Агросектордың орталық алаңы – Agrobiz.kz порталы

29 Мамыр 2017, 09:59 7007

Agrobiz.kz порталының жетекшісі Айдос Аманбаймен сұхбат

Еліміздегі аграрлық секторды жандандырып, отандық фермерлерге қолдау көрсету мақсатында Agrobiz.kz деп аталатын ең ірі интернет-портал жақында іске қосылған еді. Оның негізін қалаушы Айдос Аманбай USAID халықаралық агенттігінің ұйымдастырған үздік идеялар гранттық конкурсында осы жобамен жеңімпаз атанды әрі мемлекеттік грантқа ие болды. Осылайша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында, үкіметтің қолдауымен әлеуметтік маңызы бар, инновациялық жоба жүзеге асты. Ауыл шаруашылығына қатысты барлық мағлұматты өн бойына жинақтаған, агросектордың орталық алаңына айналған Agrobiz.kz порталының жетекшісімен бүгін сұхбаттасудың сәті түскен еді.  

–  Сөз басын «бұл жобаны жүзеге асыру идеясы неден туындады?» деген сұрақтан бастасақ.

 «Қазақстан» арнасы арқылы бірнеше жыл қатарынан эфирге шыққан «Агробизнес» бағдарламасын әзірлеу барысында көптеген қиындықтарға тап болдық. Қазақстанда 190 мың шаруа қожалығы бар екен, алайда, олардың бірде-біреуін интернеттен таба алмайсыз. Қожалықтардың көбі коммуникациясы нашар, инфрақұрылымы жоқ, ақпарат  алмасу мүмкіндігі шектеулі шалғай жатқан елді-мекендерде орналасқан. Ал қазіргі таңда сіз интернетте жоқ болсаңыз, онда бизнесте де жоқсыз. Заманның талабы сол. Сондықтан да аграрлық салада еңбек етіп жатқан еліміздегі бүкіл шаруа қожалықтарын, осы салада зерттеу жүргізетін ғалымдардың басын біріктіретін жүйе ашуды ойға алдық.

Алғашында идея қарапайым басталған. Мысалы, кейде сауда орталықтарынан жеңілдіктер жайлы хабарлама келіп тұрады ғой: «Біздің дүкенге жаңа тауар келді», немесе «Жеңілдік, акция басталды» деп. Сол сияқты фермерлерге де агросектордағы жаңалықтар жайлы осындай хабарлама жіберілсе деген ой келді. Одан кейін ойдан ой туып, кейін жүйелей келе үлкен порталға айналды. Кез келген портал сайт бола алғанымен, сайттың барлығы портал бола алмайды. Себебі, портал – фунциясы көп, күрделі жүйе.

– Осы орайда, сайт қызметіне, оның атқаратын функцияларына кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Қазіргі таңда ашқан бизнесіңнің қоғамға пайдасы болмаса, оның ілгері басуы қиын. Біз қазір порталда Қазақстандағы шаруа қожалықтардың біртұтас дерекқорын жасап жатырмыз. Онда еліміздің агросекторында қызмет етіп жүрген кез келген шаруа өзіне веб-кабинет ашып, шаруашылығын ғаламтор кеңістігінде таныстыру арқылы мол мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Мұның бәрі тегін, ешқандай құжатты, қаржыны, асқан білімді қажет етпейді. Ол веб-кабинетте шаруаның қашаннан бері жұмыс істейтіні, шаруашылық түрі, нарыққа не ұсынатыны, қандай қажеттіліктері бар, және фотосуреттері мен байланыс нөмірлері сияқты толық мағлұмат болады. Бұл жерде біз шаруаларды айналысатын қызметіне қарай және орналасқан жеріне байланысты бөліп топтастырдық. Сондай-ақ, сайтта орналастырылған электронды картада әрбір қожалықтың географиялық орны, мекен-жайы енгізілген. Кейде көршілес отырған екі фермер бірін-бірі білмей, танымай жатады. Бірі жүгері өсіріп отырса, оның қасындағы фермер, сол жүгеріні алыстан, қымбат бағаға алдырып отыратын жағдайлар көп кездеседі. Ал агро картаға кіру арқылы қасыңдағы шаруа қожалықтардың не өсіріп, нені сатып отырғанын біліп отырасың. Сондай-ақ агрокартада «қашықтықты есептеу» фунциясы бар. Мысалы, сізге сүт керек болса, сайтқа кез келген жерден кіріп, жақын арадағы фермаға дейінгі арақашықтықты есептетіп алуға болады. Бұл функция белгіленген жерге дейін жету үшін неше литр бензин кететінін және қанша сағат жүретініңізді автоматты түрде есептеп береді.

Порталдың әлеуметтік маңызына тоқталатын болсақ, әсіресе, оңтүстік өңірде әрбір ауылдық округте мың фермерге дейін бар. Оларға алдағы болатын жиналыс туралы немесе субсидияға тапсырыс берудің уақыты жақындағаны жайлы ақпарат берудің өзі – үлкен проблема. Әрбір фермерге телефон арқылы хабарласып айту үшін әкімшіліктің қызметкері екі апта уақытын жұмсар еді. Ал бізде қалай? Порталға кірген кезде жергілікті әкімшіліктер тұрғылықты шаруалардың тізімін көріп отырады да, соларға хабарлама жібереді. Мысалы, «Ертең сағат 12-де жиналыс» деп жазып, «тарату» дегенді басып қалса, барлық шаруалар жедел түрде ақпарат алады. Бүгінде Қазақстан аумағының 90  пайызын ұялы байланыс қамтиды. Бұл жағынан проблема болмайды деп ойлаймын. Сондай-ақ бізде агротендер деген функция әзірлену үстінде. Ол фермерлер азық-түлікке, тағамға, агросекторға қатысты тендерлерге тікелей қатысу үшін жасалмақ. Балабақшаға сүт, үлкен сауда орталықтарына қарбыз, жеміс-жидек қажет болса, бізге сол фермерлердің тендерге тікелей қатысқаны керек.

Содан кейін, қазір ауыл шаруашылығындағы ең өзекті мәселе – маман табу. Көп жерге агроном керек, үнемі малшылар, зоотехник т.б. жетіспей жатады. Соны ескере отырып, жұмыс беруші мен оны іздеушілер үшін  вакансиялар бөлімін құрудамыз.

– Портал іске қосылғалы шамалы ғана уақыт өтті. Бүгінге дейін қанша шаруа қожалығын тіркеп үлгердіңіздер?

– Ия, жұмысымызды биылғы жылдың алғашқы айынан бастадық. Қазіргі таңда мыңдаған шаруа қожалығы тіркелуде, осы жылдың соңына дейін 50 мыңға жеткізсек деген жоспар бар. Сондай-ақ, аграрлы салада еңбек етіп жүрген, агросекторға тілкелей не жанама қатысы бар ғалымдар да тіркелуде. Ол ғалымдар қазірдің өзінде фермерлерге өздерінің ғылыми жаңалықтарын, қызметтерін ұсынып жатыр. Бұл мәселе ғылым-білім және өндірістің өзара интеграциясы үшін қажет. Жалпы, ғаламтор деген шексіз нарық қой. Агрокәсіпорындар каталогына Ресей, Израиль, Германияның компаниялары да тіркеліп, отандық фермерлерге өздерінің тауарлары мен қызметін, жаңа технологияларын ұсынып отыр. Негізі, әлі де енгізетін нәрселеріміз көп. Бұл сайт енді агросектор алаңы ғой. Осы бағытта мамандарымыз қызу жұмыс атқаруда. Жергілікті әкімшіліктермен тығыз жұмыс істеудеміз. Олар өздері де фермерлердің тіркелуіне көмектесіп жатыр.

Қазір біз Қазақстанның аудан орталықтарын аралап семинар-тренинг өткізіп жүрміз. Ол жерде әкімшілік қызметкерлері мен фермерлер жиналады. Біз оларға сайттың мақсатын, функцияларын түсіндіріп береміз. Бұл істі қолға алғанымызға көп уақыт өтпесе де, көпшіліктің, әсіресе фермерлердің ықыласы ерекше. Кейбірі хабарласып алғыс білдіріп, батасын беріп жатады. Яғни мұндай жаңашылдыққа біздің ауыл шаруашылық нарығы дайын. Тіпті порталды қалай қолдануын түсіне алмай жатса да, мұның қажеттілігін түсініп, бізге ақпарат беріп, барынша атсалысып жатыр. Осы уақытқа дейін қарапайым ауыл шаруаларының көбі алыпсатарлардың кесірінен табысының көптеген бөлігінен айырылып келді. Біздің міндетіміз – осы шаруа мен сатып алушының арасындағы делдалдық қызметті алып тастау. Мысалы, шаруа сүтін 50 теңгеден өткізсе, делдал оны қалаға әкеліп 200 теңгеден сатады. Сондықтан да фермер мен тұтынушыға бірдей пайдалы болу үшін арадағы делдалды құртуымыз керек.

Сонымен қатар, біз ауылдық округтердің базасын жасап жатырмыз. Ол жерде әрбір округте қанша сиыр, қанша қой, жылқы, қанша жер бар, және оның неше бөлігі суармалы, қаншасы жайылымдық жер деген сияқты санаттарда топтастырылған. Бұл инвесторлар үшін тиімді болмақ. Мәселен, инвестор белгілі бір ауылда отыз мың қой бар екенін оқып, жүн өндейтін цех ашуды жоспарлауы мүмкін. Яғни, өзіне қажетті нақты ақпаратты алады. Сондай-ақ ғалымдар жаңа бір тұқым, немесе техниканың озық үлгісін ойлап тауып жатады. Ал соны қолданысқа енгізіп, жүзеге асыру үшін қажетті шаруашылықты таппайды. Кейде фермерлер субсидия алу үшін олардың базасында ғылыми жетекші болуы тиіс. Бірақ сол ғалымды таба алмай жүретін кездер болады. Міне осындай еліміздің аграрлық саласындағы келеңсіз жайттарды оңтайландыру мақсатында білім-ғылым-бизнес интеграциясын жүзеге асырып, бірін-бірі табу үшін осындай база құрдық.

– Agrobiz.kz порталында қанша адам жұмыс істейді?

– Әзірге он екі қызметкер жұмыс істеуде. Біз бұл жерде Қазақстанның әрбір аймағын бөліп-бөліп қарастырамыз. Әр аймақтың өзінің жауапты маманы бар. Сол бойынша ақпарат жинап бір орталыққа біріктірудеміз.

– Тіркелген қожалықтардың телефон нөмірі ауысып, ақпарат ескіріп отыратын жағдайлар болады. Бұл жағын қалай реттейсіздер? Сондай-ақ, шалғайдағы шаруалар үшін бұл сайт қаншалықты қолжетімді?

– Сайтқа тіркелген әрбір фермер болсын, кәсіпорын болсын өзіне тиесілі пароль мен логинді қолданып жеке парақшасына кіреді. Дәл солай ақпаратты да өздері өзгертіп, жаңартып отырады. «Ауылдағы шаруалар интернет дегенді білмейді» деген жаңсақ пікір бар. Қазір қай ауылға барсаңыз да ғаламтор ақтарған фермерді көресіз. Жұмысын ілгері жылжытуды көздеген адам нені болса да игеріп алады. Және біз сайтты жасаған кезде тек бүгінгі күнді ғана есепке алып жасамадық. Алысқа көз жіберіп, фермерлердің жаңа толқыны өсіп келе жатқандығын ескеруіміз керек. Қазір қызметтің барлығы «онлайн» тәртібіне көшіп жатыр. Тіпті, қолыңдағы ұялы телефоныңсыз бір күніңді елестету мүмкін емес. Болашағымыз - осы ғаламтор нарығын игеруде. Дәл солай агросектор да - еліміздің болашағы. «Агросектор – экономиканың драйвері, IT – бизнестің драйвері». Біз осы екі болашақты бір арнаға тоғыстырып, қоғамның тамырын дөп баса білдік деп ойлаймын. Сондықтан да бұл бастаманың болашағы зор болатынына сенгім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу: