық. Осы жеңіс маған үлкен мотивация берді. Ендігі мақсатым – халықаралық жарыстарға қатысып, еліміздің намысын абыроймен қорғау, – дейді жас чемпион.

 Ата-анамның үмітін ақтағым келді – Нұрмұхамедәлі Абай

Нұрмұхамедәлі Абай – Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Көгершін ауылының тұрғыны. 16 жастағы спортшы Ақтоған шағын орталықты орта мектебінде білім алады. Биыл 11-сыныпқа көшкен. Болашақта спорт саласын таңдап, Алматыда білім алуды жоспарлап жүр.

Нұрмұхамедәлінің асық атуға келуіне ауылдағы ұстаздары ықпал еткен.

Ауылда асық ойнап жүрген кезімде Жандос Рысқұлов ағай жарыстарға апарып, қызығушылығымды арттырды. Кейін Ескендір Текешов ағай облыстық іріктеуге алып барды. Осы кісілер асық атудың қаншалықты қызықты спорт екенін көрсетті. Отбасымда менен басқа асықпен айналысатын адам жоқ, – дейді ол.

Ол шамамен үш жылдан бері жарыстарға тұрақты қатысып келеді. Мектеп лигасында аудандық сындардан өтіп, екі жыл қатарынан облыстық кезеңге жолдама алған. Ал биыл облыстық іріктеуде жүлделі орын иеленіп, алғаш рет республикалық деңгейде чемпион атанды.

Фото: Нұрмұхамедәлі Абайдың жеке мұрағатынан
Фото: Нұрмұхамедәлі Абайдың жеке мұрағатынан

Нұрмұхамедәлі аптасына төрт рет, әр жаттығуда шамамен екі сағат дайындалатынын айтады. Спортшылар жақын және алыс қашықтықтан атып, қолды дәлдікке жаттықтырады.

Оның сөзінше, командалық асық атудың жеке жарыстан басты айырмашылығы – өз нәтижеңе ғана емес, қасыңдағы екі спортшыға да жауапты болуыңда.

Жекелей жарыста тек өзіңе сенесің. Ал командалық ойында бір-бірімізге сеніп, қолдау көрсетеміз. Бір ойыншының нәтижесі бүкіл командаға әсер етеді. Сондықтан командаласың қателессе, оны сөгуге болмайды. «Ештеңе етпейді, алға, жақсы ойнап жатырсың» деп қолдаған дұрыс, – дейді Нұрмұхамедәлі.

Оның пікірінше, қатені ойын үстінде талқылау спортшының ашуына тиіп, келесі соққыларына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ескертуді ойын аяқталған соң сабырмен айтқан жөн.

Команда қарсыластарын да алдын ала бақылап жүреді. Қай спортшының мәре сызығынан, қайсысының шеңбер маңынан жақсы ататынына дейін назардан тыс қалмайды.

Ал Нұрмұхамедәлінің чемпионаттағы басты мотивациясы – ата-анасының сенімі болған.

Жарысқа барарда ата-анамның «жүлделі орын алып кел» деген сөзі ойымнан шықпады. Олардың үмітін ақтағым келді. Қазақстан чемпионы атану – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл тек өзім үшін емес, облысым үшін де үлкен жетістік, – дейді ол.

Енді ол асық атуды жалғастырып, әлем және Азия чемпионаттарында жүлде алуды армандайды.

Командада бірлік болмаса, жеңіске жету қиын – Жанарыс Дәулетхан

Команданың тағы бір мүшесі – 19 жастағы Жанарыс Дәулетхан. Ол Жамбыл ауданының Шоқай ауылында дүниеге келген. Қазір Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің екінші курс студенті.

Жанарыстың асық атуға қызығуына ұстазының спортшылар туралы әңгімелері себеп болған.

Мектепте жүргенде ағайымыз жарыстарға барған спортшылардың жетістіктері туралы айтып отыратын. Соны естіген сайын менің де қызығушылығым артты. Жамбыл облысының намысын қорғап, өңіріміздің абыройын асқақтатқым келді. Мені осы спортқа алғаш алып келген – Әділет Шопашев ағай, – дейді Жанарыс.

Оның алғашқы жарысы 2022 жылы өткен. Ауданаралық додада бірден бірінші орын алып, облыстық чемпионатқа жолдама алған. Содан бері асық атуды тұрақты жалғастырып келеді.

Фото: Жанарыс Дәулетханның жеке мұрағатынан

Бірақ республикалық деңгейдегі үлкен жеңіс бірден келген жоқ. Жаттықтырушысының айтуынша, Жанарыс бес жыл бойы жарыстарда екінші және үшінші орындардан көрініп, биыл ғана көптен күткен чемпиондыққа қол жеткізді.

Жанарыс командалық жарысты ерекше жақсы көретінін айтады. Себебі мұнда үш адамның шеберлігімен қатар, ауызбіршілігі сыналады.

Командалық ойында үш адам бір-біріне қолдау көрсетіп отырады. Мұнда ең керегі – ауызбіршілік. Командада бірлік болмаса, жеңіске жету қиын. Ал жекелей жарыста тек өзің үшін ойнайсың, өзіңе ғана сенесің, – дейді спортшы.

Мықты қарсыласпен кездескенде психологиялық қысымның болатынын Жанарыс та жасырмайды. Мұндай жағдайда ол тайм-аут алып, су ішіп, ойыннан аз уақытқа назарын бұрып, қайта жинақталуға тырысады.

Оның пікірінше, қарсыластың атағы мен бұрынғы жетістігіне шамадан тыс мән беру спортшыны ойын басталмай жатып жеңіліске ұшыратуы мүмкін.

Қарсыласыңның мықты екенін білсең де, ойын үстінде сынып қалмауың керек. Ойыңды жинақтап, өзіңді жеңіске бағыттай білу маңызды. Психологиялық тұрғыдан өзін дұрыс дайындай алған спортшының мүмкіндігі жоғары, – дейді ол.

Жанарыс үшін сақаның да өзіндік мәні бар. Қазіргі жеке сақасын оған жаттықтырушысы Әділет Шопашев жарыс алдында сыйлаған.

Ағайым сақа сыйлағаннан кейін ерекше жігер пайда болды. «Ағайымның үмітін ақтап, чемпион боламын» деп өзіме мақсат қойдым. Аллаға шүкір, жекелей чемпионатта үшінші, командалық сында бірінші орын алдым, – дейді Жанарыс.

Оның ендігі арманы – әлем және Азия чемпионы атану.

Жамбылда асық атушылар арасында бәсеке жоғары

Жамбыл облысында асық атуға қызығатындардың қатары көп. Әділет Шопашевтің сөзінше, өңірде ішкі бәсекенің өзі жоғары. Бұл облыстық құрамаға мықты спортшыларды іріктеуге мүмкіндік береді.

Құжат бойынша жаттықтырушының қарамағында 45 спортшы бар. Бірақ асық ойнайтындардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп.

Ең қызығы – бұл спорттың жас шектеуі жоқ деуге болады.

Бізде төртінші сынып оқушысынан бастап 65 жастағы азаматтарға дейін асық атады. Бір жолы Ақтөбедегі жарысқа барғанымызда 65 жастағы Мәмбет есімді ойыншымыз чемпион болып қайтты, – дейді Әділет Шопашев.

Жаттықтырушы ауыл балаларының көпшілігі асықпен кішкентайынан таныс екенін айтады. Сондықтан спорт секциясына келген кезде оларға ойынды нөлден бастап үйретудің қажеті жоқ. Негізгі міндет – бұрыннан қалыптасқан дағдыны ресми ережеге бейімдеу, тактиканы меңгерту және командалық ойынға үйрету.

Нәтиженің қашан келетінін алдын ала болжау қиын. Бір спортшы бірнеше жыл бойы жүлдеге жақындап жүріп чемпион атанса, енді бірі алғашқы үлкен додасында-ақ топ жаруы мүмкін.

Бұған биылғы құрамның өзі мысал. Жанарыс бірнеше жыл бойы екінші және үшінші орын алып жүріп, биыл бірінші орынға көтерілсе, Нұрмұхамедәлі облыстық іріктеудегі жеңісінен кейін республика чемпионатына барып, бірден командалық алтынға қол жеткізді.

Жас чемпиондар енді халықаралық додаға дайындалады

Қазақтың дәстүрлі ойыны бүгінде халықаралық деңгейдегі спорт түріне айналып келеді. Қазақстандық асық атушылар әлем және Азия чемпионаттарында, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап жүр.

Әділет Шопашев Жамбыл өңірінде халықаралық деңгейге көтерілген спортшылардың да бар екенін атап өтті. Солардың бірі – Ерсұлтан Тоқтасын. Ол V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында асық атудан чемпион атанған.

Өскемендегі жеңіс Нұрасыл, Нұрмұхамедәлі және Жанарыс үшін де халықаралық жарыстарға жол ашып отыр.

Үш спортшы да алдағы уақытта ұлттық құрама сапында халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізуді мақсат етеді.

Енді балалар 2027 жылы өтетін әлем немесе Азия чемпионатында жүлделі орын алады деп үміттенеміз. Біздің келесі мақсатымыз – осы, – дейді жаттықтырушы.

Оқи отырыңыз

{