13.11.2025
09:12
681
«Ауғанстан немесе Сирия емеспіз ғой». Сарапшы «төрешілерді қорқытады» дегенге ашуланды

«Ауғанстан немесе Сирия емеспіз ғой». Сарапшы «төрешілерді қорқытады» дегенге ашуланды

15 қарашада Қазақстан құрамасы Бельгияны қабылдайды. Бұл ұлттық құрама үшін 2026 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу аясындағы соңғы ойын болмақ. Одан қалды ішкі біріншілік те аяқталды. Ал «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын жалғастыруда. Осы орайда еліміздің танымал футбол маманы Болат Есмағамбетовтен ұлттық құраманың қазіргі жағдайы мен чемпионаттағы өзгерістер жайлы пікірін сұрадық. Футбол ардагері құраманың дайындық деңгейі мен бас бапкердің тактикалық шешімдеріне қатысты да пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Шетелден төрешілер шақырта берудің қажеті жоқ»

El.kz: Жақында ғана Қазақстан Премьер-лигасының кезекті маусымы аяқталды. «Қайрат» чемпион атанды. Осыған байланысты «Астана» мен алматылық клуб арасындағы шиеленіс те көп айтылды. Маусымды жалпы қалай бағалар едіңіз? Көңіліңізден шықты ма?

– Шешуші ойында «Астана» мен «Қайрат» кездесті. Биылғы маусымда аса үлкен өзгеріс болған жоқ деп ойлаймын. «Астанаға» жеңіс керек болды, ал «Қайратқа» тең нәтиже де жеткілікті еді. Соңғы матч тең аяқталып, «Қайрат» чемпион атанды. «Астана» да чемпион болуға жақын еді. Өзіміз Алматыда тұрған соң, әрине, «Қайратқа» көбірек жанкүйерміз.

Бірақ чемпионат барысында түрлі әңгімелер айтылды. Әсіресе төрешілікке қатысты сын көп болды. Тіпті шетелдік төрешілерді шақырдық. Жалпы, чемпионатты барынша әділ өткізу керек қой. Меніңше, биылғы жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бәрі орынды.

El.kz: «Қайрат» пен «Астана» арасындағы матчқа шетелдік төреші шақыртылды. Бұл отандық төрешілердің деңгейіне қатысты күмәнді күшейтті деген пікір бар. Сіз не дейсіз?

– Мен бұл туралы бұған дейін де айтқанмын. Өз басым сырттан төреші шақырта берген дұрыс емес деп ойлаймын. Өз төрешілерімізді үйретіп, тәжірибесін арттыру керек. Жақсы мамандар бізде де бар. Бұл жолы тек эксперимент ретінде жасалды деп ойлаймын. Келесі жылы ондай тәжірибенің қажеті жоқ.

Әрине, көптеген мәселе бар. Бұған, бір жағынан, Қазақстан төрешілерінің өздері де кінәлі. Шетелден төреші шақыруға олардың жіберген қателіктері себеп болды. Егер өз төрешілерімізге талап қойып, «жұмысыңды дұрыс істемесең, орныңды босатасың» десе, онда олар да жауапкершілікпен қарайтын еді. Бізге ең алдымен өз мамандарымызды дайындау керек.

El.kz: Бірақ төрешілерге қысым көрсетіледі деген әңгіме жиі айтылады…

– Қысымнан қорқады дегенді қалай түсінуге болады? Сонда біреу оларды өлтіреміз деп қорқыта ма? Мен ондайға сенбеймін. Қазақстан Ауғанстан немесе Сирия емес қой. Еркін келіп, біреуді ата салатын ел емеспіз.

Меніңше, мәселе – біліктілікте. Басқа чемпионаттарда да төрешілер қателеседі, бірақ оларға ескерту беріледі, уақытша шеттетіледі. Бұл – қалыпты тәжірибе. Бізде де солай болуы керек. Ал қорқады деген әңгіме күлкілі. Ертең төрешіге футболшы айқайласа не балағат сөз айтса, соның өзінен қорқып алаңға шықпай қала ма? Мен ондай сылтауды түсіне алмайды екенмін.

«Оң өзгерістер байқадым»

El.kz: Ал маусымның ұйымдастырылу деңгейінде ілгерілеу байқала ма?

– Иә, біршама өзгеріс бар. Әсіресе трансляция сапасы жақсарды. Қазір ойындарды YouTube арқылы тікелей эфирден көруге болады. Бұрын кейбір матчтар мүлде көрсетілмейтін. Қазір орталық ойындар теледидардан беріледі.

Инфрақұрылым жағынан да оң өзгеріс байқалады. Жаңа стадиондар салынып жатыр. Бұл футболшылар үшін де қолайлы әрі қауіпсіз.

El.kz: «Елімай» алғаш рет еурокубокта бақ сынайды. Семейлік клубтың мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Иә, «Елімай» Конференция лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Бірақ олар дәл қазір еурокубокты емес, ішкі біріншіліктегі ойынын сапалы етуге көңіл бөлуі керек. Ең алдымен селекцияны күшейтіп, әр позицияға мықты ойыншылар алуы қажет. Еурокубокқа дейін уақыт бар. Алдымен ел чемпионатында жақсы өнер көрсетіп, содан кейін барып халықаралық деңгейді ойлауы жөн.

«Қайратқа» Чемпиондар лигасында жеңіс керек

El.kz: «Қайрат» жақында «Интермен» кездесіп, қарсылас қақпасына сенсациялық гол соқты. Жеңеді деген «Пафостың» өзімен тең ойнаған алматылық ұжымның ойыны түрленіп шығуына не әсер етті деп ойлайсыз

– «Пафоспен» ойынды көрдім. Ұтуға да болатын еді. Бірақ қарсыластың да мықты екенін ескерсек, тең нәтиже әділетті болды. «Пафос» осал команда емес. Жақында ғана өз алаңында Испанияның «Вильярреалын» 1:0 есебімен жеңді.

«Интерге» келсек, біздің жігіттер жақсы ойнады, аянып қалмады. Бірақ «Интер» менсінбей қараған секілді. Өйткені ол – Чемпиондар лигасының финалында ойнаған ұжым, Италияның ең мықты клубтарының бірі. Олар «Қайратты» жеңіл қарсылас санаған шығар. Дегенмен алматылықтар лайықты қарсылық көрсетті. Бірақ онымен шектеліп қалуға болмайды. Чемпиондар лигасында жеңіс те керек.

Қазір жеңіссіз жүрген төрт-бес команда бар, өкінішке қарай, біз де солардың қатарындамыз.

El.kz: Уразбахтин шәкірттерін әлі төрт матч күтіп тұр. Бұл кездесулерден не күтесіз?

– Қиындау болады. Себебі бізде чемпионат аяқталды, ал Еуропада біріншілік мамырға дейін жалғасады. Бұл ойын тонусының төмендеуіне әкеледі. Футболшы үнемі алаңда ойнағанда ғана бабында болады. Желтоқсан мен қаңтардағы матчтар бізге ауыр соғуы мүмкін.

El.kz: Алматылықтар келесі жылы да Чемпиондар лигасында ойнайды. Биылғы жетістігін қайталай ала ма?

– Келесі маусым қиындау болмақ. Чемпиондар лигасының форматы өзгереді, яғни Англия, Испания сияқты елдердің 5-6 орын алған клубтары да жарысқа қатысады. Егер іріктеу кезеңінде «Қайрат» сондай мықтылармен кездессе, қазіргі қарқынды сақтау қиын. Бірақ бұл – футбол. Ал футболда бәрі мүмкін. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ.

«Ұлттық құрамадан тең нәтиже күтеміз»

El.kz: Бірер күннен соң Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Бельгиямен кездеседі. Ойынға қандай болжам жасар едіңіз?

– Бельгия құрамасы топта бірінші орын алу үшін жеңіске ұмтылады. Олар рейтинг бойынша тым жоғарыда тұр. Қыркүйектегі матчта біздің жігіттерді 6:0 есебімен ұтқан еді. Өте мықты қарсылас, бірақ бұл жолы өз алаңымызда ойнаймыз. Оның үстіне, ешқандай қысым жоқ, сондықтан футболшыларымыз барын салып ойнайды деп сенемін. Әрине, жеңіске жету қиын, бірақ тең нәтиже тіркелсе, жақсы болар еді.

El.kz: Талғат Байсуфинов уақытша бас бапкер болып тағайындалғанына бір жарым ай болды. Бұл оның ұлттық құраманы үшінші рет басқаруы. Талғат Маруанұлының алғашқы қадамдарына қандай баға бересіз?

– Ол кісі келгеннен бері екі матч өткіздік. Екеуінде де тәуір ойын көрсеттік. Лихтенштейнді ойсырата жеңіп, Солтүстік Македониямен сырт алаңда тең түстік. Жігіттер жігермен ойнады. Демек, Байсуфинов командаға дұрыс сөз таба білген, сенім ұялата алған сияқты.

El.kz: Федерация шетелдік бапкер шақыруы мүмкін деген әңгіме бар. Сіз қалай ойлайсыз?

– Ол жағын нақты айта алмаймын. Шетелдік маман туралы айтылғанының бәрі әзірге тек сыбыс қана.

El.kz: Байсуфиновтың командада қалуы қаншалықты мүмкін деп ойлайсыз?

– Қазір оған мүмкіндік берілді. Бельгиямен және Фарер аралдарымен өтетін ойындардан кейін қорытынды шығарылуы мүмкін. Егер сол матчтардағы ойыны мен нәтижесі көңілден шықса, Байсуфиновтың құрамада қалуы әбден ықтимал.

El.kz: Жалпы, Қазақстан құрамасы Бельгиямен өтетін матчпен әлем чемпионатына іріктеу кезеңін аяқтайды. Осы іріктеу цикліндегі ұлттық құраманың ойыны туралы не айтар едіңіз? Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болар ма еді?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін құраманың бастапқы мақсаты қандай болғанын білу керек. Әлем чемпионатына шығуды мақсат етті ме, жоқ па – ол жағы белгісіз. Өйткені топта өте мықты қарсыластар болды. Әли Әлиев біраз уақыт басқарды, бірақ нәтиже болмаған соң жұмыстан кетті. Кез келген құрама жарысқа шыққанда алға мақсат қояды. Сол сияқты біз де қарсыластардың әлсіз тұстарын пайдаланып, барынша нәтиже көрсетуге тырыстық.

El.kz: Қазіргі құраммен бұдан жақсы өнер көрсетуге болар ма еді?

– Біз алға жылжып келеміз, бірақ басқалар да қарап отырған жоқ, олар да дамып жатыр. Біз жақындасақ, олар тағы бір саты жоғары көтеріліп кетеді. Сондықтан «бұлай істеуге болар еді, былай ойнауға болар еді» деу – жеңіл әңгіме. Футболда бәрі сәттілік пен сәтсіздікке байланысты.

El.kz: Талғат Маруаұлы сұхбатында «қорғаныста жатып алмаймыз, шабуылға ден қоямыз» деді. Яғни бұрын «лайықты ойын көрсетсек болды» деген көзқарастан арылып, енді жеңіске ұмтылуды мақсат етпек. Бұл шынайы жоспар ма?

– Егер Бельгиямен өтетін ойынға қатысты айтсақ, мұндай жоспарды іске асыру оңай емес. Өйткені қарсылас бізге қалаған ойынды көрсетуге мүмкіндік бере ме, жоқ па – ол басқа мәселе. Дегенмен өз алаңымызда ойнау – үлкен артықшылық.

Бас бапкердің жігіттерге мотивация беріп, рухтандырып жатқаны дұрыс. Соның арқасында соңғы екі матчта жақсы ойын өрнегін көрсеттік. Тағы бір жағымды фактор – футболшыларға қысым жоқ. «Міндетті түрде жеңу керек» деген талап тұрмаған соң, олар алаңда еркін көсілетін болады. Ал Бельгия өз кезегінде үш ұпайын алып, әрі қарай демалғысы келетін шығар. Оларға тең нәтиже де жарайды, себебі бәрібір әлем чемпионатына жолдама алады. Оның үстіне, бізбен ойнағаннан кейін Лихтенштейнмен кездеседі.

Өзбекстанмен жолдастық кездесу неге өтпеді?

El.kz: Бельгиядан кейін Қазақстан құрамасын Фарер аралдарымен жолдастық кездесу күтіп тұр. Бұл әлсіз қарсыласпен ойнау ұлттық құрамамызға не береді?

– Бұл УЕФА-ның талабы. Ұйым құрамаларға сондай тапсырма береді, яғни құрамалар міндетті түрде жолдастық кездесу өткізуі шарт, ал қарсыластар деңгейлес болуы керек.

El.kz: Себебі жылдың басында Өзбекстанмен жолдастық кездесу өткіземіз деген жоспар болған еді, кейін оның өтпейтіні белгілі болды. Шынында, мұндай матч жанкүйерлер үшін өте қызық болар еді...

– Мұндай ойындар федерациялар арасындағы келісім арқылы ұйымдастырылады. Бұған дейін құрамада Әлиев болды, кейін кадрлық өзгерістер орын алды. Бұл дұрыс па, бұрыс па деп нақты баға беру қиын. Сондықтан бәрі сол келісімнің қалай жасалғанына байланысты.

El.kz: Ұлттық құраманың немесе «Қайраттың» соңғы ойындарынан кейін біздің футболшыларға шетел клубтары қызығушылық танытты деген әңгімелер тарап жүр. Қазіргі құрамнан кімдердің кетуі мүмкін?

– Мен өзім де футболшы болдым, кейін бас бапкер қызметін атқардым. Мұның бәрі футболшының алаңдағы ойынына тікелей байланысты. Еурокубоктарда өнер көрсету — басқа елдердің чемпионаттарына жол ашатын үлкен мүмкіндік. Қазір «Қайрат» ойыншылары дәл осындай кезеңде тұр. Олар «Интерге» қарсы ойнады, алда «Арсеналмен» матч бар. Әрбір клубта белгілі бір позиция бос тұрады, сол жерге лайықты ойыншы іздейді. Мысалы, егер Тапалов оң қапталда жақсы ойынымен көзге түссе, бір клуб оны өз тізіміне белгілеп қоюы әбден мүмкін.

Дастан Сәтбаев «Челсиге» ауысады деген әңгіме бар, бірақ басқалары туралы нақты айту қиын. Бұл бәрінен бұрын футболшылардың өздеріне байланысты. Мен олардың үздік бес чемпионатқа кетеді деп ойламаймын, бірақ Түркия, Нидерланд сияқты лигаларда өнер көрсетуге толық мүмкіндік бар.