Ауыр салмақтағы жуан жұдырықты қыз

26 Желтоқсан 2019, 10:24 7120

19 жасында спортқа келген Ләззат Күнгейбаеваның құтты қадамы

Еліміздегі қыздар боксының абыройын арттырып жүрген Ләззат Күнгейбаева спортқа қалай келген? Ал боксқа ше? Ауыр салмақта сынға түсетін бұрымды боксшының жоспарлары қандай? El.kz порталы спорттық мансабы ерекше басталған арумен тілдесіп қайтқан еді.

Спортшы болу туралы 19 жыл ойламаған қыз

Ләззат көпбалалы отбасыдан шыққан. Спортты жаны сүйетін әкесі балаларын үйдің ішінде көрпе жайып күрестіреді екен. Дене бітімі нағашы жағына тартқан Ләззат болса, басқа бауырларын алып ұрып, әрдайым жеңіске жетіп жүріпті. Тіпті ағасын да қарсылас құрлы көрмеген.

Әкем менен спортшы шығатынын сезсе керек. Мектеп те оқып жүргенімде бокс үйірмесіне апарды. «Бұл қыздарға лайық спорт емес, қыздар нәзік болу керек» деп бұрқан-талқан ренжігенім бар. Осыған ұқсас тағы бр оқиға болды. Анам екеуміз дәмханада отырғанда, бір ағай келіп, визиткасын ұсынды. Сөйтсек, ауыр атлетика бапкері екен. Менің дене бітіміме қарап, зілтемірші шығады деп топшыласа керек. «Барып көрсеңші» деген анама да өкпелеп қалғам.

Не керек, мектепті ойдағыдай аяқтап, дизайнерлікке оқуға тапсырған Ләззат грантқа іліне алмай қалыпты. Бұл сәтсіздік оның үлкен спортқа келуіне түрткі болған секілді.

– Дизайнер болам деп армандадым. Суретті жақсы салатынмын. Тігін машинасымен әртүрлі көйлектер тігетінмін. Қазір де қолым босай қалса, үйдегі сурет салатын үстеліме жайғаса кетемін. Тігін машинам да бар. Бірақ, оған көңіл бөлуге уақыт жетпей жатыр.

Сонымен, тегін оқуға ілінуді мақсат еткен Ләззат келер жылы міндетті түрде құжат тапсырамын деп ниет етеді. Бірақ, алдында не күтіп тұрғанын ешқашан елестетіп көрмеген.

– Ата-анам астанаға қоныс аударған соң, мен де жандарына келдім. Бір күні анам шаруалармен сыртқа шығып кеткен. Жолда күрес бапкерімен танысып, не керек мені жаттығуға барады деп өзара шешіп келіпті. Әкем де анам да қолқалап «сенен спорт шебері шығады» деп, әбден арқаландырып жіберген болатын. Жай бір-екі ай қатысып көрейін деген оймен келген мен сол спорт залында ұзақ қалып қоятынымды қайдан білейін.

Үш ай жаттыққан Ләззат самбодан өткен Қазақстан біріншілігінде жеңіске жетеді. 2007-2010 жылдар аралығында спортшы қыз дзюдо мен самбодан халықаралық жарыстарда көптеген жетістіктерге жеткен. Оның ішінде Әлем Кубогы мен Азия чемпионаттары бар. Күрестегі толағай табыстар Л.Күнгейбаеваның Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша грантқа түсуіне себепкер болады.

– 22 жасымда боксқа қатысу туралы ұсыныс түсті. Жарайды, мұнда да өзімді сынап көрейін деп шештім. Бапкер «бастысы, төбелесуді білесің бе?» дейді. Бұрын төбелесіп көрген кім бар?! «Көрейік» дедім. Бокс залына келіп, қолғап киіп, соққы жасауды, қорғаныста тұруды екі күндей үйренген соң, мені ұлдармен спаррингке қойды. Нағыз қызық сонда басталды. Соққы жіберсем, көзімді жұмып алға ұмтылам. Қайтару керек қой?! Жаттықтырушы мінезімнің бар екенін, жүрексінбейтінімді бірден түсінді. Осылай бокстағы жорығым басталып кеткен еді.

Екі апталық жаттығудан кейінгі алғашқы алтын

Екі жетіден соң Ләззат бокстан қыздар арасындағы Қазақстан біріншілігіне қатысады.

– Сол кезде ең ауыр салмақта әлем чемпионатында 3-орын алған фаворит қыз бар еді. Бапкерім соны жеңсем чемпион болатынымды айтты. Барымды салып, ұтып алдым. Бокстан еш тәжірибем болмаса да, физикалық дайындығым өз жемісін берді. Барлығы таң-тамаша. «Қайдан шыққан жуан бұл?» деген ырду-дырду әңгіме.

Ойда-жоқта боксқа келген Ләззат бүгінге дейін Қазақстанның ішкі біріншілігінің 9 мәрте алтын жүлдесін мойнына таққан. Азия чемпионатының күміс, қола жүлдегері. 2014 жылғы әлемдік біріншілікте күміс алса, екі жылды араға салып, осы байрақты бәсекеде жеңімпаз атанады.

– Бүгінге дейін алпысқа жуық медаль жинаппын. Әрине, оның ішіндегі ең ыстығы сол әлем чемпионатының алтыны. Бұйырса, тағы да жүлделер санын артыра бермекпін.

Ләззат 2018 жылы әлемдік додада медаль үшін таласа алмай қалған еді. «Бабым келісіп тұрса да, жеңіске жету бұйырмады» дейді өзі. Оның астарында қандай саясат жатқаны бізге де, бұрымды боксшымызға да беймәлім. Сол сәтсіздіктен кейін былғары қолғап шебері әлемдік рейтингте бірнеше жыл бірінші болып келген орнынан сырғып, екіншіге түсіпті. Бірақ, көп өтпей-ақ алғашқы орында Күнгейбаева тегі жазылып тұратынан нық сенімдіміз. 

Кәсіпқой бокс және өкініш

2016 жылғы әлем чемпионатындағы табыстан кейін спортшыға АҚШ-тан кәсіпқой боксқа өту туралы өте ыңғайлы ұсыныс келеді.

– Спорттағы әрбір адамның бабы келіскен уақыты болады. Менікі сол жылдармен тұспа-тұс келді ме деп ойлаймын. Мұхит асып кетпегеніме бір үлкен себеп болды. Ашып айта алмаймын. Өзім барғым-ақ келген. Ата-анам да қарсы болмады. Кәсіпқой бокс мен үшін жаралғандай. Асықпай бірнеше раунд қарсыласыңды аңдып, сәті түскенде жойқын соққыларыңды жұмсап жүре бересің ғой... Амал нешік... Қазір сол қадамға бармағаныма өкінішім бар. Бұл күндері бір-екі ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ, олар үш жыл бұрынғымен салыстырғандағыдай емес. Көңілімнен шығып жатқаны болса, көзімді жұмып АҚШ-қа аттанамын.

Ләззатты әуесқой бокста ұстап қалған тағы бір себеп – өзі бақ сынайтын +81 келі салмақтың Олимпиадаға еніп қалуы мүмкін деген ой. Өкінішке қарай, төрт жылда бір келетін айтулы додада боксшы қыздар тек бес салмақ бойынша күш сынасады. Оның ішінде 81 келі де, +81 келі де жоқ!

– 75 келіге түсу үшін 10-15 келі тастауға тура келеді. Спортшы қыздарда мұндай салмақ қуу күштен айырылумен тең. Яғни, физикалық мүмкіндігің нашарлай түседі. Сондықтан, тәуекелге бармадым. Бапкерлерім де қарсы болды.

Кей спортшылар бес-он жыл бойы талмай еңбектену арқылы жететін жетістікке Ләззат аз-ақ уақыттың ішінде қол жеткізген.  Юлий Цезарьдың «бардым, көрдім, жеңдім» сөзі дәл осы Ләззатқа арналғандай.

– Спорт болған соң, бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Бірақ, қайсар мінез болса, сәтсіздіктерге сынбай, келесі де, міндетті түрде есеңді қайтаруды ойлайсың. Жалпы, рингтегі өзімнің сүйікті әдісім – шабуылға шыққан қарсыласымды жақсы соққымен күтіп алу. Бұл әсіресе, ауыр салмақтағы бокстың сәнін келтіреді. Алайда, соңғы жылдары осы тәсілімді біліп, әбден зерттеп келетін қарсыластарыма өткізе алмай жүрмін. Жаңа техника ойлап табу керек шығар.

Ләззат осы бойынша қазір жеке бапкері Берік Маржықпаевпен қызу жұмыс жүргізіп жатыр екен.

Орамал үшін «құрбан» болған шаш

Спортшы естен кетпес оқиғасын былай баяндайды:

– 3-сыныпта оқитын кезім бе, нақты есімде жоқ. Әкем әдемі орамал сатып әкелді де, маған «шашыңды тақыр ғып алдырсаң, осыны тағатын боласың» деді. Өзі сондай әзілкеш адам. Ұзын шашым болатын. Әйтеуір, көздің жауын алар орамалға қызықтым ба, келісе кеттім. Дырылдатып, шашымды алып жатыр. «Айнаға қара» дейді. Қарадым да, бақырып жылап жібердім. Сонымен тоқтамай бір күн жыладым. Шашымды тоқырлап алып тастаған. Ертеңіне амалсыз басыма орамалымды тағып мектепке кеттім... – дейді Ләззат күліп...

Боксшы болашақта бапкерлікпен айналыспайтынын айтады. Ол спортқа еш қатысы жоқ заң саласында қызмет еткісі келеді.

– Екінші жоғары білімімді осы заң саласымен байланыстырдым. Бірақ, қашан онда қызмет ететінімді білмеймін. Әзірге қолғап түйістіретін күш-жігерім жетеді. Жаттықтырушылық та менікі емес секілді. Тек бокс пен күрес түрлері бар спорт үйірмесін ашқым келеді. Ауыл-аймақтарда болашағынан мол үміт күттіретін қаншама балақайларды табуға болады. Қазақтың көк байрағын көтеретін балаларды тәрбиелеу зор жетістік болар еді.

Мақсаты – айқын, арманы – асқақ спортшы қыздың күндері спорт залында тынбай еңбектенумен өтіп жатыр. Бос уақыты бола қалса, бассейнге барады не кітап оқиды. «Сурет салу да кәдімгідей жанымды жайландырады» дейді өзі.

– Психологиялық, философиялық кітаптар оқимын. Бір жанрда тұрақтап қалмай, әр түрлі мотивация беретін әдебиеттерді қолымнан тастамауға тырысамын. Сонымен қатар, бокс залынан бөлек, басқа да спортпен айналысып қоямын. Әрине, оның бәрі спорттық бабыңды жоғалтып алмау үшін жасалатын амал-айла.

Ләззат спорттық киімдерге толған гардеробында түрлі сәнді көйлектер мен классикалық киім үлгілерімен алмастырғанын айтады. Былғары қолғап шебері қолы тисе ас бөлмесінде де уақыт өткізуге қарсы емес.

– Мектеп кезінде барлық тамақтарды жасағанмын. Қазір де уақыт болып жатса, дәмді ас әзірлеуге кірісіп кетемін – дейді.

Тұрмыс құрмаған Ләззат болашақ жары еңбекқор, қарапайым, қыз жанын түсінетін ер-азамат болғанын қалайды.

Біз өз кезегімізде боксшыға толағай табыс тілейміз!

(Суреттер Ләззат Күнгейбаеваның жеке мұрағатынан)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: