19.09.2025
18:18
422
Ауғанстан университеттерінде әйелдер жазған кітаптарды оқуға тыйым салынды

Ауғанстан университеттерінде әйелдер жазған кітаптарды оқуға тыйым салынды

Талибан үкіметі Ауғанстан университеттерінің бағдарламасынан әйелдер жазған кітаптарды алып тастап, сонымен қатар адам құқықтары мен жыныстық бопсалау тақырыптары қамтылатын 18 пәнді оқытуға тыйым салды. Бұл туралы BBC-ге сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

«Шариғатқа қарсы саясат пен Талибан саясатына қайшы» деп танылған барлығы 680 кітаптың шамамен 140-ын әйелдер жазған. Тыйым салынғандардың қатарында тіпті химиялық зертханалардағы қауіпсіздік техникасына арналған оқу құралдары да бар.

Талибанның ресми ұстанымына сәйкес, барлық шешімдер «ислам құқығы мен ауған мәдениетіне сай» қабылданады. Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай шешімдерді арнайы «діни ғалымдар мен сарапшылар комиссиясы» шығарады.

Ауғанстанның бұрынғы әділет министрінің орынбасары, бүгінде жазылған кітаптарына  тыйым салынған Закия Адели бұл шешімді алдын ала болжанған қадам деп атады.

Әйелдерді білім алу құқығынан айырған кезде, олардың көзқарастары мен еңбектері де шектеуге түсетіні анық. Бұл - тәліптердің соңғы жылдары үздіксіз жүргізіп келе жатқан әйелдерді елемеу саясатының жалғасы, – деді ол.